Basty bet

Жастар бос уақытын барынша тиімді пайдалануда

Кикбоксинг – шығыс жекпе-жек түрлеріне және ағылшын боксына негізделген спорт түрі. Кикбоксинг ережелері бойынша, жекпе-жек спортшылардың толық түйісуі бойынша өтеді, яғни бас пен денеге берілетін соққы аяқпен де, қолмен де орындалады. Кикбоксинг, алғашында, Америкада таралған спорттың ерекше түрі. Аталған спорт түрімен біздің өңірдің де жастары жүлделі орынмен бой көрсетіп, спорт деңгейін арттыруда.

Жуырда наурыз, сәуір айларында кикбокстан 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында аудандық №14 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 2008 жылы дүниеге келген жас спортшы Әзім Оразалы ІІІ орынды иеленіп қайтты. Жас спортшының жаттықтырушысы Жамбыл Әлімханов үнемі дененің ептілігін, шымырлығын бірқалыпта ұстаудың маңыздылығын ескертіп, жас жеткіншектерді биік тұғырға шығаруға дайындаумен болды.
Спорт – адам өмірінің бір бөлігі. Дене салмағының дұрыс дамуына, әдемі қалыпта жүруге, шапшаң, епті болуға бағыттайды. Әзім Оразалы аудан орталығындағы №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің 8 сыныбында оқиды. Дәл осы спорт түріне деген қызығушылығы үшінші сыныптан басталды. Ол бос уақытын барынша тиімді пайдалануға тырысады. Өзі қатысқан көптеген жарыстардан жүлделі орынсыз қайтқан емес. Кикбоксингтен мектеп оқушылары арасында І дәрежелі Диплом және Лоу-Кик бөлімінде 42 салмақ дәрежесінде ІІІ орын, Тараз қаласының ашық біріншілігінде ІІІ орын, жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі лайт-контакт бөлімінде ІІ дәрежелі және Жамбыл облысының чемпионатында ІІ орын иеленген жас спортшы.
Кикбоксингтен Арыс қаласында 2009-2010 және 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Осы орайда келесі бір 51 келі салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз Әл-Фараби Қалаубек жүлделі орындармен оралды. Ол аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы. Ол кикбокс спортымен бес жылдан бері айналысып келеді. Жастайынан спортқа құмар болып өсті. Ең алғаш әкесі Еркінбек қолынан жетектеп кикбоксинг үйірмесіне алып барған болатын. Сол кезден бастап, спортқа шындап ден қояды. Ол үйдің екінші перзенті.
Әл-Фараби дұрыс тамақтану режимін ұстана отырып, салмақты сақтап өз-өзін үнемі шыңдап, қамшылап отырады. Сабақ үлгерімі орташа. Мектепішілік сайыстарда белсенділік танытуда. Жас жеткіншек бос уақытында қолшамдар, бөлме желдеткіштері, тоқ шамдарын жасаумен әуестенеді. Болашақта спорт саласында жетістікке жеткен жастардың қатарынан көрінуді жоспарлауда. Мінезі ашық, ортамен тез тіл табыса алады. Өзін ортада барынша қарапайым ұстауға тырысады. Жаман әдеттерге әуестігі жоқ. Ата-анасына қолғабыс етуден ешқашан жалықпайды.
Қос спортшының бойынан нағыз спорт саңлағына тән ерік-жігер, қайтпас қайсарлық, батыл шешім қабылдай алу секілді қасиеттер көрініп-ақ тұр. Кикбоксинг спортын жанына серік еткен жас спортшылардың болашағынан үлкен үміт күтеміз.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close