Basty bet

FSM SOCIAL платформасы бойынша оқыту семинары өтті

Жуалы ауданы әкімдігінің Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен аудандық орталық аурухананың медицина қызметкерлеріне арналған FSM Social ақпараттық платформасы бойынша оқыту семинары өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларды ерте кезеңде анықтау, оларды ақпараттық жүйеге уақтылы енгізу тәртібін түсіндіру, мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдау қызметтерінің сапасын арттыру.
Семинар барысында Отбасын қолдау орталығының мамандары қатысушыларды FSM Social платформасының жұмыс істеу қағидаларымен жан-жақты таныстырды. Атап айтқанда, жүйеге тіркелу тәртібі, хабарламаларды қабылдау және өңдеу алгоритмдері, азаматтардың әлеуметтік жағдайын бағалау, мәліметтерді енгізу, әлеуметтік сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ қажетті әлеуметтік, медициналық және құқықтық қызметтерді үйлестіру жолдары кеңінен түсіндірілді. Практикалық бөлімде жүйемен жұмыс істеудің негізгі ерекшеліктері нақты мысалдар арқылы көрсетіліп, қатысушылардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге басымдық берілді.
Семинар интерактивті форматта ұйымдастырылып, медицина қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, күнделікті жұмыс барысында кездесетін өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарға көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау ұйымдары мен әлеуметтік қызметтердің өзара байланысын нығайту, ақпарат алмасу үдерісін жеделдету және көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Бүгінде цифрлық платформаларды тиімді пайдалану халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, азаматтардың қажеттіліктерін дер кезінде анықтап, оларға кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, FSM Social платформасы мемлекеттік органдар мен әлеуметтік сала мамандарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін маңызды цифрлық құралдардың бірі саналады.
Мұндай оқыту семинарлары мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, цифрлық жүйелермен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге және ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Жуалы аудандық Отбасын қолдау орталығы алдағы уақытта да мемлекеттік мекемелер мамандарына арналған тәжірибелік оқыту семинарларын тұрақты өткізіп, халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдау қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.

Жуалы аудандық
Отбасын қолдау орталығы

Таңдаулы материалдар

Close