Basty bet
Халықтың сұранысына қарай жұмыс істеуге тиіспіз!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен қатар, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Жергілікті деңгейдегі әкімдер ендігі кезекте халықпен жиі-жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен және ауылдардағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпал жасауға міндеттенеді. Мұндай кездесулер, әрине, жергілікті халықтың арасындағы әлеуметтік, басқа да көкейде жүрген проблемалардың оң шешілуіне әрі оның уақтылы орындалуына жол ашатыны сөзсіз.
Жергілікті тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес, сәрсенбінің сәтті күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, сонымен қатар аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім басшылары мен жауапты мамандары Б.Момышұлы ауылына және Шақпақ ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Сонымен қатар, аталған ауыл мен ауылдық округтегі әлеуметтік нысандарды аралап, ондағы қалыптасып отырған нақты жағдайлармен танысты.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза алдымен Бауыржан Момышұлы ауылындағы Б.Момышұлы, С.Бейбарыс көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру және Л.Сейітбеков көшесіне салынып жатқан суағар лотоктың жұмыстарын аралап көріп, аудандағы «АҚМОЛ-2025» ЖШС сүт өңдеу цехының жұмыс барысымен қанықты.
Әрі қарай өңір басшысы Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесуді аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Өтемісұлы ашып, жүргізіп отырды.
Ауыл тұрғындарымен кездесуде сөз алған аудан басшысы жергілікті тұрғындарға ең керегі – көгілдір отын, ауызсу, электр жарығы және сапалы жол екенін айтып, әсіресе жолдардың сапасына бақылауды күшейту керектігін жеткізді. Сондай-ақ, кездесуде тұрғындар тарапынан тек шындық және шынайы ұсыныс-тілектер болу қажеттігін тілге тиек етті.
Жиын барысында сөз алған ауданның Құрметті азаматы Шәкіржан Мамаджанов ауданнан «Ардагерлер саябағы» ашылып, ол саябаққа жазушы-публицист Шерхан Мұртазаның есімі берілсе деген ұсынысын жеткізсе, ауыл тұрғыны Ғабит Байділдаев Л.Сейітбеков көшесіне электр жарығын орнатып беруді сұрады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары Алма Оразбаева көшесіне асфальт жамылғысын төсеу және көшеге электр жарығын орнатуды өтінсе, енді бірі 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйдің халық игілігіне берілу мерзімінің кешігіп жатқандығын айтты.
Сондай-ақ, ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Байжан Төреханов аудандағы орталық базардан қатынайтын қоғамдық көліктердің тұрғылықты орнын белгілеу, бүлдіршіндердің қауіпсіздігі үшін аудандағы балабақшалардың ғимаратын қатаң бақылау, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту немесе кәсіпкерлікке тарту сияқты т.б мәселелерді көтерді. Одан бөлек, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, қайтарымсыз грант қаражатын алған азаматтардың жұмысын зерделеу қажеттігін алға тартты.
Жиында көтерілген мәселелердің барлығына қаныққан аудан басшысы, оның шешілу жолдарын ауыл тұрғындарымен бірге саралады.
****
Аудан басшысы Ж.Мұртаза түстен кейін Шақпақ ауылдық округіне қарасты Т.Дүйсебайұлы, Шақпақата, Ынтымақ ауылдарындағы білім беру ошақтарының және денсаулық сақтау ұйымдарының жай-күйін бағамдап, ауылдық клуб, кітапхана, балабақшаның және «Хадиша апа» сүт өңдеу цехының жұмысымен танысты.
Атап айтқанда, бірінші кезекте Т.Дүйсебайұлы аулының тыныс-тіршілігімен танысқан аудан басшысы, Шақпақата ауылындағы «Хадиша апа» сүт өңдеу цехының жұмыс барысын көріп, цех қызметкерлерінің жұмысына оң бағасын беріп, жұмысшыларға сәттілік тіледі.
Ауыл тұрғындарымен кездесу жиыны №4 Балалар өнер мектебінде өтті. Мұнда жиналған ауыл тұрғындарының қарасы көп болды. Тұрғындар жолдаған сауалдардың дені ауылішілік жол салу болса, ауылдық округтің билер кеңесінің төрағасы, ауыл имамы Пернебек Бердімбетов Шақпақ стансасынан Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепке бірнеше бала қатынап оқитынын, осы орайда республикалық мәндегі жолдағы айналма жолды, оқушыларға ыңғайлы етіп жасау керектігі туралы ұсынысын білдірді.
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жай ғана айтыла салған сөз емес. Расыменде халықтың, әр тұрғынның ұсыныс-тілектерін тыңдап, олардың мәселелерін іс жүзінде жүзеге асыратын кез жетті. Әрине, тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе, оның ішінде жол, ауызсу, жайылым жер, көше жарығы сияқты мәселелер аудан басшысы ретінде әрдайым менің назарымда және бұл проблемалы мәселелер жоспарлы түрде және заң аясында шешімін табатын болады.
Дана халқымыз «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп тектен-тек айтпаған. Сондықтан ауыл ақсақалдары, аға буын өкілдері өсіп келе жатқан жас буынға үлгі болып, дұрыс тәлім-тәрбие беру ісін мықтылап қолға алуы тиіс. Сонда ғана қаңтар айында орын алған «Қаңтар қасіреті» оқиғасы қайта болмайды, – деген аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы, егін шаруашылығы науқаны қызып тұрған кезде уақыт бөліп келген ауыл тұрғындарына алғысын білдіріп, сөзін түйіндеді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»