Basty bet

Мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап жоғары

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше маңызды рөл атқаратыны белгілі. Ол қоғамның тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етуде және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді.
Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуга ықпал етуге септігін тигізеді. Әдептің қоғамдағы басты қызметі тұлғалық қатынастарды адамгершілік талаптарына сәйкес ретке келтірумен байланысты. Бұл сипатта «Әдеп» ұғымы мәдениеттің іргелі бір құрамдас бөлігіне жатады. Мәдениеттің қалыптасу барысында ізгі мінез-құлық белгілері әдептілік талаптарына айналып отырған.
Халқымыз әдепті де сыйластық қарым-қатынасқа ежелден-ақ көңіл бөледі. Осыған байланысты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер де аз емес. Атап айтар болсақ, «Әдептілік иесі – иіліп сәлем бергені», «Ұлық болсаң кішік бол» және «Кішіпейділік – кішілік емес кісілік» деген ұлағаттар халық ұстанған тәлім-тәрбиенің жүйелі бағдарын айқын меңзеп тұрған жоқ па?!
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейтін «Әдеп кодексі» қоғамның мемлекеттік қызметшілерге сенімін нығайтуга және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларын алдын-алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметтік әдептілік қағидаттарына келер болсақ, адал ниеттілік, адалдық, әділдік ашықтық, сыпайылық болып табылады.
Нақтырақ айтқанда, адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету; адалдық – өз міндеттеріне шынайылықпен қарау, әділдік – жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық топтары мен ұйымдарына ықпалына қарамастан кез-келген мән жайлар бойынша бір жақты кемсітуге жол бермеу болып табылады. Ал ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болу және өз іс-қимыл ашықтығын қамтамасыз ету. Ұжымда түсіністік пен сенім атмосферасын қалыптастыру, сондай-ақ қызметтік әдеп нормаларын сақтау, сыпайылық – азаматтармен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесі мен іскерлік қасиеттеріне қойлатын талап күшейе түсуде. Мемлекеттік қызметшінің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге іскерлік пен ұстамдылыққа сай болуы тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметші халықпен тікелей жұмыс жасайтындықтан, оның басты міндеті – әдеп нормаларын қатаң сақтап, қарапайым болуды ұстанса деген тілек бар.

Руслан Айтбаев,
аудан әкімдігінің
кәсіпкерлік және өнеркәсіп
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close