Basty bet

«Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас…»

«Ақ бата» батагөйлер байқауының Бас жүлдесін Сейітқазы қажы Медетбеков иеленді

Ақсақалдық – абыройлы қасиет. Қазақ халқы қарияны қазынаға балап, жол көрсетер ақылшысына, абзал да абыройлы, пейілі кең дариясына теңегені белгілі. Сондықтан ақсақалды, жасы үлкен атаны сыйлау, ақ жаулықты анаға құрмет көрсету – халықтық қасиетіміз. Қазақ қазақ болғалы бұл үрдіс, әлемде теңдесі жоқ мұндай ерекше дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ақсақалдық, абыздық сияқты абзал қасиеттер қарттарымыздың бойынан әлі де табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барғанда жалпы ақсақалдардың қоғамдағы рөлі туралы мынадай пікір білдіргені бар.
«Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан, оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек. Бәлкім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болар еді. Олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру қажет. Бұдан еш ұтылмаймыз», – дегені ел жадында.
Сондықтан, шын мәнінде қариялардың қоғамдағы рөлін арттырғымыз келсе, біз ақсақалдардың беделін мен абыройын көтеріп, жалпы ел өңірлеріндегі ардагерлер ұйымдарының жұмысын жүйелеуіміз қажет. Біз одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бұл ретте ел ішіндегі көпті көрген, жұртшылыққа абыройы мен қадірі артқан аға буын ақсақалдардың жас ұрпақтың тәрбиесіне, одан қала берді, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті ұйытуға қосатын мол үлестерін де ескергеніміз жөн.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалы да бұл бағытта бірқатар жұмыстарды ұйымдастырып әрі үйлестіру арқылы жұртшылыққа пайдалы іс-шаралардың өтуіне мұрындық болуда. Оған әлбетте аудан басшылығының тиісті көмек-қолдау көрсетіп отырғанын да атап өткен жөн.
Күні кеше Жуалы ауданында «Ақ бата» аталатын бата беруден ақсақалдар арасында байқау өтіп, оған ауданға қарасты ауылдық округтердің барлығынан батагөй қариялар қатысты.
Байқаудағы өткізудегі мақсат та біреу. Ол – ауыз әдебиетінің үлкен саласы, сөздің асылы, ақ тілектің атасы, бата беру дәстүрін жас ұрпаққа жеткізу және жалғастыру, тілі шешен, аузы дуалы көпті көрген данагөй қарттардың өнегелі өмірін қоғамға үлгі-өнеге ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы имандылыққа тәрбиелеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету.
Айта кету керек, «Ақ бата» байқауы – аудандық деңгейде өткізілген іс-шара болғанымен, оның ауқымы өте кең. Бұл байқаудың аудандық кезеңінен үздік шыққан үміткерлер алдағы маусым айында Тараз қаласында өтетін облыстық байқауға жолдама алып, ауданның намысын қорғайтын болады.
Аталған байқаудың өтуіне бірден-бір мұрындық болып отырған да Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі және аталған ұйымның жанынан құрылған билер кеңесі. Сол себептен де облыстық байқаудың алғашқы кезеңі облыстың барлық ауданында өткізілгелі отыр. Елдік маңызы бар байқаудың облыс аудандарының ішіндегі топырағы қасиетті, жері мен суы, саф ауасы дуалы – Жуалы жерінде өткізілуі де жайдан жай емес. Себебі, өңір ардагерлері мен билер кеңестерінің атқарып отырған жүйелі жұмысы облысқа, одан қала берді республикаға үлгі. Сондықтан, батагөйлердің байқауына да облыс орталығынан құрметті қонақтар шақырылды.
Бата беру байқауы басталмас бұрын аудан ардагерлері және облыстан келген қонақтар даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Батырдың рухына тағзым жасады.
Жалпы байқауға ауданға қарасты 14 ауылдық округтен 14 үміткер қатысып, «Достық» мәдениет үйіне жиналған жұртшылыққа бата беріп, халықтық салт-дәстүрлерден сайысқа түсті.
Батагөй қариялардың арасындағы сайыс – «Бата – сөздің атасы», «Ақ бата – асыл мұра» және «Айтарым бар…» деп аталатын үш кезеңнен тұрды. Алдын ала жасақталған қазылар алқасы батагөйлер беретін батаның ой тереңдігі мен мазмұнына, сахна мәдениетімен қатар батаның берілу шарттарына да баса назар аударды.
Байқаудың шарттарына сәйкес, бірінші кезеңде қатысушы үміткерлерге ел ішінде кең таралған баталарды жатқа айту міндеттелді. Мысалы, байқауда бірінші болып өнер көрсеткен жетітөбелік Ш.Қожаназаров белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың батасын берсе, екінші үміткер Ербол Помашев (Көкбастау ауылдық округі) Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар қонтайшысына айтқан сөзін жатқа айтты. Ал одан кейінгі үміткерлер қазақтың дәстүрлі баталарын, Қыдыр бабаның батасы, Төле би, Әйтеке би, Жамбыл ақынның және Кенен Әзірбаевтың, Үмбетәлі ақынның, сонымен қатар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың және Батыр Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның ел-жұртқа және жеке адамдарға арнап берген баталарын жатқа айтты.
Ал байқаудың екінші кезеңінде батагөйлер ел ішіндегі ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты, атап айтқанда, нәрестеге бата, бесікке салу, тұсаукесер, жас келінге бата, дастархан батасы, ұзатылатын қызға, жас жұбайларға, шаңыраққа, сондай-ақ, елге, алыс сапарға аттанғалы отырған азаматқа бата беру дәстүрін қайта жаңғыртқандай болды.
«Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының үшінші кезеңінде қатысушылар билетте жасырылған сұрақтарға жауап берді. Айта кету керек, билетте халқымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріне байланысты сұрақтар жасырылған. Әрине, байқаудың кезеңдерінде барлық үміткер үздік өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Атам заманнан келе жатқан халықтық салт-дәстүрлерден хабары мол, көпті көрген, жақсы қасиеттерді бойына жақсы сіңірген қарияларды да байқадық. Жалпы халық дәстүрін білсе де, оның мән-мағынасына бойлай бермейтін, ең өкініштісі, ата дәстүрді ұрпағының бойына сіңіре де алмайтын қатысушыларды көргенімізде, сәл-пәл қынжылғанымызды да жасырмаймыз. Дегенмен, батагөйлер арасында өткен байқау ата дәстүрге шөлдеген, оның мән-мағынасына бойлай бермейтін жандарға көп ой салғаны рас. Себебі, ата дәстүрді білмеу, оны құрметтемеу – кейінгі жас ұрпаққа үлкен опық жегізеді. Сол себептен де ғасырлардың сынынан өтіп, ұмытылмай бүгінге жетіп отырған халықтық құндылықтарды құрметтеу – адамдық парызымыз.
Аудандық бата беру байқауы бірнеше сағатқа созылды. «Сен тұр, мен атайын!» деп, бата беру мен салт-дәстүрге жетік батагөйлердің өнерін сараптап, олардың өнеріне тіиісті бағасын беру ісі де қазылар алқасының мүшелеріне оңай болған жоқ.
Сонымен, «Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының қорытындысында қазылар алқасының шешімімен байқаудың Бас жүлдесі Билікөл ауылдық округінің атынан сынға түскен Сейітқазы қажы Медетбековке берілді. Сейітқазы қажыны Жуалы жұртшылығына таныстырып жатудың өзі артық. Олай болатыны, дін ілімін терең игерген азамат 40 жылдан бері аудан және облыс көлемінде имамдық қызмет атқарып, асыл дінімізді жұртшылыққа кеңінен насихаттауға үлкен үлес қосып келеді. Халықтық салт пен сананы, дәстүрлерді, ұлы тұлғалардың ұлағатын бойына сіңірген азаматты өңір жұртшылығы жазбай таныса керек. Одан бөлек, Сейітқазы қажы аудандық билер кеңесінің де жұмысына белсене араласып келеді.
Батагөйлер байқауының бірінші орны Шақпақ ауылдық округінің намысын қорғаған қадірлі әрі білімді қария Дәулетжан Байдалиевке берілді. Қазылар алқасының шешімімен екінші және үшінші орындарға екі-екі жүлдеден тағайындалды. Екінші орынның екі жүлдесі Б.Момышұлы ауылы және Жетітөбе ауылдық округінен қатысқан үміткерлер – Мұратқали Рахметов және Шарханбек Қожаназаровқа, үшінші орынның жүлделері – Ақсай ауылдық округінен келген батагөй Аманжол қажы Дүрәліұлына және қарасаздық қария Оңғарбек Қорғанбайға берілді.
Байқау жүлдегерлері мен қатысушыларын Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі және аталған ұйымның жанынан құрылған билер кеңесінің төрағалары, ел ағалары – Еркінбек Солтыбаев, Оңласын Есіркепов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, сонымен қатар Тараз қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Күләш Әбдікешова, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің ардагері Сауранбек Жамалбеков, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова салтанатты жағдайда марапаттап, батагөйлер байқауының жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны жөнінде, жалпы халықтық салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтар жөніндегі ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ халықтың салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарды құрметтеуді мақсат тұтқан аудандық мәслихаттың депутаттары «Ақ бата» батагөйлер байқауына ауылдық округтерден қатысқан үміткерлердің барлығына ынталандыру сыйлықтарын тапсырды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close