Basty bet
Мемлекет басшысының атынан ауызашар берілді
Рамазан - мұсылмандар үшін қасиетті де берекелі ай
Рамазан – рақым айы. Алла Елшісі: “Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі”,- деген. Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамға Алла тағала оны мейіріміне бөлейді. Кешіргенге кешірім жасалады.
Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп: “Он екі айдың сұлтаны” деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал, ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.
Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғасып, жаңғыру үстінде.
Осы орайда 7 сәуір жұма күні аудан орталығындағы “Несібелі” мейрамханасында Мемлекет басшысының атынан ауызашар берілді. Ауызашарға ораза ұстаған қарапайым еңбек адамдары, ауылдық округтердегі қадірлі қариялар мен аудан тұрғындары шақырылды.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, қасиетті айда Алла тағалаға жасайтын құлшылық, дұға-тілектерінің қабыл болуына тілектестігін білдіріп, игі дәстүріміздің халықты береке-бірлікке шақыратынын атап өтті.
Ауданның бас имамы Асхат Ақмамбетов дүниеден озған мұсылман бауырлардың рухына Құран бағыштап, рамазан айының қадір-қасиетімен оның денсаулыққа пайдасы турасында кеңінен әңгімеледі.
Ауызашарға жиналған көпшілік ризашылықтарын білдіріп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта берсін деген игі тілекпен тарқасты. Алла тілегімізді қабыл етсін!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»