Basty bet

Әке салған жолды ұлдары лайықты жалғастыруда

Б.Момышұлы ауылындағы «Шолақ бастау» шаруашылығында оңды істер көп

Топырағы құнарлы, жері құтты қасиетті Жуалы ауданында аграрлық саланың дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Оған ең біріншіден жергілікті шаруалардың жүйелі жұмысы мен жанкешті еңбегі оң әсер етіп отырса, екіншіден мемлекеттің де қолдауы саланың жұмысын дамытуға оң серпін беруде.
Аграрлық саладағы ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі түптеп келгенде, мемлекетті дамыту болып табылады. Бұл үшін біздің елде шаруашылықтарға бірқатар жағдайлар жасалған. Ал мемлекеттің салаға жасалып отырған түрлі көмек-қолдаулары туралы насихат жұмыстарын шаруаларға жеткізу мәселесі салаға жауапты мамандардың тікелей міндеті. Көмек-қолдаудың шаруаларға уақтылы жетуі саланың дамуын да жеделдете түсетіні анық.

Иә, біз аудандық газетте өңірдегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың жұмысын жұртшылыққа үнемі насихаттаумен келеміз. Бұл олардың жұмысқа деген ынта-ықыласын одан ары арттыра түсетіні анық. Ауданда еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ең алғаш болып құрылған шаруашылықтардың бірі – «Шолақ бастау» шаруа қожалығы. Бұл жолы аталған шаруашылықтың жұмысы туралы қалам тербегенді жөн көрдік.
Шаруашылық ел өмірінде «тоқырау жылдары» деген атпен қалған өткен ғасырдың 90-шы жылдардың басында құрылды. «Шолақ бастау» шаруа қожалығының құрылуына белгілі азамат, ауданда бірқатар ұжымшарлар мен кейінгі жылдары өңірдегі ірі агроқұрылым аудандық мал бордақылау базасында (РСХО) бас агроном болып ұзақ жылдар тер төккен еңбек ардагері, марқұм Әлжапар Бейсеқұловтың тікелей ықпалы болды. Алғашқыда, дәлірек айтқанда, 1991 жылы аудандық ауыл шаруашылығы бірлестігінен (РСХО) бір жарым мың гектар егістік жермен бөлініп шыққан ол кейіннен шаруашылықтың құрамындағы азаматтарға өздеріне тиесілі жерлерін таратып беріп, шаруашылыққа 200 гектар егістік жерді алып қалды.
Ауданның дамуында өзіндік қолтаңба қалдырған еңбек ардагері Әлжапар Бейсеқұловтың өз ісінің білгірі екенін айттық. Ендігі кезекте шаруашылықтың құрылуындағы бірқатар мәселелерді айтайық. Аграрлық сала, оның ішінде, егін егу ісін және оны өңдеуге қажетті техниканың тілін жоғары деңгейде меңгерген іскер азамат алғашқыда 40 гектардан бастап, кейіннен 60-70 гектарға дейін қант қызылшасын өсіріп, оны «Тараз» қант зауытына өткізетін. Ол жақтан қант әкеліп, оны аудан тұрғындарына саудалап жүрді.
-Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел өміріндегі өте қиын кезеңдермен тұспа-тұс келгенін бәріміз жақсы білеміз. Әкемнің бастамасымен 1991 жылы «Шолақ бастау» шаруа қожалығы құрылды. Әкемнің шаруашылықтың атауын бұлай қоюының себебі, қазіргі Рысбек батыр ауылының маңында Шұбарағаш, Шолақ бастау аталатын жер атаулары әлі де бар. Әкем де, анам да сонда туып-өскен. Сондықтан шаруашылықтың атауын осылай қоюды ұйғардық.
Әкем марқұмның бүкіл саналы ғұмыры ауыл шаруашылығы саласындағы еңбекпен байланысты болды. Еңбекті жақсы көретін, нағыз еңбектің торысы еді. Алматы зооветеринарлық-мал дәрігерлік институтын агроном мамандығымен үздік бітіріп, алғашқыда Көлтоғандағы «Путь коммунизм» колхозында агроном болып жұмыс істеді. Кейіннен 1976-шы жылы аудан орталығындағы «РСХО» аталатын үлкен мекемеге бас агроном болып ауысып, осында жемісті жұмыс жасады. Ол тұста бұл мекеме негізінен ірі қара және шошқа бордақылайтын. Мыңдаған бас бордақыға қажетті жемшөп базасын дайындау оңай жұмыс емес. Жұмысшыларға уақытпен санаспай, күндіз-түні жұмыс істеуге тура келетін. Әкем жұмыстан қашпай, соның барлық қиыншылығына шыдай жүріп, алдыңғы қатарда еңбек етті. Мекеме ол тұста 15 мың гектардан астам алқапқа көпжылдық шөп және мал азығына дәнді дақылдар егетін. Міне, осыншама жердің барлығын игеруге, жер жыртудан бастап, егін егу, оны жинау ісіне әкем басшылық жасады. РСХО мекемесін көтеруге әкем марқұм аз еңбек сіңірген жоқ.
Кейіннен Одақ тараған тұста ауданда алғашқылардың бірі болып шаруашылық ашқан да біздің әкеміз болатын. Әкемнің бір қасиеті, ол еңбекқор болумен қатар өте ізденімпаз жан болатын. Үнемі жаңашылдыққа ұмтылатын. 1984 жылы Мәскеуге біліктілігін арттыруға барған сапарында ол жақтан мақсары дақылы туралы естиді. Кейіннен сол жақтан мақсарының тұқымын әкеліп, оны өңірде алғаш болып 200 гектарға егіп, жерсіндірді. Мақсарыны егіп қана қоймай, одан май сығатын қондырғыны да ауылға алып келіп, экологиялық таза май өндіріп, оны да тұрғындарға қолжетімді бағада саудалағанбыз. Бір сөзбен айтқанда, әкем өз ісінің білгірі болатын. Сол қиын жылдары шаруашылық ісін жүргізумен қатар, кәсіпкерлікті де еркін меңгеріп, қазіргі тілмен айтқанда, менеджер қызметін атқарды. Сонау тоқсаныншы жылдары кәсіпкер азаматтармен бірлесіп, Тараз қаласында былғары күрте тігетін шағын комбинат та ашқан. Оны қазір біреу білсе, біреу білмес.
60-70 гектарға дейін қант қызылшасын егіп, оны облыс орталығындағы қант зауытына қантқа айырбастайтын. Әкем шаруашылықты осындай қиын кезде құрып, оны аяғынан нық тұрғызды. Қазір әкеден мұраға қалған тірлікті балалары лайықты жүргізіп жатырмыз. Шаруашылықтың егістік жерлері негізінен аудан орталығында және әкемнің туып-өскен жері Рысбек батыр ауылының маңында орналасқан,- дейді Бейсеқұловтар әулетінің ең кенже ұлы Ғани Әлжапарұлы.
Шаруашылық ісінің көзін тауып, жаңа заманның тынысын дөп басқан іскер азамат Әлжапар Бейсеқұлов алғашқыда егін егумен бірге бау-бақша дақылдарын да егіп, баптап, одан мол өнім жинады. Онда шаруашылықтың артезиан құдығында су мол болатын. Кейіннен су қоры азая бастаған тұста бау-бақшаның көлемі де жайлап қысқара бастады. Қазіргі таңда шаруашылықта 60 гектардан астам алқапқа жоңышқа орналастырылса, биыл 25 гектарға жаздық арпа және 15 гектарға күздік бидай егілген. Шаруашылық егістік жерді «МТЗ-80» маркалы доңғалақты трактормен және екі астық бастыратын комбайнмен, бір ауыр жүк көлігімен т.б. қосымша агрегаттардың күшімен игереді. Қожалықта егін егу ісімен қатар, біраз бас мал да бағылуда.
Шаруашылық мүшесі Ғани Бейсеқұловтың айтуынша, ағайынды азаматтар күш біріктіру арқылы аудан орталығында шағын сүт өңдеу зауытының жұмысын да жүргізіп келеді екен. Қазіргі таңда кәсіпорында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінен күніне 10 тоннадан астам сүт қабылданып, одан «Майко» сауда белгісімен қатты ірімшік, сары май, құрт, иогурт өндіріліп, ішкі нарыққа шығарылуда.
-Алға қойып отырған жоспарларымыз өте көп. Біріншісі шаруашылықты дамыту, екіншісі – сүт өңдеу зауытының жұмысын жолға қою. Бізге ең керегі – сүт шикізаты. Ол үшін алдағы жылдары 250 бас сауынды сиырға арналған сүт-тауарлы фермасын құру ойымызда бар. Ол үшін қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қомақты несиеге қол жеткізсек, оған сүтті бағытта сауынды сиырлар сатып алуды ойластырудамыз. Алға қойып отырған негізгі жоспарлар осындай,- дейді ШҚ мүшесі Ғ.Бейсеқұлов.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты барлығымыз жақсы білеміз. Шаруашылық орналасқан Б.Момышұлы аулының Әулиебастау (ауылдың төменгі бөлігі) көшесінің маңында марқұм Әлжапар Бейсеқұлов еккен тал-теректер және жеміс ағаштары әлі де жайқалып өсіп, өнім беріп келеді. Қазір мұнда орта есеппен 2 000 түп терек, оған қоса алма, алмұрт, өрік және жаңғақ сияқты жеміс ағаштары бар. Қайбір жылы шаруашылық мүшелері осындағы екі гектар алқапқа «Альбион» аталатын құлпынай тұқымын да әкеліп егіп, жерсіндірген. Құлпынай алқабы әлі де өнім беруде.
«Шолақ бастау» шаруа қожалығына әулеттің анасы Майкөл Бейсеқұлова басшылық жасауда. Шаруашылықта ұлдарымен қатар келіндерінен – Тұрлыбек Бейсеқұлов, Гүлнар Жандарбекова және немерелері Абай, Орынбасар, Ермұхамед және Еркебұлан ерінбей еңбек етуде. Жалпы қожалықта төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close