Basty bet

“Қызыл жұлдыздың” шаруасы жүйелі

Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі екендігін айтты. Сонымен қатар, осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндігін және еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін баса айтты.
«Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.

Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы.
Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды.
Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет» делінген жаңа Жолдауда.
Жақында Қарасаз ауылдық округінің орталығы Қарасаз ауылындағы «Қызыл жұлдыз» шаруа қожалығының басшысы Нұриддин Ортаевпен әңгімелескен едік.
Н.Ортаев 1959 жылы Шыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Тараз қаласындағы Тараз химия-механикалық техникумында оқып білім алған.
«Қызыл жұлдыз» шаруа қожалығының құрылғанына биыл 23 жылдай уақыт болған. Шаруа қожалықтың иелігінде 400 гектардай егістік жері бар.
– «Қызыл жұлдыз» шаруа қожалығыбірге «Олжас» шаруа қожалығымен бірлесіп жұмыс жасайды. Бұл шаруа қожалықтың ісін үлкен ұлым Олжас Ортаев жүргізеді. Биыл 200 гектарға бидай, 100 гектарға мақсары және 100 гектарға арпа дақылын еккен едік. Өткен жылмен салыстырғанда биыл орташа өнім алдық.
Шаруа қожалықта үш трактор, үш К-700, үш комбайн және агрегаттары бар. Одан бөлек, мал шаруашылығымен де айналысамыз. Оның ішінде, жылқы, ірі қара малы және қой өсіріп отырған жайымыз бар. Шаруа қожалықта екі малшы, алты механизатор және екі көлік жүргізуші тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың дені ауыл азаматтары. Айлық жалақылары да ай сайын төленіп отырады.
Дана халқымыз «Еңбектің наны тәтті» деген. Еңбек пен маңдай тердің арқасында жеткен жетістікреміз баршылық. Аллаға сансыз шүкірлік айтамыз. Тек еңбектенген жанның ғана ісі алға басатыны бесенеден белгілі, – дейді Нұриддин Қасымбекұлы.
Шаруаның айтуынша, ендігі мақсат – шаруа қожалықтағы техникаларды жаңартып, мал басын көбейту және тұқымды элиталы тұқымға ауыстыру болып отыр.
Нұриддин Ортаевтың өмірлік жары Сәбира Ортаеваның айтуынша, отағасына демеу болып, ұл-қыздарына дұрыс тәрбие беріп, шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, дәмді ас пісіріп, ұяға жылулық сыйлау оның басты міндеті.
«Отағасы мен балаларым таңның атысы, кештің батысы тынбай еңбектеніп жатқанда, мен үй шаруасын келіндеріммен бірге дөңгелетіп отырамын. Әйелдің басты өмірлік миссиясы да осы емес пе?!» дейді С.Ортаева.
Нұриддин Ортаев жары Сәбира Ортаевамен бірге бес қыз, екі ұлды тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұл-қыздарының барлығы дерлік жоғарғы оқу орындарын тамамдаған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар. Ұлдары мен келіндері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Олар ұл-қыздарынан 24 немере, екі шөбере сүйіп отырған ардақты ата-әже.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close