Basty bet

Аграрлық саланың әлеуетіне қанықты

Жиырма жетінші қаңтар күні Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудандық әкімдікте жиналыс өткізді.

Жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза 2022 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстармен қатар, өңірдің 2025 жылға дейінгі даму жоспарына да тоқталды.
-Ауданның жалпы өңірлік өнімі 2022 жылы 83 миллиард 938,2 миллион теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда (63 млрд. 307,3 млн.теңге) 24,5%-ға артық орындалды. Өнеркәсіп саласында 14 миллиард 695,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2%-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 55 млрд 904,8 млн теңге (оның ішінде: егін шаруашылығы 31 млрд 634,3 млн.теңге, мал шаруашылығы 24 млрд 268,4 млн.теңге) немесе 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, нақты көлем индексі 107,5 %. Жылдық жоспар 45 млрд 399,9 млн теңге, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі жоспардан 18,7%-ға артық орындалған.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 9 млрд 395,5 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 114,9%-ға жеткізілді. Есепті кезеңде бөлшек сауда айналымы 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 3 млрд. 792 млн. теңгені құрап, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,3% құрады.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша ұсынылған жобалардан аудан бойынша барлығы 9 жобаны жүзеге асыруға 1 млрд 114,6 млн теңгеге өңірде біршама жоспарлы жұмыстар атқарылды. Оның ішінде, үш орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілсе, екі ауылда дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Одан бөлек, мәдениет нысанының құрылысына (нысан 2023 жылға өтпелі), Б.Момышұлы ауылындағы спорт-сауықтыру кешенінің құрылысына және жолдарды орта жөндеуге қомақты қаражаттар бөлініп, жұмыстар атқарылды. Жалпылама айтатын болсам, 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының аясында 2022 жылы жалпы құны 4 млрд 756 млн.теңгеге 29 жоба іске асырылды.
Ендігі кезекте 2023 жылы атқарылатын жобаларға тоқталып өтетін болсам, жалпы ауданның даму жоспарының аясында ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында барлығы 66 жобаны іске асыру жоспарланып, жобаларды іске асыру барысында 268 тұрақты жұмыс орны құрылады деген жоспар бар. 44 бюджеттік инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 101 жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобаның аясында іс-шаралар өткізіліп, мұның аясында 1 189 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаудамыз,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ауданның 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарымен таныса келіп, өңір басшысына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Қанатбек Қайшыбекұлы өз сөзінде, Жуалы ауданының даму жоспарына ауыл шаруашылығы саласына қатысты жобаларды көбірек енгізуді тапсырып, таулы өңірде мал шаруашылығымен қатар, тұқым шаруашылығына да терең мән беруді, тиісінше, ауданның шаруалары егістік алқаптарға элиталы және I, II репродукциялы тұқымдарды егудің пайдалы тұстарына да кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдейтін шағын цехтардың санын арттыруды, өңірде ауыл шаруашылығы тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында сыйымдылығы жоғары қоймалар салуды тапсырды. Қанатбек Қайшыбекұлы, өңірде азық-түлік сақтайтын сыйымдылығы жоғары қоймаларының құрылысын жүргізген шаруаларға мемлекет тарапынан субсидия беру мәселесінің қарастырылатынын айтты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына жауапты бөлімнің басшысы Е.Серкебаевтың және бірқатар ауылдық округтер әкімдерінің ұсыныстарына да назар аударды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close