Basty bet

Қайраткер атындағы қара шаңырақ

Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің шәкірттері жарқын жетістікпен қуантуда

Жуалыдай қасиетті өлкеден құз-қияға қанат қағып, есімі елге танылған ұландардың бірегейі – ұлт ардақтысы, жазушы-аудармашы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықов. Құрманбек Сағындықұлының ардақты есімі ел жадынан шықпайды. Қайраткер Құрманбек 1910 жылы Жуалы ауданының Шақпақ аймағындағы Ынтымақ ауылында туған. Әкесі Сағындық оңтүстік өлкеге белгілі сыйлы, ел сөзін ұстаған ардақты ақсақал болса, ал анасы Балақыз бір отбасының ғана емес, тұтас ауыл-аймақтың анасына айналған жан болған дейді көзін көргендер.

Құрманбек ең алғаш ауыл молдасынан ескіше хат таныса, 1922-1925 жылдары Аса және Әулиеата интернаттарында, кейіннен Шымкент қаласындағы Сырдария губерниялық орта мектепті бітіріп, 1930-1941 жылдары аралығында Жамбыл облысының Сарысу, Жуалы аудандарында мұғалім, инспектор, Жуалы-Түлкібас аудандық «Таусағыз» газетінің редакторы, Алматы кітап баспасының жауапты қызметкері, Қазақ радиосының бас редакторы қызметтерін атқарса, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, даңқты гвардиялық Панфилов дивизиясында жерлесі Бауыржан Момышұлымен бірге полктың саяси жетекшісі, майдан газетінің редакторы болды.
Құрманбек Сағындықовты Қазақстан республикалық радио-телевидение, бірқатар беделді газет-журналдың бас редакторы болып ұзақ жылдар қызмет атқарып, ел дамуына атсалысып, жас ұрпақтың тәрбиесіне өлшеусіз еңбек сіңірген, жазушы-аудармашы, журналист, ғалым, мәдениет және қоғам қайраткері ретінде де қасиетті Отан экономикасының жан-жақты дамып, халық тұрмысының түзеліп, гүлденуіне де қомақты үлес қосқан бірегей қайраткер ретінде танимыз.
Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылындағы №4 орта мектеп бүгінде Құрманбек Сағындықовтың есімімен аталады. Ұлт ардақтысының атындағы орта мектептің іргетасы 1914 жылы екі жылдық діни мектеп болып қаланып, кейіннен бастауыш, жеті жылдық, 1956 жылдан бері орта мектеп болып жұмыс атқарып келеді. 1980 жылы үш қабаттан тұратын 642 орындық мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілген. 1996 жылы бұл мектепке қоғам қайраткері, жазушы-аудармашы, Жуалы ауданының түлегі Құрманбек Сағындықовтың есімі берілген. Мектепте қайраткер атындағы музей бар. Онда Қ.Сағындықовтың фотосуреттері мен қолжазбалары, медальдары, т.б. жеке заттары қойылған.

Жарқын жетістік – жас ұрпақ болашағының кепілі

«Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейтін болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауында экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтінін айтқаны белгілі. Әлбетте, Президент атап өткендей, бұл мәселеде білім беру саласы айрықша рөл атқарады.
Бұл ретте №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің педагогикалық ұжымы әрбір жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындықпен кірісіп, білім бәйгелерінде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп келеді. 2024-2025 оқу жылындағы оқу-тәрбие саласындағы жетістіктер туралы айтсақ, жаңа оқу жылының басында 9-10 сыныптың оқушылары арасындағы «Менің шағын Отаным!» атты аудандық конкурста номинациялармен 9 сынып оқушылар Әлинұр Сайып І дәрежелі, Инабат Шымкентбай ІІ дәрежелі және Жансая Тұрсынбай ІІІ дәрежелі Дипломдармен марапатталды. Аталған байқаудың облыстық кезеңінде Әлинұр Сайып ІІ дәрежелі Дипломға ие болды.
Мектеп оқушыларының республикалық білім бәйгелерінде де жетістіктерге қол жеткізгенін айтқан жөн. Атап айтқанда, «Ақберен» республикалық өнер байқауының аудандық кезеңінде 10 сынып оқушылары Нұрдәулет Барат, Амина Мухитдин, Адина Мухитдин жүлделі орындар иеленсе, 11 сынып оқушысы Мансұр Сағындық шешендік өнер бағытымен Алғысхатқа ие болды. 8-11 сыныптар арасындағы «Дарын» ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінде 8 сынып оқушысы Гюнайым Мамедова, 9 сынып оқушылары Әлинұр Сайып, Инабат Шымкентбай, Аруна Күнтубек ІІ дәрежелі Дипломдармен марапатталды.
Мектеп оқушылары «Зерде» ғылыми жоба байқауында, «Ауыл олимпиадасының» аудандық кезеңінде «Алтын түлек» олимпиадасының өңірлік кезеңінде «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалды ойынынан алған жүлделері мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен аудандық семинарда пән мұғалімдерінің Алғысхатқа ие болғаны – қайраткер атындағы білім мекемесінің жетістігі.
Мектепте биылғы оқу жылында барлығы 476 оқушы білім алып жатса, оларға 86 мұғалім дәріс беруде.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close