Basty bet

Жолдауды ықыласпен қабылдадым

Жылдың ең басты саяси маңыздылығы бар оқиғасы ретінде – Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа арнайтын дәстүрлі Жолдауын айтуымызға болады. Қазіргідей аса күрделі кезеңде мұның маңызы өте зор. Жалпылама айтқанда, қоғамның барлық мүшесі Президент Жолдауынан көп үміт күтеді. Бірінші қыркүйекте халқымыз көптен күткен жаңа Жолдау жарияланды. Оны біз үй ішімізбен бірге телеарналардың эфирінен көріп, жылдың басты құжатында не айтылды, таяу болашаққа қандай бағдарлар берілді, оның барлығымен мұқият танысып шықтым.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жаңа Жолдауында көптеген маңызды мәселелер айтылып, осыған байланысты жаңа бағыт-бағдарлар да айқындалып отыр. Оның ішінде, Президент 2020 жылдан бастап мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы бірнеше есеге артқанын, «Жайлы мектеп» жобасымен елімізде бірнеше жаңа мектептің бой көтергенін, сонымен қатар, қоғамның саяси мәдениеті мүлдем жаңаша сипат алғанын, ішкі жалпы өнім көлемінің өсіп келе жатқанын, түптеп келгенде, халықтың әл-ауқатының арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің қолға алынғанын ерекше атап өтті. Әлбетте мұның бәрі ішкі тұрақтылық пен халық ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асырылады. Сондықтан жергілікті жұртшылықтың арасында ауызбірлікті нығайта түсу өте маңызды.
Жалпылама алғанда, біздің елде өмір сүруге қажетті ресурстардың барлығы бар. Әлемде геосаяси жағдайлардың ушыққанына қарамастан елдің дамуында оң көрсеткіштердің бар екенін көріп, қуанып отырмыз. Оның ішінде, ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға Президенттің жаңа Жолдауында баса көңіл бөлініп отыр.
– Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу,- деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Сөзімді қорыта келе айтарым, аудандық билер кеңесінің мүшелері Президенттің жаңа Жолдауын аса ықыласпен қабылдап, жергілікті жұртшылықты одан туындайтын маңызды міндеттерді орындауға жұмылдыруға үндейтінін жеткізгім келеді.

Мұратқали РАХМЕТОВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалы
жанындағы аудандық билер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close