Basty bet
Еңбекпен егіз жаратылған
Қай кәсіптің болсын көзін тауып, сол арқылы отбасының табысын еселеу адам баласы үшін бұлжымас қағида. Қарапайым еңбек адамы сапында жүріп, мамандығына адалдық таныту арқылы көптің ықыласына кенелген азаматтарды кейінгі жастар үлгі тұтуы керек
“Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі” дейді халық даналығында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман.
Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.
Иә, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз.
Ал, шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында қаншама жандар бар. Олардың да істеп жүргені еңбегі ұшан теңіз. Осындай еңбегімен елге, өзінің ортасына сыйлы болып жүрген азаматтың бірі – Ержан Таңатов. Ол Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылында туған. Осындағы №4 Қ.Сағындықов бұрынғы (Киров) атындағы орта мектепте білім алған. 1980 жылы мектепті бітіргеннен соң сол ауылдағы СПТУ-да механизатор, электрик, дәнекерлеуші мамандықтарын алып шығады. Содан 1987 жылдан бастап трактор жүргізеді. Механизатор мамандығы – ауыл шаруашылығы саласындағы ең маңызды мамандықтардың бірі. Ауылдық жерлерде бұл кәсіп иелеріне деген сұраныс жоғары. Дегенмен, бүгінгі таңда тракторларды негізінен орта және аға толқын өкілдері жүргізетіні жасырын емес.
– Бала кезден техникаға жақын болдым. Ауылға келген механизаторлардың жанынан шықпаймын. Техникаға жақындығымды байқаған олар да мені қажеттеріне жұмсайтын. Қазір өзім де солар секілді тәжірибелі механизатор болдым. Механизатор болу тек техниканы жүргізу емес, бұзылған жағдайда ақауын тауып, жөндеу. Жастайымнан еңбекке ерте араласып, техниканың қыр-сырына қанық болғанымның арқасында «Енисей» комбайны мен трактордың түр-түрін жүргіздім. Таңмен таласып техника рөліне отырып кешке дейін тыным таппаймыз. Егістікті қоректендіру, жер жырту, астық жинау секілді жұмыстарды атқарамыз. Бір жұмыс бітсе, келесісі дайын тұрады. Шаруаның бәрі уақтылы жасалуы қажет. Қазіргі таңда механизатор мамандығын игергендер ауданда, тіптен, ауылда азайып бара жатқандай. Әрине, Ақбастау ауылындағы колледжде жыл сайын басқа да мамандық иелерімен бірге механизаторларды да дайындайды. Алайда, олардың барлығы бірдей техника рөліне отыра бермейді. Себебі, олар мамандықты жүрек қалауымен таңдамаған болар. Ал, жүрек қалауынсыз жұмыс жұмыс болмайды. «Адамды адам еткен – еңбек» демекші, мен өзім таңдаған сүйікті мамандығымның арқасында адал нәпақа тауып, отбасын асырап отырмын – дейді білікті механизатор Ержан Жүзбайұлы.
Бүгінгі еңбек адамы Ержан механизаторлықтан бөлек дәнекерлеуші мамандығын да толық игерген. Ол қазіргі таңда көбінесе шаруа қожалықтардың техникаларын жөндеп, қосымша табыс табады. Ал кейіпкеріміздің ұлдары да әкесінің жолымен қуып механизатор мамандығын игерген. Өздерінің жеке тракторы мен ГАЗ-53 жүк көлігі бар. Одан бөлек, 10 гектардай егістік жерге арпа және көп жылдық шөп егіп күтіп-баптайды екен.
Өз ісіне асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын Ержан Жүзбайұлының ұжым, ауылдастар арасында мәртебесі биік, абыройы асқақ. Отбасында жұбайы екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»