Basty bet

Адалдықтың туын жықпаған азамат еді.

Өткенге көз жіберіп, атқарған істі ойша таразылағанда, өмір белесіңде ерекше болмысымен із қалдырған азаматтардың естелігі арасынан жарқ ете қалатын кезі болады. Ел аманатын арқалап алға бассаң, көздеген биікті бағындырып, қыр ассаң, бұл да жаныңда үзеңгі қағысып, сен мінген жорғаны қамшылай жүріп, алға оздырған адал достардың алқалаған ақ көңілі, алғаусыз пейілі екенін іштей түйсінесің. Осы бір сезімді санаға мықтап түйгенде, сондай азаматқа шынайы разылығымды жеткізе алдым ба деп ой қаузайсың…
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін жандар болады. Ануарбек Сағындықов сондай азамат еді. Естеліктер жадымда. Елге болсын деп еткен еңбегінің жемісін сол ел-жұрт көрді. Адалдығы, азаматтығы – көзкөргендердің естелігіне арқау. Еңбекқорлығы, табандылығы, өнегесі – ұрпағына үлгі.
Мен, 1981 жылы оқу бітірген соң, институттың жолдамасымен Солтүстік өңірдегі бұрынғы Торғай облысына сол кездегі тәртіппен екі жыл «отработкаға» жіберілдім. 8 жыл Торғай облысында жемісті еңбек етіп, 1989 Қазақ Республикасы «Астық өнімдері» министрлігінің бұйрығымен Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы «Бурный астық қабылдау» кәсіпорнына директор болып ауысып келгенмін.
Ануарбек Молдақұлұлымен таныстығымыз сол жылдың мамыр айынан басталған. Ануарбек астық сақтау пунктінің меңгерушісі екен. Артық сөзге жоқ, біртоға, өз ісін жетік білетін жігіт бірден назарыма ілікті. Жан дүниесінің тазалығы, пейілінің адалдығынан шығар, алғаш қол алысқан сәттен-ақ көңілге сенім ұялатып үлгерді. Іштей «мынадай жігіттермен үзеңгі қағыстырып, қатар еңбек етсек, жерге қарамаспыз» дедім. Түйсік пен танымым алдамағанына кейін талай мәрте көз жетті. Ануарбек қандайда бір сын сағаттарда иық тіресіп, бірге тұратын нағыз жігіттің сырттаны екенін сан рет дәлелдеді.
Торғай облысының элеваторларында қалыптасқан мол тәжірбием, шыңдалған білігім бар. Жуалыдағы элеваторда да өндірістік-техникалық лаборатория жақсы жабдықталған. Кәсіпорынның аумағы кең, ауласы асфальтталған. Жұмыс жүйелі жүріп жатыр екен. Бір әттеген-айы қосалқы шаруашылығы жоқ…
Қосалқы шаруашылық ашуға кәсіпорынның әлеуеті толық жетеді. Торғайдың Жақсы және Державин аудандарындағы элеваторлар сияқты мұнда да диірмен, құрамажем зауыттары ашылып, қосалқы цехтар жабдықталса, кәсіпорынның өндірістік қуаты мен тиімділігі едәуір артар еді деген ойымды орынбасарым мен қойма меңгерушісі Ануарбекке айттым. Бұл өзі айтуға оңай болғанымен, үйреншікті еңбек жүктемесінен артық жауапкершілік артатын бастама. Сондықтан, қалыпты жұмыс ырғағын қимай, бір уәжді алға тартар деп күткенмін. Жігіттер қолдай жөнелді. Әсіресе, бұл істе үйіміз іргелес көршім Ануарбектің көмегі көп тиді. Жаныңда сенімді мамандар мен адал азаматтар тұрғанда қандай қиындықты да еңсересің емес пе?!
Осылайша, кәсіпорын аумағында қуатты диірмен салуды бастап кеттік. Ресейден қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп, тиісті мамандарды шақырып, диірменді құрастырып, орнаттық. Бұл міндет аса күрделі жағдайда атқарылды: жабдықтардың бір бөлігі сай келсе, екіншісі сәйкес келмей, бүкіл жүйе зауыт берген сызбаларға сәйкес бола бермеді. Сондықтан зауытқа қайта-қайта хабарласып жүріп, ақыры 1995 жылдың көктемінде “Бурный астық қабылдау” кәсіпорнында жаңа қуатты диірменнің ашылу салтанатын өткіздік. Бұл кезде ұжым кәсіпорын акциясын өзара сатып алып, оны «Алтын дән» деп аталатын акционерлік қоғамға айналдырған болатын.
Сондай-ақ, кәсіпорында наубайхана, құрамажем цехы мен шағын макарон цехының өңдірісін жолға қойдық. Міне, осы жобаларды жүзеге асыруда бастаған істің үдесінен шықпайынша, тоқтамайтын, табанды Ануарбек жүрді үнемі жанымда. Кейін өсімдік майын өндіретін цех, қосалқы қой шаруашылығын іске қосқанда да оның шаруаның жайын білетін, өте еңбекқор азамат екеніне көзім жете түсті.
Әсіресе, мал шаруашылығын іске қосу үшін Сарысу ауданындағы Қамқалы елдімекенінен қой алып келген кезде Ануарбектің астықтың жайын ғана емес, төрт түліктің бабын да қатар таба білетініне куә болдым. Құмда өскен малдың ішінен таулы өлкенің боранына шыдас беретін қоңдысын таңдау керектігін ескерте жүріп, қойдың бәрін өзі іріктеп алды. Жүк машинасына тиеген кезде де басы-қасында жүрді.
Бұл – қыс қаруын сайлаған желтоқсан айы болатын. Жер тайғақ, күн боран. Кабинаның ішінде бүрісіп отырғаннан денеміз құрысып, әзер шыдап келеміз. Болмаған соң, сәл тыныстап, аяқ жазып алу үшін тоқтағанда, қатты аяздан көлігіміз оталмай, жолда қалдық. Қарсы өтіп жатқан көлік жоқ. Түнгі аяз бізді де, малды да қысып барады. Ануарбектің шаруаның жайын білетіні, сол түннен мал-жанның аман шығуына көп септігі тиді. Жігіттерді бастап, кузовтың үстіне өзі де шығып, қойларды көтеріп-сілкіп, жатып қалмайтындай жағдай жасап, шығыннан сақтап қалды. Сондай-ақ, КамАЗ прицепін айналдыра жүзген-сексеуілдерінен отты ошақтар жасап, амал-әрекеттер ұйымдастырды. Таңға жуық бір жолаушылай өткен көлік тоқтап, машинаны оталдырдық. Жолға қайта шықтық.
«Үй таңдама, көрші таңда» деген сөздің растығына Ануарбекпен талай жыл көрші тұрғанда көзім жетті. Отбасымызбен аралас-құралас болдық. Отбасы дегенім бергі жағы, біз екі әулеттің арасын жалғаған жандар едік. Ануарбектің әпкесі Әсия Молдақұлқызы Жуалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Біздің достығымызбен өзара сыйластығымызды жоғары бағалады. Өзі де қонақ болып, мейман етіп шақырып, араласып тұрды.
Ануарбектің әулет жауапкершілігін сезіне алатын, ағайын-туысты тең ұстайтын азаматтығын талай көрдім. Адалдықты ту еткен, адамшылығын жоғалтпаған азамат еді. Еткен еңбегінің жемісін ел көрді. Өнегесін ұл-қыздары бойына сіңірді. Қашанда алғаусыз тілектегі достығы әрдайым жадымызда.
Кешкен ғұмырдың өң мен түстей өтсе де, уақыттың жел диірмені тағдыр тасын шыр айналдырса да, Сенің азаматтық болмысың жадымызда. Есімің ел есінде!

Абдалы НҰРАЛИЕВ,
Жамбыл облыстық
мәслихатының төрағасы.
Тараз қаласы

Таңдаулы материалдар

Close