Basty bet

Алты қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана

Анасын ардақтамайтын, сыйламайтын, жақсы көрмейтін адам баласы бұл жалғанда жоқ шығар. Болуы да мүмкін емес. Перзент үшін ананың жөні бөлек, құрметі де ерекше. Ана тақырыбына келгенде жүрек елжіремей, көңіл босамай тұрмайды. Қазақ халқымыз «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды», «Анасыз өмір – сөнген көмір», «Ағайын – алтау, Ана – біреу», т.б. сынды тәрбиелік мәнге толы мақал-мәтелдер айтып, ананың ерекше орнын анық көрсете білген. «Менің анам» айдарының бұл жолғы кейіпкері, көпбалалы ана Бақыт Жолсейітова жайлы ортаншы қызы Динара Сәрсекова ой толғамақ.
Бақыт Жолсейітова 1954 жылы Қайрат ауылында туған. Жамбыл политехникалық жоғары колледжін бухгалтер мамандығымен тамамдаған. Белгілі бір уақытқа дейін бухгалтер болып жұмыс істеп, тұрмыс құрған соң, №2 Мыңбұлақ орта мектебіне тазалықшы болып жұмысқа орналасады.
Бақыт апай жуалылық азамат Алхозур Өтешовпен 1979 жылы отау құрған. 45 жыл ішінде алты қызды дүниеге алып келіп, тәрбиелеп, барлығын құтты орындарына қондырып, ата-аналық парызын абыроймен өтеді десек, артық айтпаймыз.
Қызы Динараның айтуынша, анасы кең пейілді, ақжарқын, қонақжай кісі. Бәрінен де туған-туыс, абысын-абыжынмен, көрші-қолаңмен араласу әдебі ерекше. Қазіргі таңда балалары мен немерелерінің ортасында айтулы жасқа келіп, Көлбастау ауылындағы сыйлы, қазыналы қария әжелердің бірі. Қыздарын еңбекқорлыққа, шыншылдыққа баулып, әлі күнге дейін біреудің ала жібін аттамауды әркез айтып отыратын көрінеді. 70 жасқа келсе де бау-бақша егумен айналысқанды, ауласына гүлдердің түр-түрін алып келіп, отырғызып, оларға күтім жасауды жаны сүйеді. Үйінің іші де гүлге толы. Әйел баласы сұлулыққа, әсемдікке жаны құмар болатыны рас. «Әу» демейтін қазақ жоқ демекші, арасында ән де айтатын өнері бар екен.
Құдай берген Жанна, Венера, Эльмира, Динара, Айнұр, Ұлбике есімді алты қызды дүниеге алып келген көпбалалы, алтын құрсақты аяулы аналардың бірі. Бүгінде қыздарынан 15 немере сүйіп отырған бақытты әже. Парасат-пайымы кең, мінезге бай, ойласа – ойдың төрінен, сөйлесе – сөздің өрінен көрінер Бақыт апай биыл мерейлі жетпісінші күзін аман-есен қарсы алып отыр.
«Ана – қыз баласы үшін ең жақын құрбы. Біз үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығын қашан да құрбан етуге дайын болған жан. Көпбалалы отбасы болсақ та, бізге лайықты тәрбие беріп, ауырып жатсақ емін іздеп, жазатын, әрқашан қолдау білдіріп, жанымыздан табылып келеді. Ол кісінің өтірік көлгірсуді білмейтін тік мінезі бар. Осы жақсы қасиеті бізге де үлгі. Ойы биік, сөзі де, ісі де ірі. «Мен жіберген қателіктерге бой ұрмаңдар, мен жасай алмаған дүниені жасаңдар» деп өмірінен шағын үзіктерді баяндап, ұзақ сыр шертетіні бар. Ажырықты шөл даланы гүлге айналдыратын шаруа қожалығын, жоқтан барды жасап, аз нәрседен бал татыған ас әзірлейтін аспаздығын мақтан етеміз.
Асқар тау әкеміз жайлы да айта кетпеске болмас. Әкеміз аудан орталығындағы тоқыма фабрикасында жұмыс істеп, кейін көлік жүргізуші болып еңбек етті. Ол кісі зейнеткер, нағыз еңбекқор, көпшіл кісі. Әлі күнге шейін тыным таппай, үйдің азды-көпті шаруаларын істеп жүреді. Өзі газет-журнал оқығанға әуес. Ауылда болып жатқан жаңалықтардан бізді үнемі хабардар етіп отырады» – дейді Д.Сәрсекова.
«Айтып өткендей, анам еңбекқор әрі талапшыл кісі. Біздің жай, қол қусырып қарап отырғанымызды ұнатпайтын. Есіктен кіріп келгенде тыпырлап, бірдеңе істеп жатушы едік. Тазалықты сүйетін, кішкентайымыздан бізге жауапкершілікті мойнымызға алуды үйретті. Жұмыстан келгенше алтауымызға алты түрлі тірлік істеу міндеттелетін. Біріміз үй жинап, тамақ істеп, енді біріміз бақшаны суарып, арамшөптерден тазартып, істелу керек жұмыстың барлығын дәл уақытында орындайтынбыз. Әлі есімде, анам жұмыста болатын. Ол келгенше ауланы сыпырып, тазалап қою менің міндетім еді. Мен ұмытып кетіп, беймарал ұйықтап жатқан болсам керек.
Сіңілім Айнұр: «Анамыз көшенің басында келе жатыр, ал сен әлі ауланы тазаламапсың ғой» дегенде атып тұрып, әпке-сіңлілерім барлығымыз су сеуіп, сыпырып, тазалап үлгергенбіз. Қазір соны күліп, еске аламыз. Сол қаталдығы мен тәрбиесінің арқасында тазалыққа жақын болып, кез келген жұмысты талғамай істей береміз.
Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның бізге сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, әкем екеуі бақытты да, баянды ғұмыр кешулерін тілейміз!» деді қызы Динара Алхозурқызы.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close