Basty bet
Латын әліпбиінің реформасы – заман талабы
Тілдерді дамыту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу – ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің, халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың түпқазығы болып табылады.
Халқымыздың біртуар перзенті, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ», – деп тіл жайында терең толғанады.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Тіпті Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы күннен-күнге арта түсуде. Бұл жағдайды қазақ тіліне көрсетіліп отырған құрмет деп түсінуіміз қажет. Бүкіл өркениетті адамзатпен бірге жаңа даму жолына бет түзеген Қазақстанның, оның мемлекеттік құрылысының алдында тұрған міндеттері күрделі, ауқымды әрі алуан түрлі. Солардың ішіндегі ең бір өзектісі, рухани-тарихи маңызымен ұрпақтар сабақтастығы, тәрбиесі мен болашағы үшін орны ерекше проблема – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуын іс жүзінде қамтамасыз ету.
Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Мемлекеттік тіл – азаматтық сәйкестіктің басты нышандарының бірі. Әлеуметтік-лингвистикалық модель тұрғысынан алғанда, ол ең алдымен, осы мемлекеттегі сан алуан ресми қарым-қатынастарды жүзеге асыратын тіл. Сол себепті, бұл мәселе кешенді Тілдерді қолдану мен дамытудың Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған.
Бағдарламада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру көзделеді. Мемлекет басшысы нақты шаралар негізінде еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау және қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.
Осыған байланысты Бағдарламада Қазақстан аумағындағы терең тарихи, мәдени және психологиялық базасы бар мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретінде толыққанды қолданылуы қажетті шаралар көзделген.
Сондай-ақ Бағдарлама этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға, оның ішінде ел азаматтарының лингвистикалық капиталын ұлғайтуға қолайлы жағдай жасауға негіз болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек»,- деп қазақ тілін дамытуға қатысты өз ойымен бөлісті.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда үш тұғырлы тіл, яғни мультилингвизм ұстанымы қолданысқа ене бастады. Бұлар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерушілер санын арттыру. Аталған ұстаным мемлекеттік бағдарламаларда нақты индикаторлармен көрініс тауып, жүзеге асырылуда. Алайда, тілдік алаңда әлі де билингвизм (қазақ және орыс тілдері) сипатының басым екенін, ағылшын тілінің азаматтар арасында енді тарап келе жатқанын байқауға болады.
Бұл мемлекеттік саясаттың қазақ тілін қолдау үрдісі мен елдегі демографиялық үрдістер аясында орыс тілінде сөйлейтін әлеуметтік және этникалық топтардың азайып, қазақ ұлты санының өсімен де тығыз байланысты. Шетелдегі қандастарымызды ата жұртына қоныс аудару саясаты да елдегі тілдік балансқа ықпал етті. Сондай-ақ, урбанизация үрдісі аясында ауыл тұрғындарының қалаға көшуі қаладағы қазақ тілді қазақтардың санын күн санап арттырып келеді. Бұл да мемлекеттік тілдің қолданыс ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік беруде.
Тіл саясатында соңғы жылдары орын алған маңызды өзгерістің бірі қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстары.
Мақсаты: қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Латын – кең таралған жазу. Латын әліпбиіне көшу қазақ халқының тарихындағы ең маңызды бетбұрыстың бірі екені анық. Қолға алынып отырған әліпби реформасы жалпыхалықтық сипат алып, қалың көпшіліктің қолдануына ие болғанда ғана нәтижелі болады,- деп ойлаймын.
Латын әліпби реформасы – заман талабы десек, оған көшудің тиімді жолдары, осы мақсатта атқарылатын іс-шараларды халық арасында кеңінен түсіндіру, насихаттау, болып табылады.
Латын – кең таралған жазу. Қоғамдық сананы жаңғырту жаңа әліпби жасаудан басталады. Тілдің халықаралық мәртебесін көтеру әлемдік өркениетке жетуіміздің айқын жолы. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін болады. Түбі бір түркі дүниесі негізінен латын қарпін қолданады. Тұтас түркі әлеміне жақындай түсеміз. Сондықтан олармен рухани, мәдени, ғылыми экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысымызды күшейткеніміз абзал. Латынға көшудің түпкі идеясы да осында жатыр.
Қазіргі зиялы қауым өкілдері латын қарпіне көшуді әлемдік өркениет жетістіктеріне алып баратын негізгі жол деп есептейді. Сонымен бірге, шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасауларын да жеңілдетеді. Ақпарат және телекоммуникациялық саладағы қолжетімділік те артады.
Әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да еш қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Қысқасы, бұл әбден құптарлық қадам деп санаймын. Бұл балаларымыздың болашағы үшін игі іс болса, оны неге қолдамасқа?! Бұл мәселенің маңыздылығын тереңдеп ойлап қарасаңыз, өте қажет дүние. Жастардың да көбісі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, уақыт өте келе қолданысқа енеді деп сенемін.
Шет тілін, яғни, ағылшын тілін білетін мамандарға, студенттерге, оқушыларға жетілдірілген латын графикасын үйреніп алу қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Себебі, жастар пайдаланатын компьютерлік техникалар, құрал-аспаптар, ұялы байланыстар, ғаламтор сілтемелерінің басым бөлігі латын қаріптер үлгісімен жазылған. Қазіргі жастар телефон немесе компьютерде хабарлама жіберу үшін осы әліпбиді пайдаланғанды жөн көреді.
Бұл көңіл қуантатын жағдай. Дегенмен, олардың барлығы сауатты түрде пайдалана алмайды. Сондықтан қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін, үндестік заңдылығын жоғалтпай, жан-жақты ойластырылған жетілдірілген әліпби жасап шығару – тіл мамандарына қойылған талап. Осы мәселе жедел түрде шешімін тапса, қоғам да, жастардың да, тез бейімделіп кетері анық. Сол себепті болар, тек жастар немесе қарттар ғана емес, еліміздің әрбір тұрғыны бұл бастаманың оңды екендігін сезінуде. Мамандардың пікірін тыңдасақ, олар егер біз латын қарпіне көшсек, біріншіден, өзіміздің төл әліпбиіміз, төл жазуымыз пайда болады. Екіншіден, бұл – халықты біріктіретін тағы бір игі амалдың бірі.
Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының»
Жуалы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі