Basty bet
Аумақтық тұтастық – ел тұтастығының кепілі
«Теріс-Ащыбұлақ» оқу-жаттығу полигонында әскери міндеттілердің тексеру жиыны басталды
Жаһандағы геосаяси жағдай сәт сайын құбылып тұрған қазіргідей күрделі кезеңде ел қорғанысының бекем болғаны барлығынан маңызды. Қазіргі таңда дүниенің түкпір-түкпіріндегі шиеленістер мен қақтығыстарға байланысты біздің еліміздің де әскерлері түрлі сын-қатерлерге дайын болуы қажет. Солардың қатарына аумақтық қорғаныс әскерлері де кіреді. Қарулы Күштердің құрамына кіретін осынау құрылымдардың жасақталып, жұмыс істей бастағанына онша көп уақыт бола қойған жоқ.
Анығында, аумақтық қорғаныс әскерлерінің міндеттері мен атқарып жүрген қызметі жайлы қоғамда нақты түсінік қалыптаса қоймағанымен, қалың бұқара мұндай құрылымдардың бар екенінен аз да болса хабардар деп ойлаймыз. Себебі, бұған дейін аумақтық қорғаныс әскерлерінің нақты міндеттері туралы бекітілген тиісті тапсырмалары бар.
Ал 2017 жылдың 13 маусымында қол қойылған Қазақстан Республикасының «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №69-VI Заңына сәйкес, аумақтық қорғаныс құрылымдарына ҚР ҚК аумақтық әскерлері мәртебесі берілді. Қорғаныс министрлігінің аумақтық әскерлерді басқару жөніндегі өкілеттіктері мен функциялары бекітілді.
Олардың міндетіне халықты, объектілер мен коммуникацияларды қарсыластың түрлі әрекеттерінен, диверсиялық немесе террорлық актілерден қорғау кіреді. Айта кету керек, 2018 жылғы сәуірде әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары Қазақстан Республикасы Қарулы күштері аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта құрылды. Сол жылы мамыр айында өткен Жауынгерлік парадта Президент облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне құрамалардың жауынгерлік туларын табыс еткен болатын.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Ел іргесінің бүтін болуы, жалпы ел өңірлеріндегі аумақтық қорғанысты нығайту мәселесі қазіргі таңда күн тәртібінде тұр. Аумақтың тұтастығы – елдің тұтастығы мен халықтың амандығының кепілі. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген әскери міндеттілердің жиынын өткізіп тұрады. Аумақтық әскерлер мен жергілікті атқарушы органдар лауазымды адамдарының оқу-жаттығулары мен біліктілігін арттыру курстарын өткізу жұмыстары да бір жүйеге түскен деп айтуымызға болады.
Бүгінде Аумақтық қорғаныс әскерлері Қарулы күштердің ауқымы кең оқу-жаттығуларына тұрақты түрде қатысып, өздерінің міндеттерін сәтті орындап жүр.
Оқырманға түсінікті болу үшін қарапайым тілмен айтатын болсақ, аумақтық қорғаныс әскерлері жергілікті жерлердегі әскери міндеттілердің арасынан жасақталады. Олар негізінен стратегиялық маңызы бар объектілерді және коммуникацияларды қарсыластың әрекеттерінен, диверсиялық актілерден немесе терроризм актілерінен қорғау, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы режимдері кезінде белгілі бір аумақтың қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етеді.
Осыған сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар айында аумақтық қорғаныс әскерлері туралы жалпы түсінікті қалыптастыру және олардың атқаратын қызметі туралы аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында арнайы жиын өткізілген болатын.
Жиында сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі көмекшісі-облыс әкімі аппаратының жұмылдару дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ермек Абдуллаев: «Іс жүзінде аумақтық қорғаныс әскерлері ұлттық қауіпсіздікті сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі. Қазақстан қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге қарсы тұра алатындай аумақтық қорғаныстың пәрменді жүйесін ұйымдастыруға айрықша мән беріп отыр», – деген еді.
Айта кетсек, аумақтық қорғаныс жүйесін нығайту бұқара мен Қарулы Күштердің тізе қоса әрекет етуіне мүмкіндік беретін тиімді тетіктердің бірі. Осы ретте аумақтық қорғаныс әскерлері бес жылда бір рет әскери жиынға қатысуға міндетті. Мұның алдындағы облыстық әскери жиын облыстың Жамбыл ауданында өткізілсе, биылғы жиын Жуалы ауданының аумағында өтуде.
Атап айтқанда, әскери міндеттілердің тексеру жиыны 91678 әскери бөлімінің «Теріс-Ащыбұлақ» оқу-жаттығу полигонында өтуде. Жиынның тәртібіне сәйкес, осында әскери шатырлар қалашығы бой түзеген. Тексеру жиынына шақырылған әскери міндеттілер осында бір апта уақыт болып, оқу-жаттығу алаңында түрлі машықтарға үйретіледі.
Иә, аумақтық қорғаныс әскерлерін осынау тексеру жиынына шақыру, олардың арасында үгіт-насихат жүргізу жұмыстары да мамандарға оңай болған жоқ. Жиынның алдында әскери міндеттілер ауданға қарасты Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінің базасындағы жеке құрамды қабылдау пунктіне барып, сол жақта сапқа тұрғызылып, олармен әскери мамандар әңгіме жүргізгеннен кейін, олар үй киімдерін арнайы формаларымен алмастырып, қолдарына әскери билеттерін алды. Әскери билеттерді Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары, жұмылдыру дайындығы бөлімшесінің бастығы, майор Марлен Тоқсейіт тапсырды.
Әскери міндеттілердің арасынан жасақталған аумақтық қорғаныс әскерлерінің «Жуалы-2023» деп аталатын тексеру жиыны 91678 әскери бөлімінің «Теріс-Ащыбұлақ» оқу-жаттығу полигонында өткізілуде. Кеше аталған оқу-жаттығу полигонында жиынның ресми ашылуы ұйымдастырылып, оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысып, сөз сөйледі.
Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде, әскери міндеттілер арасындағы тексеру жиынының Жуалы жерінде өткізілуінің де өзіндік себептерінің бар екенін айтып, жиынның соңында арнайы әскери оқу-жаттығудың өтетінін айтып, бұл шара өз кезегінде аумақтық қорғаныс құралдарын бейбіт уақыттан соғыс уақытына көшіру кезінде лауазымды тұлғалардың өз функционалдық міндеттерін толық білуіне қол жеткізу екенін баса айтты. Сонымен қатар аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне нысандарды күзетуге және қорғауға іс-тәжірибелер беру де маңызды міндеттердің бірі саналады.
Әскери міндеттілердің арасынан жасақталған аумақтық қорғаныс әскерлерінің «Жуалы-2023» деп аталатын тексеру жиынына Жамбыл облысының аумақтық қорғаныс бригадасының бастығы, полковник Әлжан Хамзин, Жамбыл облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі көмекшісі-облыс әкімі аппаратының жұмылдару дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы, полковник Ермек Абдуллаев және аумақтық қорғаныс саласына жауапты лауазымды әскери тұлғалар – Бақытжан Құлмағанбетов, т.б. азаматтар қатысты.
Сөз басында айтқанымыздай, аумақтық әскердің арнайы әскер түрі ретінде жасақталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ, осы күнге дейін атқарған қызметі де аз емес. Бір сөзбен айтқанда, аумақтық қорғаныс әскерлері елде қандай да бір оқыс жағдай бола қалса, оқиға орнынан табылатын күштердің қатарына кіреді.
Тексеру жиының барысында әскери міндеттілермен арнайы сабақтармен қатар, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Нұржан Дербісалиев,
“Жаңа өмір”