Basty bet
Дәстүрлі киім үлгілері насихатталды
Жақында “Көне Тараз этно-мәдени кешенінің” көрме залында Қазақстан колледждері арасында”Нео-фольклор” стиліндегі ұлттық киім дизайнерлері байқауы өтті. Байқауды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, қазақстандық қоғамдық даму институты, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, “Асыл-Дизайн” сән және ассортимент ғылыми-өндірістік орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – ұлттық киім дәстүрін сақтау және оны қазіргі заманғы жағдайларға бейімдеу, қазіргі заманғы сән үрдістерімен үйлестіре отырып, дәстүрлі ұлттық киімдердің бірегей құндылықтарына, оның этностық өзіндік ерекшелігі мен алуан түрлілігіне назар аудару.
Жалпы байқауға еліміздегі колледждердің “Киім дизайны” және “Тігін өндірісі және киімді үлгілеу” мамандықтары бойынша білім алушылары қатысты.
– «Аспара» колледжінің ұйытқы болуымен “Aspara Fashion Week” сән апталығы өтті. Онда еліміздің түкпір-түкпіріндегі 45 колледждің студенттері өз киім үлгілерін ұсынды. Біздің аудандағы №16 Жуалы колледжінің студенті, шәкіртім Салтанат Тілеуберді де байқауға қатысып, аз-кем тәжірибе жинақтады. Арнайы пән оқытушысы ретінде де бір апталық сән көрсетілімнен үйренеріміз көп болды.
“Нео-фольклор” – көшпенділердің дәстүрлі киім үлгісі мен қазіргі заманғы сән үрдістерінің синтезі болып табылады. Бұл – заман рухына бөленген ұлттық киім. Нео-фольклор – бұл Шығыс философиясы және Еуропамен тәжірибе алмасу арасындағы нәзік тепе-теңдік. Міне, осындай үйлесімділікті Асыл-Дизайн” сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев жасап, көп жылдар бойы нео-фольклор стилін және көшпенділер киім үлгісінің көпғасырлық дәстүрлерін заманауи әлемдік сәнге қайта жаңғыртып, жасауда және енгізуде.
Аталған байқауда өзге елден келген дизайнерлердің кеңестерін тыңдап, жаңа, тың идеяларға қанық болдық. Ең бастысы, біздің ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, насихатталды. Жастардың бойына патриоттық сезімді ұялатумен қатар, ұлттық киімдерге деген құрметті қалыптастыруға септігін тигізді. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды заманауи киім үлгісімен үйлесімді байланыстыра алатынымызға көзіміз тағы да жетті.
Біз байқаудың шарты бойынша бес киім үлгісін апарып, оны сән көрсетіліміне шығардық. Өзге дизайнерлердің де ұлттық киімді бір-бірімен үйлесім тапқызып, әдемі әрі сәнді киім тіккенінің куәсі болдық. Жалпы мұндай маңызы зор шараға қатысып, бақ сынау біз үшін үлкен мәртебе,- дейді №16 Жуалы колледжінің арнайы пән оқытушысы Құрбанкүл Аймаханова.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»