Basty bet

Өнерлі бала – өрелі бала

«Судың сүзілмейтіні, өнердің үзілмейтіні» секілді қазақ өнерін ғасырдан-ғасырға жеткізіп, мерейін асырып, төл өнерімізді төрге оздырып отырған баршаға үлгі боларлық жандар аз емес. Қазақ халқы қашанда жақсы жарымен, жақсы атымен, жақсы баласымен мақтанған емес пе?! Бала дегеніміз – ол біздің болашағымыз, әрі айнамыз.

Баланың саналы азамат болып қалыптасуы тікелей отбасындағы тәрбиеге байланысты. Ата-ана перзентінің бойындағы қабілеттерін дұрыс аша білсе, онда кез келген бала өз мүмкіндігін дұрыс пайдаланары сөзсіз. Сол себепті, қазақ халқы «тәрбие тал бесіктен басталады» деп отбасындағы баланың тәрбиесіне аса мән берген. Біз де осы өнегелі жолмен жүріп, бауыр еті баламыздың бойындағы қабілетіне қарай жетелеп, жол көрсеткеніміз жөн болар.

Осы ретте, «өнерлі бала сүйкімді» демекші, бір отбасының үш баласы бірге киелі сахна төрінде ән шырқап, көпшілікке өнерлерін паш етіп жүрген жайы бар. Яғни, бүгінгі біз сөз еткелі отырған ағайынды Ринат, Томирис және Нұрислам Әмірқұл Күреңбел орта мектебінің оқушылары.

Бұл балалардың патриоттық рухтағы әндерін Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепте ұйымдастырылған «Жомарт түлек» атты іс-шарада тыңдаған едік. Әнді жүрекпен сезініп, көпшілікке жеткізген балалардың өнеріне көпшілік сүйсінді. Олардың сахнада өзін-өзін ұстауы, мәдениеті де қалыптасқанының куәсі болдық. Әсіресе, кішкентай Нұрислам «Тәуелсіз елім!» деп ән шырқағанда бойыңда патриоттық сезімің оянады.

Бірлігі жарасқан өнерлі балалардың өнерге деген ықыласы, қызығушылығы туралы аналары Меңтай Бақытқызынан сұрап, аз-кем сұхбаттасқан едік.

Анасының айтуынша, үйдің тұңғышы Ринат 11 сыныпта оқиды. Оқуда үлгерімі жақсы. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол ақкөңіл, ашық, көпшіл, өзін кез келген ортада еркін ұстайды, жауапкершілігі де жоғары.

Ринат мектеп президенті. Бұл жұмысты да жауапкершілікпен мойнына алып, қатарластарымен, мектеп оқушыларымен ортақ тіл табысып, түрлі шаралардың басы-қасында жүреді.

Ол “Өнерге қанат қаққандар” байқауының «Алтын» жүлде иегері, “Burabai Summer Fest” жобасының жеңімпазы, “Тараз жұлдыздары” байқауында “Үздік эстрада орындаушысы” номинациясына ие болған. Одан бөлек, Ринаттың актерлыққа және спортқа деген қызығушылығы жоғары.

Ал, қыздары Томирис Күреңбел орта мектебінің 6 сынып оқушысы. Ол көбінесе қолөнерге бейім. Бос уақытында түрлі қолөнер бұйымдарын жасағанды ұнатады. Оқуын жақсы аяқтап, болашақта дизайнер мамандығын таңдауды армандайды.

Отбасының сүт кенжесі Нұрислам 4 сыныпта оқиды. Жасы кішкентай болса да, бауырларының ізінен қалмай, өнерге бейімделіп жүрген жайы бар. Ол өткен жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен мектепішілік ән байқауында бас жүлдеге ие болып, алғашқы жеңіске қол жеткізген.

Олар көбінесе патриоттық рухтағы әндерді шырқайды. Қазіргі таңда ағайынды Әмірқұлдар «Ассалаумалейкум», «Туған күн», «Тәуелсіз елім», «Достарым», «Қазақ елі» әндерін бірге орындап жүр.

– Мен балаларымды кішкентайынан өнерге баулып, бос уақыттарында бірге ән іздеп, киімдерін ойластырып, жас ерекшеліктеріне қарай ән таңдап, өлең шығарып отырамыз. Балалар ауылдық, аудандық байқауларға қатысып тұрады. Балаларымды өнерге, спортқа баулыған себебімнің бірі, олардың бос уақыттарында пайдалы істермен шұғылдандыру, яғни жаман әрекеттермен айналысуларына жол бермеу, –  дейді М.Бақытқызы

– Өзім де кішкентайымнан ән айтып өстім, өзім жетпеген шыңға балаларымды шығарғым келеді. Сол себепті, үйде балаларға сахнаға шығу, түсу мәдениетін, өзін-өзін ұстауын, әнді жеткізуін үйретіп отырамын. Бала сахнада неғұрлым мәдениетті болса, соғұрлым көрерменді өзіне қарата алады.

Үшеуінің мінезі үш түрлі. Үлкеніміз ашық болса, Томирис тұйық мінезді. Қызымыздың бойында ибалылық, ұяңдық, биязылық қасиеттері басым. Ал, кенжеміз көпшіл, бастауыш сыныпта оқыса да, тіл байлығы жақсы. Ешқандай қоғамдық жұмыстардан тыс қалмайды. Сабақтарын да жақсы оқиды. Екі ұлымыз да шығармашылыққа бейім. Бос уақыттарында өлең шығарып, патриоттық өлеңдер оқығанды ұнатады. Болашақта ұлдарым өнер жолына түсуді ойлайды.

Перзенттеріміздің қайырымды, саналы, мейірімді, адамгершілігі мол, жауапкершілігі жоғары болып өскенін қалаймыз. Осы адами жоғары қасиеттерді олардың бойына сіңіруге күш салудамыз. Балаларымыз өздері қалайтын мамандықтың иесі болып, саналы, білімді азаматтар мен азаматша болса деп армандаймыз, – дейді анасы.

Отанасының балаларға ерекше көңіл бөліп, өнерге баулығанын отағасы Марат Садықов та қолдайды. Шаруа қожалығының жұмысын жолға қойған Марат Әмірқұлұлы балаларына үнемі қолдау көрсетіп отырады.

Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Өнерлі балалардың тәрбиесіне сексеннің сеңгіріне шыққан Әмірқұл қария мен Қалима әжей де араласып, өнегелі ұрпақ қалыптастыруға атсалысуда. Әмірқұл қария аудандық қариялар байқауының жеңімпазы екен. Сонымен қатар, Марат ағаның жанұясы аудандық ” Парасатты отбасы” байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, облыстық байқауда «Шығармашыл отбасы» номинациясына ие болған. Міне, осындай мерейлі, үлгілі отбасында тәрибиеленіп отырған үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздың болашағы жарқын болары сөзсіз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close