Basty bet

“Әйел бейнесі – қоғам бейнесі”

Аудандық мәдениет үйінің кіші залында “Әйел бейнесі – қоғам бейнесі” тақырыбында аудандық әйелдер форумы өтті.

Еркін форматта өткен форумды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова жүргізіп отырды.
Алғы сөз аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрила Мәлібековаға берілді. Н.Едіханқызы “Іскер әйелдер” қоғамдық бірлестігінің мақсаты мен міндеттері туралы айта келіп, аудандық кеңестің үстіміздегі жылы атқарған жұмыстарына тоқталды.
-Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы қызмет саласы мен әлеуметтік бағытына қарамастан әйелдің мәртебесі мен имиджін көтеру мақсатында құрылған алғашқы үкіметтік емес ұйым.
Кеңестің міндеті – іскерлік ортада белсенділігін арттыру мақсатында әйелдерді бір одаққа біріктіру, қыз-келіншектерді кәсіпкерлікке тарту.
Іскер әйелдер қауымдастығының аудандық филиалында 15 мүше бар,- дей келіп, Н.Мәлібекова қауымдастықтың белсенді мүшелері туралы айтты.
Анар Садыққызы Н.Едіханқызына Іскер әйелдер қауымдастығының құрамын ауыл-ауылдағы іскер, еңбекқор, үлгілі әйел-аналармен толықтыруды тапсырды.
-Желтоқсан айының соңына қарай кең көлемде әйелдер форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл форумға үлкен дайындық керек.
Қоғамда әйел-анаға байланысты мәселе көп. Біз кемшілікті жасырмауымыз керек. Кемшілікті қанша жасырғанымызбен, ол бәрі бір алдымыздан шығып тұрады. Сондықтан кемшілікті түзету үшін жұмыс істеуіміз керек,- деді А.Ахметова. -Ұйымдастырылған іске сыншы көп. Сын айту оңай, сынмен бірігіп жұмыс істеу қиын.
Заман талабына сай қазір әр ауылда whatsapp желісінде чаттар ашылды. Өкінішке қарай, осы чаттарда жап-жас келіншектер біреуді оңды-солды қаралап түрлі былапыт сөздер айтып жатады. Осындайда осыларды тезге салатын өмірді көрген үлкендеріміз, аналармыз қайда деп қынжыламыз.
Қазір өз ісін дөңгелеткен кәсіпкерлер мен басшыларға күйе жағатын адамдар көп. Кейде әкімшілікке келіп, талап-тілегін айтып, жәй емес бетбақтықпен айқайға басып ер азаматтардың төсіне шауып жататын әйелдер болады. Олар онысына қымсынбайды, қайта мақтан тұтады. Бұл – мақтан емес, бұл – ұят, барып тұрған арсыздық.
“Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді”. Әйел – ұл-қызының ғана емес, ұлттың тәрбиешісі. Сондықтан біз қыздардың, әйел-аналардың тәрбиесіне қатты мән беруіміз керек. Айналамыздан келеңсіздікті байқағанда үндемей өтіп кетуге болмайды. Немқұрайдылық біздің түбімізге жетеді. Мен айтқанмен ештеңе өзгермейді. Мен адал жасағанмен, басқалар олай жасамайды деген түсініктен аулақ болу керек. “Бұл кемшілікті мен түзеуім керек!” деген ұстаным әрқайсысымызда болу керек. Себебі, біз әрқайсымыз өмір сүріп жатқан қоғамға жауаптымыз.
Бала, жас ұрпақ тәрбиесіне ата-ана да, мұғалім де жауапты. Алайда ең бірінші бала ата-анаға Алланың берген аманаты. Сондықтан бірінші жауапкершілік ата-анада. Сол себептен жауапкершіліктен қашу қиындықтан құтқармайды. Өзіміздің міндетімізді үлкен жауапкершілікпен, адал атқаратын болсақ, әрбіріміз жақсылықтың ұйытқысы бола білсек, ол бірінші өзімізге, ұрпағымызға жасаған жақсылық екенін ұмытпайық,- деді Анар Садыққызы.
Сөз кезегін алған Н.Қаттебекова әрбір ісімізді отбасы құндылықтарын, адами құндылықтарды дәріптеуге құрсақ деген ой-пікірімен бөлісті.
-Мәселен, ауылдардағы мәдениет ошақтарындағы үйірмеге шақырған балаларға тек өнерді ғана емес, оларға амандасудың мәнін, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, сабырлылық сынды құндылықтарды баланың табиғатына сай дүниелермен үйретіп, баланың жүрегіне жол тапсақ, жұмысымыз пайдалы әрі нәтижелі болар еді,- деді Н.Тұранқызы. Шын мәнінде болмашы, қарапайым болып көрінгенімен айтылған мәселелердің ұрпақ тәрбиесіне берері мол.
Ал, аудандық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Айгүл Омарова мен мүшесі Жаңаш Серғазина кеңестің жұмысы және ұрпақ тәрбиесінде ескерер өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
“Қызғалдақ” ән-би ансамблінің әншісі Мадина Свамбаева ән айтып, көпшілікке көңіл күй сыйласа, Гүлнар Қашкеева Қалқаман Сариннің “Жақсылық жасасаң…” өлеңін оқып, форумның мазмұнын аша түсті.
Форум соңынан А.Ахметова ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ түрлі кәсіп иелерін аудан әкімінің Дипломымен марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close