Basty bet
Шағын ауылдың шырайын кіргізген “шаңырақ”
Ауданға қарасты аядай ғана Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында кәсіпкерліктің түр-түрі дамыған десе, сенесіз бе?! Бұл ауыл ежелден саудагерлер ауылы деп аталған. Мал саудасы, қазақтың ұлттық сусыны қымыз саудасымен кең танылған.
Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңдерінде бір ғана дүкен бар болса, қазіргі таңда бір киім дүкені, бес азық-түлік дүкені халық игілігі үшін сапалы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар ауылда ірі шаруа қожалықтар да жетерлік. Барлығы да өз кәсіптерін өрге домалатып отыр. Мұның өзі бұл ауылда еңкейген қарт пен еңбектеген балаға дейін еңбекқор екендігінің дәлелі болса керек.
“Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!” демекші, ауыл халқы үшін бағасы қолжетімді азық-түлік дүкендерінің көптігі көңіл қуантарлық жайт.
Жақында ғана ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұрқасым Дербісәлиев ауылдың кіреберісінен екі қабатты бизнес кешенін ашты. Бизнес кешенінің атауы «Шаңырақ» деп аталады. Бұлай деп аталуының да өзіндік себебі бар. Шаңырағымыз биік болып, кәсібіміздің тасы өрге домаласын деп ырымдағаны ғой.
Айта кету керек, Нұрқасым Қалмаханұлы ауылдағы №28 Амангелді атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет етіп келе жатқанына 18 жылдай уақыт болған. Қазіргі таңда аталған мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді.
Өмір жолын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз бүгінде кәсіпкерлікке мықтап ден қойған. Өз қаражаты негізінде бизнес кешенін ашып, жұмысын бастап кетті.
Бұл бизнес кешенінің екінші қабатында сұлулық салоны, ерлер шаштаразы өз ісін жүргізіп отырса, бірінші қабатта азық-түлік дүкені орналасқан. Одан бөлек, ағымдағы жылдың 13 қаңтарынан бастап ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша ағылшын тілін үйрететін ақылы курс ашуды да жоспарлап отыр. Онда ағылшын тілінен білікті маман оқушыларға дәріс беретін болады. Сондай-ақ, оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлайтын білім орталығын және оқушылардың бос уақытында айналысатын заман талабына сай спорт клубын ашуды да жоспарға қойған.
Бір қызығы, бұл кәсіппен Нұрқасым Дербісәлиевтің отбасы мүшелері толық қамтылған. Бұлай деуіміздің себебі – ерлер шаштаразында кәсіпкердің үлкен ұлы Нұрбақыт жұмыс істесе, сұлулық салонында үлкен қызы Қазына ауыл қыз-келіншектерінің тырнағын әрлеп, шашын сәндеу жұмыстарын жүргізеді. Екеуі де Тараз қаласындағы арнайы курстарға қатысып, сертификаттарын иеленген.
Ал, кіші қызы Бірханым және ұлы Нұрислам дүкен ісіне қолғабыс етуде. Ұл-қыздары ауылдағы мектепте 11-10-7-2 сыныптарда оқиды. Барлығы сабақта үздік, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады.
Кәсіпкердің жары Сандуғаш Дербісәлиева ауылдық кітапхананың меңгерушісі болып қызмет атқарады. Ерлі-зайыптылар негізгі жұмыстарынан қолы қалт еткенде дүкен ісіне кіріседі. Дүкенге қажетті азық-түліктерді сапалы әрі қолжетімді бағада Шымкент, Тараз қалаларынан алып келеді. Ауыл тұрғындарының жағдайына қарай айлық жалақыға, зейнетақыға дейін деп қарызға береді.
Еңбекқор жанның алға қойған жоспарлары баршылық, бірақ мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса нұр үстіне нұр болатынын айтады кәсіпкер.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау керектігін баса назарға алды. Ел Президенті «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде ғана бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап», деген болатын.
“Кім тәуекел етпейді, сол мақсатына жетпейді”, деген қанатты сөз бар дана халқымызда. Сол секілді отбасымның қолдауымен тәуекелге бел буып, осы кәсіпті бастауды жөн көрдік. Алдымен ауылға қандай кәсіп керек деп жан-жақты ойландық. Не керек екенін түсінген бойда осы кәсіпті жолға қойдық. Әрине, жалғыздың үні шықпайтыны белгілі. Сондықтан да маған, үйдегі 81 жастағы анам Аманкүл, жарым Сандуғаш және ұл-қыздарым қолдау көрсетіп келеді. Жанашырларыма айтар алғысым шексіз.
Ұл-қыздарымды да арнайы курстардан өткіздім. Бүгінде ауыл тұрғындарының үлкені де, кішісі де шаштаразға келіп шаштарын қидырады, ал, қыз-келіншектер шаш, тырнақ әрлетеді.
Өзіңізге белгілі, ауыл тұрғындарының жартысынан көбі моншаға түсу үшін көлік жалдап аудан орталығына қарай сабылады. Одан бөлек, жаздың күндері ауыл балалары бассейінде шомылу үшін де ауданға, одан қала берді қалаларға барады. Міне, осы мәселелерді назарға ала отырып ерте көктемде ауыл тұрғындарының игілігі үшін монша, бассейн, көлік жуу, көлік жөндеу орталықтарының құрылысын бастауды жоспарлап отырмын, – дейді Нұрқасым Қалмаханұлы.
Иә, ауылда бола тұра кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, ебін тауып, өрге домалатып отырған мұндай еңбекқор жандарды көргенде көңіліңе қуаныш ұялайтыны анық.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»