Basty bet
Қалыптасқан жағдайды дұрыс түсінуге тиіспіз!
Жуалы ауданы – аграрлы өңір. Шөбі шүйгін, суы мол қасиетті өңірде жыл санап малдың басы да өсіп келеді. Оның ішінде, ағымдағы жылдың басындағы есепке сәйкес, қазір өңірде мүйізді ірі қараның басы 49 мыңға жетіп қалды. Ал оның ішінде, сауынды сиырдың басы 25 мыңға жуықтайды. Қазір ауданда сүт өңдеп, одан түрлі өнімдер шығаратын тоғыз бірдей кәсіпорын жұмыс істеуде. Осыған сәйкес аудандағы сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп, зауыттардың жүктемесін арттыруға күш салу өте маңызды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген ресми мәліметке сәйкес, аудандағы сүт өңдейтін зауыттар 2021 жылы сүттің бір литрін 130 теңгеден қабылдаса, 2022 жылдың басында сүт бағасы 180 теңге болды. Ал тамыз айында баға 220 болса, қазан айында 240 теңгеге көтерілді. Биыл жылдың басында сүт бағасы 240 болса, ал қазіргі баға 170 теңге болып бекітіліп отыр.
Ал енді өңірдегі сүт өңдейтін зауыттардың қуаттылығына келер болсақ, аудандағы үлкен кәсіпорынның бірі – «Бурный сүт компаниясы» ЖШС-ның тәуліктік қуаттылығы 60 тонна болса, зауыт осынша шикізаттың жартысына ғана қол жеткізіп отыр. Одан кейін «Ақ Мол-2025» ЖШС тәулігіне 20 тонна өңдеуге қауқарлы болса, кәсіпорын 75% жүктемемен жұмыс істеуде. Ал «СМТС» ЖШС 25 пайыз жүктемемен, «ЛФ Компания» ЖШС-ның бес тонна сүт өңдеуге шамасы жетсе, қазір қабылдап отырғаны бір тоннадан сәл ғана асады.
«Нысанов» жеке кәсіпкерлігінің күнделікті өңдейтіні екі тонна көлемінде ғана. «Самурай» ЖШС тәулігіне сегіз тонна өңдей алса, қазір цехта үш тонна сүт өңделеді. «Бурный ірімшік компаниясы» жеті тонна, «Алатау сүт өнімдері» АШӨК небәрі екі тонна сүт өңдеуде. «Бірге» жеке кәсіпкерлігі үш тонна сүт өңдей алады. Ал қабылдап отырғаны бір тоннаға да жетпейді. Жалпы аудандағы сүт өңдеу кәсіпорындары 54,4 пайыз жүктемемен жұмыс істеу үстінде. Қазір ауданда сүттің бағасы орта есеппен 170 теңге болып қалыптасып отыр.
Біздің айтайын дегеніміз, сүттің зауыттарға өткерілу бағасының төмендеуі жайлы. Бұл туралы осы күнге дейін ауданда сүт өндірушілердің және сүт өңдеу кәсіпорындары басшыларының басын қосқан бірнеше жиын болды. Сүт өндірушілердің негізгі талабы – сүттің бағасын 200 теңгеден төмен түсірмеу. Дегенмен, негізінен ауылдағы сүт өндірушілер өңірдегі сүт өндірісіне қатысты қалыптасып отырған жағдайды дұрыс түсінуге тиісті.
Сүт өндірісіне қатысты ауданда қалыптасып отырған жағдай туралы аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязовтан сұрап-білген едік.
-Жергілікті сүт өндірушілер негізінен сүт бағасының өткерілу бағасының төмен түсуіне наразы болуда. Жыл сайын осындай уақытта сүттің бағасы қымбаттайтын. Өйткені, күз мезгілінде сауылатын сүттің көлемі де азаяды. Бірақ биыл жағдай басқаша қалыптасып отыр. Оған себеп те жоқ емес.
Ең біріншіден, сүт өндейтін бірқатар кәсіпорындар өндірген өнімдерін өткере алмай отыр. Қоймаларда бос орын жоқ. Өндірісті жүргізудегі ең басты қолбайлаудың бірі осы. Субсидия төлеудің ережесіне сәйкес, биыл мемлекеттік қолдау тек өткерілген өнімге ғана беріледі. Осындай проблемаларға байланысты кәсіпорын басшылары сүтшілерге қарызын өтей алмауда. Мысалыға айтатын болсам, өңірдегі сүт өңдейтін үлкен кәсіпорынның бірі – «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның сүтшілер алдындағы бірнеше миллионды құрайтын қарызын төлемегеніне екі ай уақыт болды. Бұл да үлкен мәселе. Шикізат негізінен ауыл тұрғындарынан алынады. Оның үстіне, қазір балаларды мектепке дайындайтын жауапты кезең. Тұрғындарға қаражат керек.
Одан бөлек, биыл елімізге Ресей және Белоруссия және Қырғыз Республикасынан сүт өнімдері ағылып келуде. Осыған байланысты отандық өнімге сұраныс азайып отыр. Аудандағы кейбір кәсіпорындар сүт өнімдерінің бағасын амалсыз түсіруге мәжбүр. Бір сөзбен айтқанда, сүт зауыттары банкроттықтың аз-ақ алдында тұр.
Жергілікті сүт өндірушілер бұл мәселені ел Үкіметі сырттан елге ағылып келіп жатқан өнімдерге тосқауыл қою арқылы шешеді деп сеніп отыр. Одан бөлек, тұрғындар сүт өнімдеріне төленетін субсидияны да қайта қарауды талап етуде.
Тағы бір айта кетерлігі, үлкен супермаркеттерде отандық өнімнің сатылымын және оның насихатын арттыруымыз қажет. Сүт өңдеушілерге осылай көмек көрсетуге болады.
Тұрғындардың сүт бағасына және сүт өндірісіне байланысты жанайқайы өте орынды. Бұл мәселе алдағы уақытта Үкіметте қаралып, оң шешімін табады деп сенеміз,- дейді Рақымғазы Нұрғазыұлы.
Сүттің бағасының көтерілуі немесе түсуі нарықтың талабына байланысты. Дегенмен, негізгі еңбек – сүтті өндіріп отырған ауылдағы ағайынның еншісінде. Еңбектің лайықты өтемі болуға тиісті. Бұл – орынды талап. Сондықтан бұл маңызды мәселеге, жалпы өңірде сүт өндірісіне қатысты қалыптасып отырған жағдайға ауыл тұрғындары түсіністікпен қарайды деп сенеміз!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»