Basty bet
Халықты әлеуметтік қорғау – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі
Қазан айының соңғы жексенбісі елімізде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні деп белгіленген. Азаматтарға қамқор бұл құрылымның қызметі қашанда сұранысқа ие. Себебі, олар мемлекет қамқорлығын қажет ететін зейнеткерлер мен тұрмыстық жағдайы төмен, көпбалалы отбасы мен мүгедек жандарға жанашырлық танытып, дер кезінде көмек көрсетеді. Елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендету мен халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде әлеуметтік сала қызметкерлері тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар мемлекет қамқорлығына мұқтаж жандар да үнемі назарда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ерекше көңіл бөлген. Президент Жолдауында: “Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ.
2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр.
Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі.
Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын ала жасалады.
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді” деп атап көрсетілген.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі осы саладағы мемлекеттік стратегияны іске асыратын, әлеуметтік әріптестік арқылы ұжымдық еңбек қатынастарын реттеу саласында мемлекеттік басқару және бақылау функциялары бойынша басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме болып табылады.
Аталған бөлімге қатысты 14 мемлекеттік стандарт бар. Оның біреуі, яғни Еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу туралы стандарт үстіміздегі жылы 16 маусымнан бастап қосылып отыр. Бұл стандарт бойынша 16 маусымнан бүгінгі күнге дейін 434 өтініш қаралып, оның 37-інен бас тартылған.
Сондай-ақ, бөлімге қарасты аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығында бес стандарт бойынша халыққа қызмет көрсетіледі.
Бөлімде үш сектор бар. Ұжымда ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан тәжірибелі мамандар мен бөлім ардагерлерін де кәсіби төл мерекелері қарсаңында ерекше атап өткенді жөн санадық. Яғни, сектор меңгерушісі Гүлшат Наурызова, сектор меңгерушісі, бас есепші Айнұр Ұлтарақова, сектор меңгерушісі Жаныгүл Махмудова, мүгедектер мен ардагерлер ісі жөніндегі мамандар Елмира Даниярова мен Нұргүл Әсілбек, сонымен бірге бөлім ардагерлері Әсия Оңалбекова, Күләйша Ормантаева, Бибізия Айманбетова, Оңғарбай Оразбаева, Қалбүбі Тәжібаева, Сейсекүл Ақбалаева, Еділбай Ақынтаев, Кәрібай Құрмашев және Айша Толышеваның бөлім жұмысының сапалы орындалуына сіңірген еңбегі көп.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас есепшісінің айтуынша, үстіміздегі жылы бөлімдегі мемлекеттік стандарттарды жүзеге асыруға бөлімнің бас есепшісінің айтуынша Үкімет тарапынан 838 млн. 264 мың теңге қаржы бөлінген.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында әлеуметтік көмек тағайындау қызметі бойынша өтініш берген 687 отбасының 3707 адамына 222633,1 мың теңге тағайындалып, төленді.
Мемлекеттік атаулы көмек алушы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік топтамамен қамту мақсатында 687 отбасының 1-6 жас аралығындағы 975 баласы анықталып, 9 айға 6426 дана кепілдендірілген әлеуметтік топтама және 1985 данаға тұрмыстық химиялық топтамасы берілді.
Тұрғын үй көмегін тағайындау қызметі бойынша жылдың 9 айында 110 отбасының өтініштері рәсімделіп, 4324,5 мың теңге тағайындалып, төленді.
Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу қызметі бойынша тоғыз айда қайырылған 364 азаматтардың өтініштері бойынша 38466,8 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді.
Ал, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеке оңалту бағдарламасы бойынша көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер бойынша, оның ішінде мүгедектерге протездік-ортопедиялық қызмет ұсыну үшін оларға құжаттарды рәсімдеу қызметі аясында 138 азаматтан өтініш қабылданып, әлеуметтік портал арқылы тапсырыс берілген.
“Мүгедектерге сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды рәсімдеу” қызметімен сурдо-тифлотехникалық құралдарға мұқтаж жандардан 28 өтініш, 216 міндетті гигиеналық және 81 компенсаторлық құралдарды қажет ететін азаматтардың өтініштері қабылданып, қамтылды.
Үйде оқытылатын мүгедек балаларға жұмсалған шығындарды өтеу қызметі бойынша тоғыз айда 81 баланың құжаттары рәсімделіп, 2415,0 мың теңге жәрдемақысы тағайындалып, төленген.
“Мүгедектерге санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды рәсімдеу” қызметі бойынша 236 өтініш қабылданып, 168 азамат қамтылды.
“Мүгедектерге кресло-арбаларды беру үшін оларға құжаттарды рәсімдеу” қызметі бойынша 25 өтініш тіркеліп, толығымен қамтылды.
“Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар рәсімдеу” қызметі бойынша 85 жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге 14 әлеуметтік қызметкерлер, 33 мүгедек балаға 8 әлеуметтік қызметкерлер қызмет көрсетуде.
Жоғарыда айтылған деректер бөлім қызметкерлерінің атқарған жұмысының бір бөлшегі ғана. Негізінен бөлім жұмысының аясы кең.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі.
Аудан көлемінде халықты әлеуметтік қорғау жүйсендегі жұмыстардың сапалы орындалуы бөлімдегі мамандардың білімі мен тәжірибесі және жауапкершілігі мен адами қасиеттеріне тікелей байланысты. Сондықтан аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бөліміне қатысты барлық сала мамандарын төл мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, жұмыстарына сәттілік тілейміз!
Халқымыздың несібесі артып, мемлекетіміздің абыройы асқақтай берсін!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»