Basty bet
“БIз – жуалылықтармыз!” шығармашылық байқауын қолға алмақпыз”
Белгілі журналист, жазушы жерлесіміз, халықаралық «Ғажайып Үндістан» журналының негізін қалап, ақырғы демі таусылғанша ширек ғасырдай шығарып келген Алпысбай Шымырбайұлының 70 жылдық мерейтойы алдағы айдың 20-сында ауданда аталып өтеді. Таяуда осы мәселемен тікелей айналысып жүрген публицист-жазушы, «Ұлт қайраткері» медалінің иегері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Талғат Айтбайұлы редакциямызға келді. Біз осы орайлы сәтті пайдаланып, ол кісімен сұхбаттасқан едік.
– Талғат аға, Алпысбай Шымырбайұлымен бір партада отырып, мектеп бітірдіңіз. Арман жолына бірге аттандыңыздар. Кейін балалардың сүйікті газеті «Қазақстан пионерінде» – бүгінгі «Ұланда» қызметтес болдыңыздар. Өмірлік досыңыз қандай адам еді?
– Оны білетін мүйізі қарағайдай қаламгер ағалар мен апалардың өзі атын атамай, «Алпа» дейтін. Балалық қасиет, сәбилік аңғалдық дейтін ерекшелік есейе келе бәрімізден алыстайды десек, бұл Алпаңның өмірден озғанға дейінгі бойына ұялаған өзгеше қыры болды. Ол ұяң, қылаудай қулығы жоқ, тап-таза қалпынан арылмай, үлкенге де, кішіге де сіз деп сөйлеу сыпайылығынан бір танбай өмірден өтті. Өте арманшыл, еңбекқор, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табандылығымен де білетіндердің бәрін тәнті етті.
Ол заманда ғаламтор желісі, ұялы телефон дегендер атымен болмаған. Жалғыз республикалық балалар газетіне еліміздің түкпір-түкпірінен жолданған хаттар қарша борап келіп жататын. Тіпті бір жылы жүз мыңнан аса хат алғанымыз есімде. Соның жартысына жуығы Алпысбай басқаратын ең басты, жетекші Мектеп-пионер бөліміне тіркелді. Ол жанындағы қос қызметкерімен әр хатты асықпай оқып, мазмұнымен мұқият танысып, ішінде іліп аларлық ойы барларын өңдеп-жөндеді. Ал, жарамсыздарын елеусіз қалдырмай, балғын, арманшыл авторлардың бәріне «талабың таудай екен, көп оқы, жалықпай ізден, сонда қаламың ұшталған үстіне ұштала түседі» деген сипаттағы, ойына от беріп, қанаттандыратын жылы жауаптар жазған. Басылымда қанша жыл жұмыс істесе, осы әрекетінен айнымады. Өстіп жасөспірім ұл-қыздармен ғана емес,өзі қызмет істеген «Лениншіл жас» газеті, «Білім және еңбек» журналында да, тіпті кейін өзі ашқан халықаралық «Ғажайып Үндістан» журналында жүздеген авторлармен дәл осылай шынайы жанашырлықпен жұмыс істеді. Бұның бәрі қаламгердің қисапсыз уақытын сарп ететін жанкешті еңбек қой. Әрі оның жеке бас шығармашылық жұмысына қолбайлау болғаны сөзсіз.
– Сіз етене араласқан, шығармашылық ойларын бүкпесіз бөлісіп, сырласқан досысыз ғой. «Қазақстан жазушылары» анықтамалығындағы өмірбаяндық деректерінде көрсетілген «Үміт құсы» повесть, әңгімелер жинағы, «Қарлығаш ұя салған шаңырақ», «Шырқа, керней!», «Көңілді тоқсан» кітаптарынан бөлек қандай еңбектері бар?
– Алпаңның үлкенді-кішілі газет, журналдарға жазған мақала, очерктері мен басқа да толғақты дүниелерін оқыдық, ретіне қарай жүрекжарды лебізімізді айтып, ойларымызды бөлістік. Сол жазбаларынан тыс кино сценарий жазумен де әуестенгенін көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Сондай оймен республикалық басылымда қызмет ететін әйгілі журналистер делегациясының құрамында, 1993 жылы көктемде Үндістанға барды. Сол елдің өмір салты, тұрмысы, мәдениеті мен өнері, экономикасын зерделеп білді. Елге оралған соң «Ғажайып Үндістан» журналын шығаруды қолына алды. Осымен қатарлас Қазақстан мен Үндістан елдерінің киногерлері бірлесіп түсіретін көркем фильмнің сценариін жазды. Онысы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясындағы көркемдік кеңестің талқылауынан өтіп, бекітілді. Осы ойын жүзеге асыру мақсатымен Үндістанның біздің еліміздегі елшілігі арқылы да көп әрекеттенді. Алайда алдын кескестеген қаржы мәселесінің қиыншылығынан діттеген ойын жүзеге асыра алмады.
Алпысбайдың тағы да бір ашылмаған қыры – ақындық өнері. Мектепте оқып жүргенде өлең жазды. Студент кезінде дүние әлем жасарып, жайнап сала беретін көгілдір көктемге арналған өлеңін теледидардан оқыды. Ол кезде елімізде жалғыз ғана телеарна хабар тарататын. Осыдан-ақ Алпысбайдың ақындық қуатын аңғаруға әбден болады емес пе?
Әйткенмен Алпаң досым өлең-жырды өзінің ішкі сезім қажеті үшін ғана шығарған секілді. Олай дейтінім, ақындықтың соңына шам алып түспеді, өлең кітабын шығармады.
– Әлгіндегі сөзіңіздің арасында өз құрастыруыңызбен шығатын кітабының бірінші бөлімі поэзиясынан тұратынын айтып қалдыңыз.
– Өте орынды қозғадың. Тұрмыстық жағдайға байланысты көшіп-қонып жүргенде баяғы бала кезден бермен қарай жинап жүрген жыр дәптерлері жоғалып кетеді. Біз кейінгі бес-алты жыл әлетінде фейсбуктегі жеке парақшасында сақталған сыршыл жырларын бажасы Мүсілім Тәттібаевтың жинақтап беруімен ғана кітапқа ендіруге мүмкіндік алдық.
Алпысбай ә деп көрінгенде-ақ буырқанған ойлары, жазу мәнерінің өзгеше өрнектілігімен алдымыздағы аға-апаларымыздың назарына ілікті. «Қазақстан пионері» газетінің өте белсенді жас тілшісі ретінде 1968 жылы бір ай Қара теңіздің жағалауындағы Бүкілодақтық «Артэк» пионер лагерінде демалды. Университетті бітіре салысымен ең талантты жас журналистердің басын қосатын жастар газетінде қызмет істеп, қара қазанында қайнады. Ғылыми-танымдық «Білім және еңбек» журналында бөлім меңгерушісі болды. Осы және одан басқа да мерзімдік басылымдарда жарияланып, кезінде қалың оқырманның көз қуанышына айналған, рухани сұранысынан шыққан очерктері мен бояулары қанық жолжазбаларын, елімізге танымал тұлғалар туралы портреттік эсселерін Ұлттық кітапханада сақталған тігінділерді ақтара отырып жинаса, ғажап сауапты іс болар еді.
–Сіз бұл сөзіңізді Алпысбай Шымырбайұлының шығармашылығы қызықтырып, бұдан да тереңірек білуге құмартатын жандарға ой салу үшін тілге тиек етіп отырған сияқтысыз…
– Әлбетте, дәл солай! ҚазМУ-дің журфагында дәріс оқыған ғалым-ұстаздарымыз «Газет – бір күндік, ал сөзі мың күндік» дегенді жиі айтушы еді. Бұл өмірдің өзінен екшеліп алынған қағидалы ой екеніне «Қазақстан пионері» газетінің 1968-1977 жылдар аралығындағы тігінділерін ерінбей парақтап, Алпаң досымның балаларға арнап жазған жазбаларын оқығанда көзім анық жетті. Оқушы ұл-қыздардың сабақтағы сәтін дәл сол күйі өрнектеп жазған мақала, суреттемелерінің өзі тілі төгілген әңгіме дерсің. Ертегі, жаңылтпаш, жұмбақтарын да қағыс қалдырмай көшіріп алдым. Егер жер басып жүрсе, өз қолымен жаңадан жазылған тың шығармаларын ұсынар ма еді. Сондықтан, «өзі жоқтың көзі жоқ» қылмайын деген оймен «Балдырған» журналына мерейтойлық бет бергізіп, өзім шығаратын «Жыл – он екі ай» журналына сол уақыттың белгісі болып қалған әрлі әңгімесімен Ергенбай Қосаев досының еріксіз күлкіңді келтіретін мақаласын қатар жарияладым.
– Өте дұрыс жасапсыз, аға. Енді мамырдың 20-сы күнгі ағамыздың мерейтойына байланысты қандай шараны жоспарлап отырғаныңызға да тоқтала кетсеңіз.
– Түске дейін білім алған Абай атындағы орта мектепте Алпысбайдың өмір жолы, шығармашылық еңбектерін кеңінен қозғайтын еске алу жиынын өткіземіз. Оған Алматы мен Таразда және басқа жерлерде тұратын жуалылық қалам қайраткерлері және әйелі, белгілі журналист Гүлжамила Райымбекова ұлдары, немерелерімен қатысады. Бірге білім алған сыныптастары, туған-туыстары да келуге құлшынып отыр. Жарық көретін кітабының тұсаукесерін жасаймыз. Білім берген көзі тірі ұстаздарымыз да арамызда болады. Түстен кейін Алпаң досымыздың, қаламдасымыздың шығармашылық еске алу шарасы орталықтандырылған аудандық кітапханада немесе Мәдениет үйінде жалғасады. Кітап көрмесін жасасақ па деген ойдамыз. Бұның бәрі ізімізден ілескен жас ұрпақ санасында із қалдырса деген ізгі ниетпен жүзеге асырылады.
Біз жетпісінші жылдары қолымызға қалам ұстап, журналистика деген әлемнің есігін айқара аштық. Аудан мектептерінде жарысып жазатын қатарластарымыз көп болатын. Бүгінгі ел өте жақсы біледі, дегенмен солардың арасынан айрықша ат оздырып, республикаға танылған Қасым Әзімхан, Доқтырхан Тұрлыбек, Толымбек Әлімбекұлы, Мырзахан Ахмет, Талғат Сүйінбай, Бекет Момынқұлов, Гүлжамила Райымбекова, Ақылжан Мамыт, тағы кімдерді айтайын?
– Бір партада екі жыл қатар отырған Алпысбай аға екеуіңіз қалдыңыздар ғой.
– Біз әлгі аты-жөндері аталғандардың арасындамыз. Ізімізден әншілігі де, айтыскерлігі де, сазгерлігі де, әсіресе ақындық таланты айрықша танытқан Бауыржан Үсенов жасындай жарқырап шықты. Одан кейін араға жиырма жылдай жүгіртіп Нұржан Манасұлы мен мына өзің бой көрсеттіңдер. Облыстық “Ақ жол” газетінде Марат Құлибаев сынды ініміз бар. Әйткенмен, біз секілді үлкен шоғыр болмай, шашырап көзге түстіңдер. Өстіп-өстіп үзіліп қалмай, еліктейтіндердің қатары көбірек шықса екен деген жақсы оймен өзімнің республикалық жеке журналым «Жыл – он екі айдың» атынан «Біз – жуалылықтармыз!» деген ұл-қыздардың шығармашылық байқауын қолға алсам деп отырмын. Бұл да балауса кезінен елге танылған Алпысбай Шымырбайұлының 70 жылдық мерейтойына орайлас өтпекші. Оның өткізілу шартын аудан ауқымында аталынатын Алпаңның меретойы кезінде жариялап, өзімізді қанаттандырған аудандық «Жаңа өмір» газеті арқылы елге жеткізсем деймін. Әуелгі басы осылай қолға алынса, келер жылы Алла қаласа, республикалық деңгейге көтермекшіміз. Бәрі оқушылардың шығармашылығына арналады. Тақырыптық ауқымы кең. Туған жер, өскен орта, аяулы жандар, мектеп тынысы, отаншылдық сезім, достық қарым-қатынас дейміз бе, жаңылтпаш, санамақтар, ертегі, әңгімелер, танымдық мақалалар, тіпті ел аузынан жиналған аузы дуалы аталардың батасы, аңыздарға дейін ұл-қыздардың белсене қатысуымен жинақтап, 25 қазан – Республика күні қарсаңында «Тоғанай Т» баспасынан жеке кітап етіп шығарамыз деген ауқымды жобамыз бар. Осылай өскелең ұрпақты жазу өнеріне ғана баулымай, кітап оқуға да қызықтырып тартпақшымыз.
– Бұл да қуана-қуана құптайтын бастама екен!
– Мұндай игі шаралар ел болып, жалпақ жұртшылық болып жұмыла кіріскенде ғана оңды нәтижеге жеткізеді. Сол үшін аудандық білім бөлімінің басшылары ықылас танытып, мектеп ұстаздарының бәрін белсене қатысуға жұмылдырса, әлбетте ойға алған мақсатымызға жетеміз. Бұл қара басымның мүддесін емес, еліміздің ертеңгі тірегі болатын ұрпақ қамын қаузағаннан туған ой. Оған сәтімен себеп болған Алпысбай Шымырбайұлының мерейтойы. Ол осымен ғана бітпей, Алматыда республикалық ауқым алады. Үлкен ұлы Асылан біраз жылдан бері қылқалам шеберлерінің қатысуымен танымал тұлғалардың идеясына негізделген суреттер салдырып, ешкімнің ойына келмеген керемет ойды жүзеге асырды. Алдымызда келе жатқан Музей күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде мамырдың 18-і мен маусымның 8-і аралығында осы сурет көрмесі ашылып, жұмыс істемекші. Алпаң осы мекемеде өмірінің соңғы 15 жылында редакторлық қызмет атқарған еді. Музей басшылары оның еңбегін ескере отырып, бір күнді Алпысбай Шымырбайұлының шығармашылығына арнамақшы. Ол жерде үзбей шығарған «Ғажайып Үндістан» журналдары мен жарық көрген кітаптары да қойылады. Арнайы шақырумен қатысады деген қауымның арасында Қазақстандағы Үндістан елшілігінің өкілдері де бар.
– Бұл да өте қуанарлық жаңалық екен. Біз де газетіміздің атынан бәріне сәттілік тілейміз, аға!
– Сол күндерге жетейік, айналайын. Алла жар болсын!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”