Basty bet
Әділетті Қазақстанды құру – бәрімізге үлкен сын
Алда үлкен саяси науқан. Жалпы ел өміріндегі маңызды саяси науқан – Президент сайлауы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», – деп атап өтті.
Әділетті Қазақстанды құру, жаңа Қазақстанның бүгіні мен ертеңі – ең алдымен елге басшылық жасайтын Президентке тікелей байланысты екені даусыз. Содан соң халықтың ынтымақ-бірлігіне байланысты мәселелер көп. Дана халқымыз «Керуенбасы білікті болса, көш азбайды» дейді. Сондықтан елде әділеттілік орнату, болашаққа бет алған жасампаз елдің көшін аздырмау, бұрынғы биліктің тұсында кеткен кемшіліктер мен олқылықтарды орнына келтіру үлкен жұмыс. Ол Президенттен жоғары білім-білікпен қатар, қажырлы күш-қайратты да қажет етеді. Атап айтсам, әділеттілікті орнату – барлық салаларға қатысты мәселе дер едім.
Ауданда ұзақ жыл қызмет істеп, өңірдің дамуына еңбек сіңірген тәжірибелі азамат ретінде айтарым, бұрынғы кеңестік кезеңде кадрларды білім-білігіне қарай сатылап өсіретін. Қатардағы жұмысшыдан бастап, басшылық қызметке дейінгі қызмет сатысы осылай болатын. Қазір шынайы өмірді көрмеген, қиындықты сезініп, қызметте тәжірибесі жоқ азаматтар түрлі салаларда басшылық қызметтерде отыр. Ал олар сол саладағы қордаланған күрделі мәселелерді оңтайлы шеше ала ма?! Мәселе осыда жатыр. Біз кадр даярлау ісіне мықтап көңіл бөлуді жедел қолға алуымыз қажет. Онсыз елімізде даму болмайды. Іс тетігін шеше алатын білікті мамандар әділетті мемлекетті құруда бізге қазір ауадай қажет.
Халыққа ең керегі – тұрақты жұмыс. Тұрақты жұмысы бар адамның бір жағынан көңілі де тоқ. Одан соң күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері қажет. Қазір азық-түлік нарығында бағаның шарықтауы рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бұдан көбінесе табысы аз, қалтасы жұқа қарапайым халық зардап шегуде. Бұл жағдай төмен айлық жалақы алатын қызметкерлер және зейнеткерлерге өте қиын. Бұл ретте жалақыны көбейту және зейнетақының базалық мөлшерлемесін қайта қарау кезек күттірмейтін мәселе.
Міне, осындай жайттар аға буын ретінде бізді алаңдатпай қоймайды. Еліміздің ертеңі, жас ұрпақтың келешегі әрине бізді қатты толғандырады. Алдағы Президент сайлауынан тың серпіліс пен жаңаша леп күтетініміз анық. Елдің басшылығына келетін азаматтың әділетті, халыққа жаны ашитын, жан-жақты басшы болғанын қалаймыз. Алда өтетін сайлаудың әділ өтетініне де бек сенімдімін. Бұл туралы Президент халыққа арнаған Жолдауында айтты. Ел болашағының жарқын боларына да зор сенімім бар.
Әділетті, жаңа Қазақстанды құру – бәрімізге үлкен сын. Алдымызда халық боп атқаруға тиісті қадау-қадау міндеттер тұр. Өйткені, қазір біз ел өміріндегі «өліара» кезеңді бастан кешіріп жатырмыз. Бұл бір жағынан халыққа қиын болғанымен, екінші жағынан алып қарағанда, үлкен мүмкіндік. Жіберген қателіктеріміз бен кем-кетіктерімізді де түзетіп алуға мүмкіндік туып отыр. Былайша айтқанда, ақ пен қараның алмасқан кезеңінде тұрмыз. Ел өміріндегі толғанысқа толы аса жауапты кезеңде барлық Отандастарыма мызғымас бірлік тілей отырып, сайлау кезінде болашақ Президенттің кандидатурасына дұрыс таңдау жасауына тілектес азамат екенімді аудандық басылым арқылы жеткізгім келеді.
Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл – өмір шындығы. Бізге жетпейтіні – бірлік пен ынтымақ. Алауыздықтан гөрі ауызбіршілік бізге ауадай қажет. Ынтымағымызды ыдыратпай, осындай жауапты кезеңде әлем елдерінің алдында өркениетті әрі бірлікті ел екенімізді дәлелдейтін кез жетті. Барлығыңызға амандық-саулық тілеймін!
Кемелбек ДӘУРЕНОВ,
Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы