Basty bet
Мемлекеттен көптеген қолдау мен жеңілдіктер бар
ал ендігі кезекте оны ауыл тұрғындары барынша тиімді пайдалануы керек
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен қатар, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Жергілікті деңгейдегі әкімдер ендігі кезекте халықпен жиі-жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен және ауылдардағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпал жасауға міндеттенеді. Мұндай кездесулер әрине, жергілікті халықтың арасындағы әлеуметтік, басқа да көкейде жүрген проблемалардың оң шешілуіне әрі оның уақтылы орындалуына жол ашатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуына, мемлекет басшылығының шешімдеріне ашық пікір айтуларына мүмкіндік тудырып отыр. Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айқындалған ел дамуының басты бағыттары – еліміздің өркендеуі мен мемлекетіміздің дамуына және тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталып отырғаны даусыз.
Президент аталған Жолдауда: «Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі»,- деп атап өтті.
Жергілікті тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес (алдын ала белгіленген), өткен аптаның жұма күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданға қарасты Нұрлыкент, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, жергілікті жерлерде туындап отырған проблемалық мәселелерге кеңінен қанығып, оның шешілу жолдарын да тұрғындармен бірлесіп талқылады.
Өңір басшысы ең бірінші кезекте Нұрлыкент ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Айта кету керек, жиынның жұмысына аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев қатысты.
Жиында алғаш болып ауылдық округтің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев баяндама жасап, есепті мерзімде атқарылған жұмыстардың бірсыпырасына тоқталды.
Иә, Нұрлыкент ауылдық округі ауданда халық саны жөнінен Б.Момышұлы ауылынан кейінгі екінші ірі әкімшілік аумаққа жатады. Ауылдық округте 841 аула, 4651 тұрғын тіркелген. Округ тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығы және диқаншылықпен айналысады.
Былтыр ауылдық округте тиісінше, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған бағдарламалардың аясында барлығы үш шаруа қожалығы ауыл шаруашылығына қажетті техникаларын жаңартуға жеңілдетілген несиелер алған. Атап айтқанда, «Қосбастау», «Төлеген», «Әлинұр» және «Тырнақбай» шаруа қожалықтары жаңа техникалармен қатар, жаңбырлатып суғаратын қондырғыларды жеңілдетілген несие қаражаттары арқылы сатып алды. Округте мүйізді ірі қараның саны 3 266 басты, уақ мал 8 612, жылқы 472 басты және үй құстары 10 555 басты құрап отыр. Кәсіпкерлік саласының жұмысын оңтайлы жүзеге асыру мақсатында қазіргі таңда округте 25 жеке кәсіпкерлік субъектісі және алты заңды тұлға, одан бөлек, 58 шаруа қожалық тұрақты жұмыс жасау үстінде. Осыншама кәсіпкерлік нысандарында барлығы 276 адам жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, ауылдық округте жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың белгіленген бағдарламасы негізінде округтің 14 тұрғыны мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант қаражатын иеленіп, өз кәсіптерін жүргізуге мүмкіндік алып отыр.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік саланың жұмысына келсек, ауылдық округте 2022 жылдың қорытындысымен жүзеге асырылып отырған «Ұлттық жобаның» аясында 400 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 13 азамат, арнайы оқуға 5 азамат, «Enbek.kz» платформасы аясында онлайн оқуға 7 азамат, «Бастау Бизнес» жобасымен 64 азамат, қайтарымсыз грантқа 14 азамат, “Жастар тәжірибесімен” 23 жастар, әлеуметтік жұмыс орындарына 3 азамат, қоғамдық жұмыстарға 42 азамат, тұрақты жұмыс орындарына 226 азамат, «Күміс жас» бағдарламасымен бір азамат жұмыспен қамтылды.
Ендігі кезекте 2022 жылы округте атқарылған жұмыстар туралы айтар болсақ, елдімекендерде көше жарықтарын жөндеу жұмыстары 2 млн 308 мың теңгеге атқарылған. Сондай-ақ, округке қарасты Түктібай ауылындағы Бердімбетов көшесіне және Нұрлыкент ауылындағы Атакент көшесіне асфальт жабындысы төселген. Онымен қатар, тал егу, көше бойындағы бейнекамераларды жөндеу, жол белгілерін орнату, көше жарықтандыру және «Асарлатып үй салу» жобасы аясында да бірқатар жұмыстар атқарылған.
Биылғы жоба-жоспарға сәйкес, ауылдық округте 2023-2025 жылдарға әзірленген жобалардың негізінде Нұрлыкент ауылындағы Ынтымақ, Бектаев, Шапағат және Болашақ көшелеріне орта жөндеу жұмыстарына және екі көшені жарықтандыру, Түктібай ауылына жаңа ауызсу жүйесін тарту және аталған ауылда 120 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысын жүргізумен қатар, округтің орталығы Нұрлыкент ауылының шаруаларына ағын су жеткізетін «Тихий» каналының батыс бөлігіндегі жеті шақырымын жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттама) дайындалған. Сәтін салса, аталған жоспарлы жұмыстар биыл жүзеге асырылмақшы. Округ орталығы тұрғындарының жартысынан астамының диқаншылықпен айналысып, отбасын асырап отырғанын ескерсек, ауылға ағын суды жеткізу мәселесі өте маңызды болып саналады.
Аудан басшысымен кездесу барысында аталған мәселені ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Назар да мәселе ретінде көтерді. Айта кету керек, жиында одан бөлек, зейнеткер Айтас Қайыпов Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу туралы мәселені көтерді. Жиында тұрғындар тарапынан одан басқа да ұсақ-түйек мәселелер айтылды.
Жиынның жұмысына қатысқан аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев те сөз сөйлеп, олар өз кезегінде өңір тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызына тоқталып, ҚР заңнамаларына енгізіліп отырған жаңа өзгерістер жөнінде де кеңінен түсінік берді. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарын қазір қоғамды алаңдатып отырған интернет алаяқтықтан, тағы басқа арандатушылықтардан сақ болуға шақырды.
Тұрғындармен кездесу жиынын аудан әкімі Жалғас Мұртаза қорытындылап, бірқатар маңызды мәселелер жайында сөз қозғады.
-Былтыр есепті мерзімде Нұрлыкент ауылында бірқатар жұмыстар атқарылды. Аталған ауылдық округ аудандағы ірі елдімекендердің қатарына жатады. Тиісінше, бұл округте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың да қатары көп. Ал алдағы жылдары бұл округте «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жөніндегі пилоттық жоба сәтімен жүзеге асырылатын болса, тиісінше, әлеуметтік көмек алатын отбасылардың да қатары азаяр еді.
Өздеріңізге белгілі, аталған пилоттық жоба биыл өңірдің екі ауылдық округінде жүзеге асырылу үстінде. Оған ауыл тұрғындары мен шаруалардың қызығушылығы өте жоғары. Бұл ретте оған қатысатын азаматтарға 2,5 процентпен несие ұсынылып, түрлі жобалардың аясында кәсіп ашуға мүмкіндік беріледі. Жалпы бұл жобаның қатысушыларына мемлекет тарапынан жасалатын қаржылық сүйемелдеу мен мүмкіндіктер мол. Тек оны тиімді пайдалана білу қажет. Мемлекет бұл ретте ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруды басты мақсат етіп қойып отыр. Біз де тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге көңіл бөлудеміз.
Жалпы өңірлерді дамыту бағытындағы жұмыстар Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары арқылы жүзеге асырылу үстінде. Жоспар – бюджеттік инвестициялық жоба және екіншісі жеке инвестициялық қаражат есебінен ауылдарға қаражат тарту есебінен жүзеге асырылады. Ендігі кезекте әкімдердің жұмысы дәл осы облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарында белгіленген екінші жобаны тиімді жүзеге асыруға байланысты бағаланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да, облыстың басшысы Нұржан Нұржігітовтың де біздің алдымызға қойып отырған негізгі міндеттерінің бірі осы,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Ендігі кезекте 2023 жылы Нұрлыкент ауылдық округінде атқарылатын жұмыстарға тоқталсақ, биыл ауылдық округтің орталығында төрт көшені орта жөндеуден өткізу көзделуде. Ол үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен қаражат қарастырылады деп күтілуде. Одан бөлек, алдағы жылдары округке қарасты Түктібай ауылында да бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Атап айтқанда, ауылдың ауызсу жүйесі жаңғыртылмақшы. Ол үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Мұндағы екінші маңызды мәселе – ауыл мектебін күрделі жөндеу немесе жаңадан салу. Аудан басшысының айтуынша, ауылға жаңа мектеп ғимаратын салу мәселесі облыс басшылығының қолдауына ие болып отыр. Бұйыртса, алдағы жылдары Түкібай ауылынан жаңа мектеп бой көтереді деп күтілуде. Одан бөлек, «Тихий» каналаның басты бөлігі тазаланады. Жалпы аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауылдық округке қатысты мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, тұрғындарды барлық мәселеге түсіністікпен қарауға шақырды.
Жиыннан кейін аудан басшысы жекелеген тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарын назарға алды. Кейбірінде қабылдау барысында түсініктер берді.
***
Кестеге сәйкес, аудан әкімі Жалғас Мұртаза келесі кезекте Ақтөбе ауылдық мәдениет үйінде Қызыларық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын жұмысына аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев қатысты.
Жиынды ауылдық округтің әкімі Ермұхан Сүгірбеков ашып, атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Ауылдық округтің ауыл шаруашылығы саласына бейімділігін ескерсек, былтыр округте ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында екі шаруа қожалық 37,4 млн теңгеге екі дана «Беларусь-82,1» маркалы тракторын тіркемесімен және құны 5,0 млн теңге тұратын жүгері оруға арналған комбайн сатып алған. Одан бөлек, «Алатау» шаруа қожалығы қомақты қаражатқа екі дана жаңбырлатып суғару техникасын алса, «Вадим» ШҚ дискілі дәнсепкіш сатып алып, техника паркін жаңартуға өз үлестерін қосты. Айта кету керек, техниканы жанарту жоспары 14 дана болса, соңғы есепке сәйкес, оның 11 данасы сатып алынды.
Округте есепті мерзімде басқа да салалалар бойынша жұмыстар өз деңгейінде атқарылды. Бұл туралы ауылдық округ әкімінің баяндамасында айтылып, алда атқарылатын жұмыстарға да біршама шолу жасалды. Даму жоспарының инвестициялық жобаларға сәйкес, 2023 жылы ауылдық округте барлығы алты жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Жиынның сұрақ-жауап және ұсыныс бөлімінде ауылдық округтің тұрғындары ауызсу, көшелерді жарықтандыру, мал жайылымы мәселесі мен малдарға ветеринариялық көмекті дер кезінде көрсету, қаңғыбас иттерді ұстау, т.б. мәселелерді айтты.
Сәтін салса, биыл округтегі Сұрым ауылының жоғары бөлігіндегі ауызсу мәселесін шешу, Қызыларық ауылы және Ақтөбе ауылындағы шағын ойын алаңшаларын жөндеу мәселелері, сонымен қатар, тағы басқа да ірілі-ұсақты әлеуметтік мәселелер өз шешімін таппақ.
***
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза келесі кезекте Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Онда ең алдымен ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралапов есепті мерзімде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда атқарылатын бірқатар жұмыстарға тоқталды. Биыл округте (Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтоған ауылдарында) ауызсу мәселесі шешілетін болса, одан бөлек, ендігі кезекте ауыл көшелерінің жолын жөндеу және көшелерді жарықтандыруға көңіл бөлінбек.
Аса маңыз беріп айта кететін болсақ, Нұрлыкент, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінде өткен кездесу жиындардың барлығында аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Нұрлан Бейсеқұлов ауыл тұрғындарына тұрмыстық улы газдан сақтанудың жолдарын айтып, газ пайдалануда сақтық және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды, сонымен қатар, газ жабдықтарын орнату мен орнын ауыстыру үшін аудандық газ шаруашылығы мекемесінің мамандарына жүгінудің қажеттігін түсіндірді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»