Basty bet
Кәсіпкердің алға қойған мақсаты айқын
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету керектігін қадап айтты.
«Жалпы алғанда, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Ірі бизнес орнықты дамып келеді және табысы мол. Ол үшін мемлекеттік саясат қолданыстағы ережелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуі, фаворитизм мен бәсекеге қабілетсіз тәжірибелердің болуына жол бермеуі маңызды. Бұл бағытта белсенді жұмысты жалғастырамыз” деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, кез келген кәсіпті жүргізу үшін алдымен сенім керек. Сонымен қатар, еңбекқорлық, таза ниет пен тәуекелге бел буу қажет. Қазіргі таңда елімізде кәсіп ашып, ісін бастаймын деушілерге қолдау көп. Тек істің көзін тауып, кәсібіңді өрге дөңгелете алуың керек. Ол үшін де «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы ұстана білген де жөн.
Осындай азаматтың бірі – Диқан ауылының тұрғыны Беспай Артаев. Ол шілде айынан бастап өз үйінен термопанель дайындап шығаруда. Бұл кәсіпті Беспай ағамыз отбасымен атқарады.
Жалпы термопанель дегеніміз не? Осыған тоқталып өтсек. Бұл құрылыс материалы үйдің сыртын қаптағанға арналған. Қазіргі таңда термопанельге деген сұраныс өте жоғары. Өйткені бұл құрылыс материалын қолданатын тұрғындар саны көбейген. Термопанель арқылы сіз үйіңіздің сыртын сылап, әртүрлі түске бояп жүрмейсіз. Осы құрылыс материалы арқылы көп затты үнемдейсіз.
-Өткен жылы евроқоршау дайындап шығаратын шағын кәсіп ашқан болатынмын. Қазір көбінесе евроқоршауды тапсырыс берген уақытта ғана дайындап отырамын. Ал биыл термопанель дайындайтын кішігірім кәсіп аштым. Бұл кәсіп түрін негізінде екінші балам Рауанның ұсынысымен аштық. Ол Тараз қаласында осындай термопанель шағаратын жерде жұмыс жасаған болатын. Содан үйге келіп, маған әке осылай термопанель шығарсақ қалай қарайсыз деп өз ақыл-кеңесін сұрады. Қандай жұмыс бастамас бұрын адамда бір қорқыныш боладығой. Солай менде де қобалжу сезімі болды. Өйткені бұл істі бастауын бастап алып, ертең шығарған тауарымыз өтпей, жарамай жатса не болады деп ойландым. Бірақ тәуекелге бел буып, осы кәсіп түрін бастап кеттім. Бұл кәсіпке қажетті материалдарды Шымкент қаласынан алдырамын.
Біз термопанельдің үш түрін шығарамыз. Негізінде мұның түрі өте көп. Қазіргі таңда бұл жұмыстың басында үш ұлым және ауылдың бір-екі баласы жұмыс істеуде.
Термопанельге керек заттар құм мен цемент. Екеуін араластырып біз қалыпқа құямыз. Қалыпта ол бір күн тұрады. Оның астыңғы бөлігіне пенопласты Тараз қаласынан сатып аламын. Оны құйылған қалыпқа сай қиып отырамыз. Құйылған қалыптың барлығы стандарт болып келеді. Құйылған кезде салмағы 3,5 келі болса, кепкеннен кейін 3,2 келі болады. Біз құйылған қалыптың барлығын таразыға салып, өлшеп отырамыз. Өйткені біреуі ауыр, біреу жеңіл болып кетпеуі керек,- дейді Беспай Әлімжанұлы.
Беспай Артаев көпбалалы әке. Ол жары Нұржамал Төрегелдиева екеуі бес баланы өмірге әкеліп, оларға көшбасшы болып, бағыт-бағдар беріп отыр. Қазіргі таңда ұлдарының екеуі Тараз қаласында оқыса, қалғандары мектеп оқушылары. Біз әңгіме барысында Беспай ағаның үлкен ұлы Мағжанды да әңгімеге тартқан болатынбыз.
-Жаз бойы осылай жұмыс жасап әкеме көмектесеміз. Бұл – отбасылық кәсіп. Барлығымыз таңғы 6-дан жұмысқа кірісеміз. Неғұрлым ерте бастасақ, соғұрлым ерте аяқтаймыз. Басында термопанель шығарған қиын сияқты болып көрінгенмен, уақыт өте күнделікті жасап отырғаннан болар қолымыз да үйреніп кетті. Термопанельді бір күнде 45м2 құямыз.
Термопанельге қажетті материал қалай бітеді солай тапсырыс беріп отырамыз. Екі-үш күнде бір тапсырыстан түсіп отырады. Алғашында тек қана ауылдан тұрғындары тапсырыс беретін. Қазіргі таңда ауданға қарасты басқа ауылдардан, тіпті көршілес Түлкібас ауданынан да тапсырыс түседі. Берген тапсырысты біз уақтылы және сапалы дайындап беруге тырысамыз. Өйткені әр тапсырушының жұмысын сапалы істеу бұл біздің міндетіміз,-дейді Мағжан Беспайұлы
Термопанель шығару негізінен маусымдық жұмысқа жатады. Өйткені ерте көктемнен басталған жұмыс қазан айына дейін жалғасады. Қыста бұл жұмыс тоқтайды. Өйткені қыста тапсырыс берушілер болмайды.
Беспай аға ұлдары оқуға кеткенде, жұмысшы жігіттер жалдаймын деп отыр. Біздің кейіпкеріміз термопанель шығарудан бөлек дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Ол ауыл тұрғындарынан тапсырыс қабылдайды. Термопанельді шығаратын жердегі станокты, столдарын кейіпкеріміздің өзі дайындаған.
Иә, әр кәсіптің өз қиыншылығы болады. Беспай Әлімжанұлы болашақта кәсібін кеңейтіп, үлкен цех ашсам деген жоспарымен де бөлісті.
Ісінің бүге-шүгесіне дейін зерттеген кәсіпкердің алға қойған мақсаты айқын. Кәсібінің нәсібін көріп, отбасының қамы үшін еңбек етуге әркез де дайын.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»