Basty bet
Адал еңбек ету – азаматтық парыз
Еңбек – адамзаттың коғамдық өмірдегі негізгі құндылықтарының бірі. Ол тек қана материалдық байлық жинаудың жолы емес, сонымен қатар жеке тұлғаның дамуына, рухани өсуіне, қоғамның ілгерілеуіне қызмет етеді. Қазақ халқы ерте заманнан-ақ еңбекті қастерлеп, оның маңызын терең түсінген. Еңбектің нәтижесінде адам өз қажеттілігін қанағаттандырып, қоғамды дамытады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленді. Осы атаулы күнге орай Көлбастау ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Фатима Утелиевамен әңгімелесіп, оның еңбек туралы ой-пікірін білген едік. Фатима Утелиева 2018 жылдан бері ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, өңірдің көркеюіне үлес қосып келеді. Ол 1980 жылы Қарақалпақ елінің Мойнақ совхозында дүниеге келген. Қарапайым, көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, ата-анасының жұмыс талғамай еңбек еткенін көріп өскен.
-Нүкіс технологиялық техникумына лаборант мамандығына оқуға түстім. Одан кейін Қуанышбай деген азаматты кездестіріп, екеуміз отау құрдық. Шүкір, қазір бес баламыз бар. Үлкен ұлым үйленіп келінім бар. Екі балам вахтада жұмыс жасайды. Ал, үшеуі ауылдағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушылары. Мектептегі озаттардың қатарында.
-Ауыл әкімшілігінде қоғамдық жұмысшылармен бірге көше тазалығына, өңірдің көркеюіне атсалысып жүрміз. Жұмысымыз таңғы сағат 9.00-ден басталып, кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Әр мезгілде әртүрлі жұмыстар атқарылады. Көктемде ағаш егіп, шашылған қоқыстарды жинаймыз. Әктеу, сырлау бар. Көшелердегі тазалыққа жауаптымыз. Қыстың күні қолымызға күрек алып, жолды қардан тазалаймыз. Мұз оямыз. Қар жауса сенбі, жексенбіге қарамай жұмыс істейміз.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп ұлы ақын Абай айтқандай, еңбектің арқасында отбасын асырап, балаларды оқытып отырмыз. Ешкімнен кем қылмай, көйлегі бүтін, тамағы тоқ болуы үшін мемлекеттен берілген көмекке қарап отыра алмаймын. Қимылдаған қыр асады. Қимылдамасаң, әрекет жасамасаң саған кім береді? Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Көше тазалап, қар күрегеніме намыстанбаймын. Керісінше, жұмыс істеуге, отбасын асырауға мүмкіндік бергеніне ризамыз. Адам жұмысты талғағанымен, еңбек адамды талғамайды. Қолыңнан іс келсе, адал еңбек ете білуің керек. Әркім өзі үшін жанталасады, жан бағады,- дейді еңбек адамы Фатима өз сөзінде.
Адал істің қашанда қайыры бар. Адал еңбегімен ел қатарлы еңбек ету, ең бастысы адам болып қалу – азаматтық парыз. Осы тұрғыда адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген Фатима Утелиеваның арманы – отбасының амандығы, бауырдың бүтіндігі. Балаларының сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуы.
Ол «қоғамға еңбегіміз сіңіп, ауданның көркеюіне үлес қосып жатқанымызға қуаныштымын» дейді. Өзімен бірге жұмыс істейтін жандармен жақын араласып, бір ұжым, бір отбасы мүшелеріне айналғанын қуанышпен жеткізді.
-Әр баланың өз нәсібі бар. Жүрегімізде иман, бойымызда қанағат бар. Ниетіміз түзу. Атажұртқа балалардың болашағы үшін көшіп келдік. Еліміз бізді жатсынбай қарсы алып, міне, ел қатарлы өмір сүрудеміз. Болашақтары жарқын, армандары асқақ болса деген ниеттеміз. Сол үшін де аянбай еңбек ете беруге дайынбыз.
Қазақта даналығындағы «Еңбек түбі – береке» деген сөзді санамызға құйып өстік. Анамыз «адал еңбек етіңдер, кез келген дүниені өз еңбектеріңмен табыңдар» деп отырады. Сондықтан осы күнге жеткеніміз жүрегі кең, кең пейілді дархан анамыздың арқасы. Менде үйде балаларыма осы өсиет сөздерді айта отырып, кез келген жерге қоқыс тастамауға, тазалықты ұстануға үйретемін. Себебі, жақсы мен бұл жұмысты атқаратын адамдардың еңбегін білемін, – дейді ол.
Арланбай, намыстанбай, барына қанағат ете білген еңбек адамдары ертеңгі ұрпағына мәңгі мұра адал еңбекті қалдыра алады. Өйткені, адал еңбек бір орында таза киініп, таза жүріп жұмыс істеу емес, ол түзу ниетпен шын жүрекпен, сүйіспеншілікпен істеген ісің. Мұндай істің берекесі сол жанның отбасына бұйырары даусыз. Ендеше, қиы ндықтан қаймықпайтын, жұмыстың ауырлығын талғамайтын Фатима Утелиева секілді жандардың еңбегі жана берсін дегіміз келеді.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»