Basty bet

Басты мақсат – тұрғындар тілегіне уақтылы назар аудару

Партия және атқарушы орган өкілдері алыс ауылдарда болып, тұрғындардың мәселелеріне қанықты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгінде жаңа Қазақстанды құру барысындағы ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқаны бәрімізге белгілі. Осы бағыттағы жұмыстарды нәтижелі орындау үшін ең алдымен, еліміздегі көшбасшы партияның жұмысы жаңаруы керек. Осыған сәйкес, «Аmanat» партиясының алға қойып отырған мақсат-міндеттері көп.

Бұрынғы көшбасшы партия «Nur Otan» атауы «Amanat» партиясы болып ауыстырылып, саяси ұйымның жұмысы жаңа форматқа ауысқан соң ел өңірлерінде қоғамдық қабылдауларды ұйымдастыру мәселелері жедел қолға алына бастады. Одан бөлек, депутаттық фракциялар жаңартылып, халықпен кері байланыс алаңы құрылмақ. Алда партиялық бақылауды күшейту, партияның бағдарламалық құжатын қайта қарау міндеті тұр. Ең бастысы, аудан орталықтарынан қашықта орналасқан алыс ауылдарда қоғамдық қабылдаулар алаңын ұйымдастыру арқылы ондағы тұрғындардың әлеуметтік, тағы да басқа бірнеше жылдан бері қордаланған мәселелеріне дер кезінде назар аударып, оның оң шешілуіне ықпал ету жұмыстары өте маңызға ие болып отыр.
Осы мақсатты ұстанған «Amanat» партиясының Жамбыл облыстық филиалы Наурыз мерекесінің алдында мобильдік қоғамдық қабылдау өткізу үшін Жуалы ауданына қарасты Жетітөбе ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылы және аудан орталығынан ең шалғайда жатқан елдімекен Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата ауылына арнайы барып, екі ауылда да тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелеріне назар аударды. Айта кету керек, мобильдік қоғамдық қабылдау тобының құрамында партия филиалының өкілдерімен қатар, облыстық мәслихаттың депутаттары, сонымен қатар, облыстық және аудандық жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері бар.
Жуалы ауданында тұрғындарды алғашқы қоғамдық қабылдау Жетітөбе ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылында ұйымдастырылды. Ондағы жиынды «Amanat» партиясы Жуалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков ашып, мобильдік қоғамдық қабылдаудың мақсат-міндеттеріне тоқталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, партия жұмысын жаңғырту, сол арқылы ел тұрмысына да елеулі оң өзгерістер енгізу мәселелеріне жеке-жеке тоқталып, ең бастысы, жергілікті жердегі халықтың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлеріне дер кезінде назар аудару, ауылдарда туындап отырған мәселелердің уақтылы әрі сапалы орындалуына бақылау жасау туралы тапсырмасының маңыздылығын атап өтті. Қоғамдық қабылдау жұмысы ары қарай жеке қабылдаулар арқылы еркін форматта өтті.
Айталық, Қоңыртөбе ауылындағы қабылдау барысында жергілікті ауыл тұрғындары және Жетітөбе ауылдық округіне қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары келіп, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен де бөлісті.
Атап айтсақ, Қоңыртөбе ауылының тұрғыны, жергілікті қоғамдастықтың мүшесі Шаяхмет Қайыпов, қоғамдық қабылдауға ауылда бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ағын су мәселесін жеткізгелі келгенін айтады. Ауыл ақсақалының айтуынша, ауылдың тау жақ бетінде орналасқан «Қоңыртөбе-1» және «Қоңыртөбе-2» деп аталатын екі бірдей су тоғаны бар. Оның біріншісі 2013 жылы істен шықса, екіншісі 2019 жылы жарамсыз күйге түскен. Суды жіберетін жабдықтары істен шыққан соң ауылға бірнеше жылдан бері ағын су келмейді екен. Соның салдарынан тұрғындар бау-бақша еге алмай отырғанын қынжыла жеткізген қария, су тоғанын қалпына келтіруге көмек сұрады.
Ауыл қариясының бұл мәселесіне мұқият қаныққан Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Жұмахан Мұқаш, аталған мәселені тиісті облыстық басқарма өкілдеріне жеткізетінін және оның назарға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған және Тасбастау ауылдарында да ауызсу мәселесі аудан әкімнің тұрғындар алдындағы есеп беру жиындарында бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанына қарамастан, әлі күнге шешімін таппай келеді. Бұл өзекті сұрақты аталған ауыл тұрғындары осы жолы облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Алмас Омаровқа қойып, заң аясында тиісті жауаптарын алды.
Одан бөлек, Жетітөбе ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Рақымжан Сатаев, Тасбастау ауылындағы бастауыш мектептің мәселесімен қоғамдық қабылдауға арнайы келген екен. Иә, Тасбастау бастауыш мектебі мен ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт бір ғимаратта орналасқан. Мектепке өз алдына бөлек ғимарат салу мәселесі санитарлық нормаға да келіп тіреліп отыр. Әйтсе де, ауыл оқушылары санитарлық нормаға сәйкес келмесе де денсаулық сақтау мекемесімен бір ғимаратта оқуға мәжбүр. Жетітөбе аймағында шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиелеген ардагер ұстаз Р.Сатаев бұл мәселенің маңыздылығымен қатар, оның ертең жас ұрпақ тәрбиесі мен біліміне де тигізетін кері әсерлерін жеткізді. Әлбетте, бұл өзекті мәселені Жамбыл облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің жауапты мамандары назарға алынатынын жеткізді. Сонымен бірге, тұрғындар ауылдық округтің орталығы Кәріқорған ауылына спортзал салу мәселесін де айтты. Бұл сұрақтарға облыстық білім басқармасы және дене шынықтыру басқармаларының бөлім басшылары Б.Байғараев және А.Ділдебай жауап беріп, аталған мәселелер басқарма тарапынан зерделенетінін жеткізді.
Округке қарасты Шыңбұлақ ауылының тұрғыны Қырықбай Әбдуәлиев және ауылдық клубтың меңгерушісі Айман Ортаева ауылға мәдениет үйін салып беру мәселесін жеткізгелі келгенін айтады. Бұл ауылдағы мәдениет ошағы ғимараты мәселесі де бірнеше жылдан бері өзекті күйінде қалып отыр. Ауылда іс-шаралар ұйымдастыруға, сонымен бірге, түрлі үйірмелер ашып, балғындарды өнердің түрлеріне баулуға мәдениет үйі керек-ақ. Аталған мәселе де қоғамдық қабылдау мүшелерінің тарапынан назарға алынатын болады. Тұрғындар одан бөлек, Жетітөбе аймағында электр жарығының жиі өшетінін және қуаттылығы өте төмен екенін айтады. Бұл сұрақтарға аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсенов жауап берді.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындардан түскен кейбір сұрақтар мен ұсыныстарға аудан әкімі Олжас Қаржауов және аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те назар аударып, мәселелерге кеңінен қанықты.
* * *
Жетітөбелік жұртшылықтың мәселелеріне әбден қаныққан облыстық мобильдік қоғамдық қабылдау тобының мүшелері ары қарай Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата ауылының мәдениет үйінде қабылдау өткізді. Онда Ақтасты ауылының тұрғындары бастауыш мектептің мәселесін қайта көтерді. Мәселені қайта көтерді деуіміздің де өзіндік себебі бар. Мектеп ғимаратының мәселесі бұған дейін де тұрғындар тарапынан айтылып келеді. Ауылда мектепке лайықты ғимарат та бар. Тек оны сатып алу мәселесінде бірқатар қиындықтар бар. Аталған мәселе аудан әкімі Олжас Қаржауовтың қорытынды есеп беру жиынында да көтеріліп, жиынға арнайы келіп қатысқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың да назарына ұсынылған болатын. Жаңа ғимараттың заңды құжаттары дайын болса, оны сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлуге де мүмкіндік бар екені де сол жиында белгілі болды. Ақтасты бастауыш мектебі ғимаратының мәселесі облыстық қоғамдық қабылдау барысында тиісті басқарма өкілдері және облыстық мәслихат депутаттары тарапынан назарға алынды.
Облыстық мобильдік қоғамдық қабылдау барысында қошқараталық тұрғындар Ақтасты және Қызтоған ауылдарының ауызсу және ағын су мәселелерін және электр желілері, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия, минералды тыңайтқыштар алудағы мәселелерді кеңінен ортаға салды. Аталған мәселелерге де тиісті жауаптар берілді.
Айта кету керек, Жуалы ауданындағы мобильдік қоғамдық қабылдаулардың барлығына «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова, партия аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков қатысып, партия жұмысына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close