Basty bet
Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі
Қазақтың қолөнері ұлттық мәдениетіміздің маңызды бөлігі екені мәлім. Себебі, қолөнер ұлттың ұлылығын айшықтап, тамыры терең тарихтан сыр шертіп, қазақы қалпымыздың даралығын айқындай түседі.
Біздің кейіпкеріміз №1 Балалар өнер мектебінде 2015 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан қолөнерші Бағдат Тұрсынқұлова. Қазіргі таңда осы мектепте қолөнер үйірмесінен сабақ береді. Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы «Киімді үлгілеу және құрастыру». Бүгінде ол қолөнердің қыр сырын меңгеріп жүр.
Қолөнер үйірмесінен сабақ беретін ұстаздардың қызметі ерекше. Балаларды еңбекке баулып, тағылымды тәрбиені бойына сіңіріп, шәкірттердің арасынан суретші, қолөнерші шығару. Бойында талабы, өнерге деген ынтасы бар оқушылар осында білім алып, ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеруде.
– Қашанда аудан мерейін тасытатын, рухани құндылықтарымызды дәріптейтін келер ұрпаққа сенім мол. Кеше жасаған дүнием сол күні мінсіз болып көрінгенмен, уақыт өте келе суреттерін қарасам біраз кемшілігін байқаймын. Бұл менің күннен-күнге жаңа да жақсы нəрселерді үйреніп, ілгерілеуімнің дəлелі шығар,- дейді Бағдат Саржанқызы
Жалпы бала кезден өнерге жақын болған қолөнерші негізінен қыздардың сәукелесі мен балалар сөмкесін тігеді. Қылқаламмен сурет салатын өнерден де құралақан емес. Сонымен қатар түрлі қоржындар, тойбастар бұйымдарын жасап, түрлі тақырыптағы мерекелік кештердің сәнін келтіріп, өтетін орнын әсемдеуді де кәсіп көзіне айналдырған.
«Барлығын өз бетіммен жасап үйрендім. Жасап көрген дүнием болмаса да, «көз қорқақ, қол батыр» демекші, қорқақтыққа салынбай жасай беремін. Жасау барысында балаларға үйретіп, білмегенімді толықтырып отырамын. Менде шыны керек, қазіргі заманауи құралдар да жоқ, арнайы лазерлермен емес, қарапайым қайшымен қиып, принтер қолданбай, қолмен суретін салып аламын. Менің қолданатын материалдарым – фетр, фоамиран, түрлі әшекей тастар, жиектемелер (тесьма). Барлық материалдарды Тараз қаласынан алып келемін. Жасаған бұйымдарымның ішінде ерекше көзге түсетіні қазақ қыздарының сұлулығын паш ететін бас киімдерінің бірі – сәукеле. Дөңгелек бас киім төбе жағына қарай жіңішкере беретіндіктен оның диаметрі мен биіктігін анықтап аламын. Соған сәйкес қағаз бетіне пішінін түсіремін. Оны қиып, мата бетіне орналастырып, жиегіне 1 см қалдырып, қарандашпен сызып, сол сызық бойынша қиып аламын. Қиылған матаның теріс жағынан көктеп тігемін. Әрі қарай түрлі әшекейлермен сәндеп, шашақтармен көмкеріп, жоғары жағына үкі тағылады. Сәукеле жасар кезде көп үлгілерді қарап шығып, әрі қарай өз қиялымды қосамын»,-дейді ол.
Көз майын тауысып атқаратын шығармашылық еңбектің өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Қаншама маңдай тер мен төзімнің арқасында жасаған дүниесін балаларға үйретіп, ата-анасының көңілінен шығып жатса, алғысын алса, еңбектің нағыз жемісі сол деп біледі шебер.
-Бұл жұмыс хабары жоқ адамға оңай көрінер, бәлкім. Бірақ «инемен құдық қазғандай» десем, сенесіздер ме?! Бір өнімнің шығуына, оны балаға үйретуге, баланы қолөнерге шыңдауға қаншама уақыт және шыдам қажет,- дейді Бағдат Саржанқызы.
Шебер алдағы уақытта тәжірибесін арттырып, бұдан да керемет бұйымдарды балаларға жасағысы келетінін де тілге тиек етті.
Ойы ұшқыр, көңілі сергек қолөнер жанашырының арман-тілегі де көп. Соның бірі – болашақта қолөнерді кәсіп көзіне айналдыру.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»