Basty bet
Арнайы белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған тұрғындарға айыппұл салынады
Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте мемлекеттік сатып алу конкурсының өткізілу барысы мен көктемгі санитарлық тазалық және абаттандыру екі айлығы аясында атқарылған жұмыстар туралы мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаевтың баяндамасы тыңдалды.
ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы №1127 «Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелерін анықтау туралы» бұйрығына сәйкес, сатып алулар бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға берілуі қажет.
Аталған бөлім аудан әкімінің 2023 жылдың 11 сәуірдегі №76 қаулысына сәйкес, аудандық бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы болып табылады.
Баяндамашының айтуынша, ағымдағы жылдың І тоқсанында аудан бойынша бірыңғай ұйымдастырушы тарапынан жалпы 86 конкурс жарияланған. Оның ішінде 64 ашық конкурс, рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып 18 конкурс, ерекше тәртіпті пайдалана отырып 1 конкурс және негіздемелік келісімді пайдалана отырып 3 конкурс өткізілген. Атап айтқанда, орта жөндеу жұмыстары бойынша 41 ашық конкурс, қызметтерді сатып алу бойынша 44 конкурс, тауар сатып алу бойынша 1 конкурс.
-Қазіргі таңда орта жөндеу бойынша 35 жобаның мердігерлері анықталған. (Келісім-шартқа Шақпақ, Нұрлыкент және Қызыларық ауылдық округтері отырған).
Ал, 6 жоба бойынша 1 өнім беруші қатысуына байланысты мердігерлері анықталмады, 1 жоба бойынша ашық кункурс тоқтатылған.
15.03.2024 жылы мердігерлері анықталмаған 6 жобаға қайта ашық конкурс жарияланды. (3 жоба бойынша ашық конкурс 05.04.2024 жылы, қалған 3 жоба бойынша 20.04.2024 жылы конкурс аяқталады),- деді Н.Сауырбаев.
Баяндамашы сонымен бірге ҚР “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңының 31-1-бабының 1-тармағына сәйкес, негіздемелік келісім пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесіне жататын қызметтер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы биыл электр энергиясы бәсекелестік ортаны дамыту мақсатында, яғни монополистерді тәртіпке келтіру мақсатында бәсекелістік ортаға берілгенін айта келіп, басқа да қызмет түрлері бойынша ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларын жұмыс барысында заңбұзушылықтарға жол бермеуге шақырды. Сонымен бірге жанар- жағармайға әр ауылдық округте әртүрлі қаражат қаралғанын айта келіп, мемлекеттік жоспарлау саясатындағы жұмысшы орган аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысына осындай мәселелерге мониторниг жасап, әдістемелік көмек көрсетіп, жүйелі бақылауда ұстауды ескертті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жол-көлік және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевтың баяндамасы тыңдалды. Бөлім басшысының баяндамасына көңілі толмаған аудан басшысы атқарылған жұмыс сарапталып, сапасы, нәтижесі айтылуы керектігін ескертті. Аппарат қызметкерлері екі айлық бойынша ауылдық округтерге жүргізген зерделеу жұмысы барысында анықталған кемшіліктер бойынша түсірілген фотоларды бір қарап шығып, орындауға округ әкімдеріне бір апта уақыт берді. Сонымен бірге ауыл әкімдеріне тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындарын жұмылдыруды, полиция бөлімінің өкіліне арнайы белгіленбеген жерлерге қоқыс тастаған тұрғындарды тәртіпке шақыру мақсатында айыппұл салуды тапсырды. Басшыларда жұмысқа деген жанашырлық болмай, іс алға баспайтынын ескертті.
Аудан әкімінің салаға қатысты орынбасары Асхат Жабағы ауданымызға биыл қыста қар мөлшерден көп түсуіне және алда жауынды күндер күтілуіне байланысты, ауыл әкімдерін арықтарды, сай-саланы, көпірлерді тездетіп тазалап, жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға шақырды.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы науқандық жұмыс кезінде әр күннің маңызды екенін айта келіп, бір күн кешіккен бір жұмыс басқа жұмысқа да кері әсерін тигізетінін ескертті.
-Әріптестер, мемлекеттік қызметшілер жұмысқа жанашырлықпен және жауапкершілікпен қарамай, мемлекет дамымайды. Мемлекеттік басқару жүйесін біз түземесек, ешкім түземейді.
Көктемгі екі айлықтың қорытындысына байланысты орын алған кемшіліктер бойынша тиісті басшыларға шара қолданылатын болады,- деді аудан басшысы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»