Basty bet

Кәсіподақ ұйымы – тұрақтылықтың кепілі

Президентіміз Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының 2020 жылғы XXVI съезіндегі сөзінде «Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі» дегені бар.
Кәсіподақ ұйымының жұмыстарының басты мақсаты – еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық лайықты жағдайын жасау, еңбекшілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы әлеуметтік еңбек қатынастарын реттейтін пәрменді құрал – Ұжымдық шарт. Кәсіподақ ұйымы ұжымдық шарттың жасалуына және орындалуына тікелей бастамашы болады. Ұжымдық шарт талаптары Еңбек Кодексінен бастап барлық заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес кәсіподақ мүшесі болып табылатын сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға, оларға қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауға бағытталған. Тараптардың келісімі бойынша қолданыстағы заңнамалық актілерде белгіленген жағдайлар, төлемдердің мөлшері Ұжымдық шартпен ұлғайтылуы мүмкін. Сонымен қатар, заңнамалық актілерде көзделгеннен басқа өзге де әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, төлемдер белгіленуі мүмкін.
Ұжымдық шарт 2021-2023 жылдарға 2021 жылдың 20 қаңтарында екі тарап- аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитеті қол қойылып, бекітілді. 2022 жылда Ұжымдық шартқа екі рет қосымша келісім жасалды.
Бірінші қосымша келісім 2022 жылдың 22 сәуірінде жасалды. Аталған қосымша келісімде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
– Ауданымызда мекеме басшысы болмаған жағдайда, басшы конкурс арқылы тағайындалуы тиіс. Оның міндетін ұзақ уақыт директордың орынбасары атқарып, конкурс арқылы директор болып тағайындалған жағдайлар орын алды. Сол себептен тараптар бiлiктiлiк санатын бұрын алған директордың орынбасарының бiлiм беру ұйымының басшысы лауазымына конкурс бойынша тағайындалған жағдайда басшының орынбасарының санаты оның мерзiмi аяқталғанға дейiн басшы лауазымында сақталатыны туралы келiсiмге келдi.
– Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 аттестаттау Ережелерін бекіту туралы бұйрығына сәйкес педагогтар зейнет жасына жетуіне екі жыл уақыт қалғанда аттестаттаудан босатылады деп белгіленген. Қосымша келісіммен зейнеткерлікке дейін төрт жылдан аспайтын мерзім қалған педагогтерге біліктілік санатының қолданылу мерзімі сақталады деген келісімге қол жеткізілді.
– Заңнамалық актіде дәретханаларды тазалауға қамтылған залалсыздандыру құралдарын пайдаланатын қызметтік бөлме тазалаушыларына 30 пайыз қосымша төлем қарастырылған, қосымша келісіммен бұл төлем 50 пайызға көтерілді, 2022 жылдың мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін төленуде.
– Қызметтік бөлмелерді тазалаушылар педагогтарға жатпайтын азаматтық қызметшілер тізіміне енгізілді. Бұл жағдай оларға емдік-сауықтыру жәрдемақы алуға және кезекті еңбек демалысы 6 күнге ұзартылуына құқық берді. Жаз мезгілінде еден тазалаушылар кезекті еңбек демалысқа 36 күнге шығып, оларға емдік-сауықтыру жәрдемақы төленді.
2022 жылдың 12 қыркүйегінде 2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Жаңа стандарттартардың қабылдануына және үлгілік оқу бағдарламаларының 12.08.2022 жылғы соңғы өзгерістерін ескере отырып, онымен байланысты өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, технология, дене тәрбиесі сынды жекелеген пәндер бойынша педагогтардың қысқаруына сәйкес, бірқатар өзгерістер енгізілді. Олар келесі:
Білім беру ұйымдарының штатына енгізіліп отырған, «педагог-кәсіби бағдар беруші» лауазымы әрбір негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымына енгізілді, енгізу мерзімі 2022 жылғы 1 қыркүйек болып белгіленді. Аталған лауазымға өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, технология, дене тәрбиесі пәндерді бойынша қысқартуға жататын педагогтар тағайындалады. Жаңадан енгізіліп отырған «педагог-кәсіптік бағдар беруші» лауазымына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 21 ақпан 2012 жылғы №57 бұйрығымен көзделген конкурстық рәсімдерсіз және ұлттық біліктілік тестілеу (ҰБТ) тапсырмастан сыртқы және ішкі ауыстыру жүргізілу; бұл жағдайда олардың пән бойынша біліктілік санаты сақталады, кезекті біліктілікті арттыру жалпы негізде жүргізіледі; өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, технология, дене тәрбиесі және қысқаруы мүмін өзге де пәндер бойынша педагогтарды сыртқы немесе ішкі ауыстыру жүргізілген жағдайда, оның бұрын алған санаттары, мерзімі аяқталған уақытқа дейін, сақталады.
Жоғарыда көрсетілген жағдайлар қолданыстағы заңнамалық актілерде қарастырылмаған. Тараптардың келіссөздер жүргізу нәтижесінде 2022 жылы Ұжымдық шартқа жасалған қосымша келісімдермен енгізіліп отыр.
Ұжымдық шарттың он бірінші «Білім беру ұйымдарын басқару, әлеуметтік әріптестікті арттыру және жастар саясаты» тарауының 11.22 тармағында кәсіподақтың құқықтық еңбек инспекциясының күшімен жұмыс берушілердің еңбек заңдылығы мен еңбек құқығы нормаларын қамтитын өзге де нормативттік актілерді сақтауына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Бақылау білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының орындалуы бойынша тексеріс арқылы жүзеге асырылады. Аудандық кәсіподақ комистетіне келіп түскен жолдама, өтініштер қосымша тексеруді талап еткен жағдайда, олар бойынша тексеріс жүргізіледі. Жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарын рәсімделуі, (еңбек шарттар, қосымша келісімдер), ішкі тәртіп ережелерінің, демалыс кестенің болуы, еңбекақы төлеу үшін коэффициенттердің заңнамалық актілерге сәйкес белгіленуі, тәртіптік шараны қолдану тәртібі, т.б.критерийлер бойынша тексеру жүргізіледі. 2022 жылы 43 тексеріс жүргізілді, 131 заңбұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге 43 ұсыныс беріліп, нәтижесінде кәсіподақ мүшелерінің бұзылған құқықтар қалпына келтірілді.
Кәсіподақ мүшелеріне тегін құқықтық көмек кеңес беру арқылы жүргізіледі. 2022 жылда 769 құқықтық кеңес берілді, оның ішінде 232- жеке қабылдауда, 534- телефон арқылы, 3 түсіндірме аудандық «Жаңа өмір» газетінде берілді. Кәсіподақ мүшелерімен әр-түрлі құқықтық тақырыптарда 7 семинар ұйымдастырылып, өткізілді.
2022 жылы кәсіподақ мүшелері болып табылатын сала өкілдерінің пайдасына қосымша келісімдермен белгіленген төлемдер және заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржы өндіріліп, толығымен төленді.

Гүлжан Орымбаева,
Жуалы ауданы білім беру
қызметкерлері кәсіподағының
құқықтық инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close