Basty bet

Еңбекке құштар азамат

Елімізде тамыз айының екінші жексенбісі – құрылысшылар күні болып жарияланған болатын. Кәсіби мереке жыл сайын аталып өтілуде. Қай ел болмасын, құрылыс индустриясы – экономиканың негiзгi iргетасы. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты.

Биік зәулім үйлер мен мектептерді, аурухана мен небір білім ордаларын салған – құрылысшылар. Құрылыс мамандарының арқасында оқушылар мен студенттер сапалы, әдемі білім мекемелерінде тәлім алуда. Ендеше, құрылысшы мамандығы да мәртебелі мамандықтардың бірі екендігі даусыз. Себебі, құрылысшылар қауіпсіздік шараларын сақтай отыра, небір биік қабаттарға көтеріліп, құрылыс үшін өз өмірін қауіпке де тігеді. Сол себепті еліміздің, өңіріміздің дамуына ұшан-теңіз үлес қосып жүрген құрылысшы мамандарына айтар алғысымыз шексіз.
Өңірдің көркеюіне өз үлесін қосып жүрген құрылысшыларды нағыз майталмандар деп айтуымызға болады. Сондай тәжірибелі құрылысшылардың қатарында біздің әңгімемізге арқау болып отырған Серік Шортанбаев та бар. Ол құрылыс саласында 43 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан маман.
Серік Қасымғалиұлы Атырау облысының Махамбет ауданында туған. Оның негізгі мамандығы – механизатор және ағаш шебері. Ол өзінің еңбек жолын 1979 жылы Атырау қаласында «ПМК-905» атты құрылыс мекемесінде бастайды. Бұл жерде тоғыз жыл тәжірибе жинақтаған ол кейіннен 1987-1989 жылдары аралығында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында өзінің бригадасымен білім ошағын және үлкен балабақшаның құрылысына қатысады. Ал, 1989 жылы жұмыс барысымен Жуалы ауданына көшіп келіп, осында отбасын құрып, бүгінде екі баланың әкесі және үш бірдей немеренің сүйікті атасы.
Серік Қасымғалиұлы «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының Жуалы аудандық торабының және аудандағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің іргетасын қалап, құрылысын сапалы жүргізіп, оны қолданысқа берген. Қазіргі таңға дейін өзінің шағын бригадасымен жалпы саны 60-қа жуық жеке үйдің құрылысын атқарып, жергілікті халықтың алғысына бөленіп жүр.
Жұмыс барысында тек құрылыспен ғана айналысып қоймай, құрылысқа жаңадан келген жастарға бағыт-бағдар берумен қатар оларға осы сала бойынша жол көрсетуде. Себебі, құрылыс барысында жазатайым бір жағдай бола қалса, оның құны адам өмірімен тең болатын жағдайлар да кездесіп жатады. Сондықтан да қауіпсіздік шараларын сақтау – ең бірінші орында тұруы қажет.
– Құрылыс саласы маған менің жүрек қалауым әрі 40 жыл еңбек етіп үйреніп қалған кәсібім. Зейнет демалысына шықсам да, үйде қол қусырып отыра алмаймын. Әрі өзіміз жеке тапсырыс алып жұмыс істейтін болғандықтан, біз үшін міндетімізге алған құрылыстың сапалы болғаны маңызды, – дейді еңбекқор азамат.
Құрылысшы еңбегі – ғасырлар бойы сақталатын мұра. Біздің кейіпкеріміз сияқты ауданның түрленіп, сәулеттік келбетінің көркеюі жолында талмай еңбек етіп жатқан құрылысшылардың еңбегі орасан зор.
Қай салада еңбек етсең де, білікті маман болу үшін әуелі сол мамандықты жақсы көріп, табандылық танытқанда ғана тәжірибелі маман болып қалыптасып, биік жетістікке жететінің айдан анық.

Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close