Basty bet
Ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді
Жуалы аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Данияров Бақытжан Есентайұлымен сұхбат
Сұрақ: Бахытжан Есентайұлы, Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясынан жыл басында Ақтөбе ауылдық округінің (жыл аяғында) және Шақпақ ауылдық округінің (жыл ортасында) әкімдерінің сайлауын 2024 жылы өткізуді жоспарлағаны туралы мәлімет алып едік. Одан соң комиссияның Б.Момышұлы ауылы, Ақтөбе және Шақпақ ауылдық округтері әкімдерін сайлауын 2024 жылғы 14 шілдеге тағайындау туралы шешімі аудандық газетіміздің бетіне шыққан болатын. Не себептен жоспарларыңыз өзгерді?
Жауап: 2024 жылғы 28 наурызда сіздерге сұхбат бергенімізде 2024 жылы Жуалы аудандық сайлау комиссиясы өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты екі ауылдық округ әкімін сайлауын жоспарлап отырғанымызды хабарлаған болатынбыз. Шақпақ ауылдық округі әкімінің өкілеттік мерзімі 2024 жылы 1 тамызда, ал Ақтөбе ауылдық округі әкімінің өкілеттік мерзімі 2024 жылы 28 желтоқсанда аяқталатынын мәлімдегенбіз. Алайда, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі К.Хайралаповтың 2024 жылдың 23 мамырынан бастап өз еркімен жұмыстан босатылуына байланысты өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылының әкімі К.Төреқұловтың да 2024 жылдың 24 мамырынан бастап басқа мемлекеттік лауазымға ауысуына байланысты өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Осыған орай, Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Б.Момышұлы ауылы, Ақтөбе және Шақпақ ауылдық округтері әкімдерін сайлауын тағайындау туралы “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 22-бабына, 113-1-бабы 1-тармағы 1), 2)-тармақшаларына сәйкес сайлау округтерін құру, олардың тізімі, олардың шекаралары туралы және 2024 жылғы 14 шілдедегі Б.Момышұлы ауылы, Ақтөбе және Шақпақ ауылдық округтері әкімдерін сайлауын тағайындау туралы шешімдерін шығарды, 2024 жылғы 14 шілдеге тағайындалған Б.Момышұлы ауылы, Ақтөбе және Шақпақ ауылдық округтері әкімдерін сайлауын дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті. Шешімдер мен Күнтізбелік жоспарды комиссия өзінің интернет-парақшасына орналастырды.
Сұрақ: Бүгінгі таңда 2024 жылғы 14 шілдеге тағайындалған Б.Момышұлы ауылы, Ақтөбе және Шақпақ ауылдық округтері әкімдерін сайлауына дайындық бойынша қандай жұмыстар атқарылғандығы жөнінде айтып берсеңіз?
Жауап: Күнтізбелік жоспарға сәйкес осы күнге дейін келесі іс- шаралар атқарылды:
-Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды;
-Сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтер (аудан әкімдігімен бірлесіп) бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды;
-Әкімдікке кандидаттарды ұсыну мерзімі 2024 жылғы 6 маусымнан басталып, 2024 жылдың 18 маусымда 18.00 де аяқталды. Жалпы 11 кандидат – Б.Момышұлы ауылы әкімдігіне 4 кандидат, Ақтөбе ауылдық округі әкімдігіне 3 кандидат және Шақпақ ауылдық округі әкімдігіне 4 кандидат ұсынылды. Оның ішінде 1 кандидат мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамада қойылатын талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты ұсынылымнан алып тасталынды.
Сонымен, 10 кандидаттың «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамада қойылатын талаптарға сәйкестігі анықталды.
Бүгінгі таңда әкімдікке кандидаттардың сенім білдірген адамдарын тіркеу, әкімдікке өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған кандидаттарға қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтарын ұсыну, қол қою парақтарындағы қолдардың растығын, аудандық полиция бөліміне қарасты миграция қызметкерлерін тарта отырып, тексеру, кандидаттарды тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Кандидат тіркелгенге дейін Жуалы ауданы әкімдігінің шотына республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізуі тиіс және аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына кандидат және оның жұбайы ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды ұсыну (2024 жылғы 01 маусымдағы жағдай бойынша) қажет.
Тіркеу мерзімінің аяқталуы – 2024 жылғы 23 маусым сағат 18.00 де.
Кандидаттарды тіркеу жұмыстарынан кейінгі іс-шаралар Күнтізбелік жоспарға сәйкес атқарылатын болады.
Атап айтқанда, кандидат тіркелген күннен бастап бес күн ішінде кандидат және оның жұбайы (зайыбы) декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің растығы тексеру мемлекеттік кіріс органдары арқылы атқарылады.
Кандидаттар тіркелгеннен кейін бесінші күннен кешіктірмей әкімдікке кандидаттарды тіркеу туралы хабар аудандық «Jana omir -Новая жизнь» газеті мен Жуалы аудандық сайлау комиссиясының интернет-парақшасында жарияланады;
Үгіт басталғанға дейін үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін орындар, Жуалы ауданы әкімдігімен бірлесіп, белгіленеді және олар жарақтандырылады;
Сайлау алдындағы үгітті жүргізу кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады, яғни 2024 жылғы 23 маусымда 18.00 де басталып, 2024 жылғы 13 шілдеде 00.00 сағатта аяқталады;
Сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезеңінде әкімдікке кандидаттарға сайлаушылармен кездесулері үшін үй-жайлар беру, кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдарының бөлінген үй-жайларда сайлаушылармен кездесу кестесі туралы аудандық «Jana omir -Новая жизнь» газеті мен Жуалы ауданы әкімінің сайтына жарияланады;
Дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын, яғни 2024 жылғы 23 маусымда, әрбір сайлау учаскесі бойынша әкім қол қойған сайлаушылардың тізімдері сайлау комиссиясына акт бойынша ұсынылады;
Учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беретін күнге он бес күн қалғанда, яғни 2024 жылдың 29 маусымнан бастап, сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдерін танысу үшін сайлаушыларға ұсынады;
Учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беру өткізілетін күнге дейінгі он күннен кешіктірмей – 2024 жылдың 4 шілдеге дейін – сайлаушыларды дауыс беру күні, уақыты және орны туралы хабардар етеді;
Дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері учаскелік сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде үш күн бұрын және кемінде бір күннен кешіктірмей, яғни 2024 жылдың 11 шілдеден ерте емес және 13 шілдеден кеш емес, жеткізіледі.
Сұрақ: Сайлау өтетін күні және дауыс беру нәтижелері белгіленгеннен кейін, сайлау қорытындылары анықталғаннан кейін учаскелік және аудандық сайлау комиссиялары нақты қандай жұмыстар атқарады?
Жауап: Дауыс берудің басталуына бір сағат қалғанда, яғни 2024 жылғы 14 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 06.00-де, учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беруге арналған сайлау учаскелерін ашады және тиісті хаттама жасайды;
Сайлау күні, жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін, учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беруді өткізеді;
Учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды санайды (жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады) және сайлау учаскесінде әкім сайлауы бойынша дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалар жасайды;
Учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманың көшiрмесiн хаттамаларға қол қойылғаннан кейін дереу сайлау учаскесiнiң үй-жайында жалпыжұрттың танысуы үшiн арнайы белгiленген орынға іледі;
Хаттамаға қол қойылғаннан кейін учаскелік сайлау комиссиялары дереу сайлау учаскелерінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды Жуалы аудандық сайлау комиссиясына ұсынады;
Сайлаудан кейін үш күн мерзімнен кешіктірмей, яғни 2024 жылдың 17 шілдеден кешіктірмей, әкімдерды сайлау қорытындылары белгіленеді;
Сайлау өткізілген күннен бастап жеті күннен кешіктірмей, яғни 2024 жылдың 20 шілдесінен кешіктірмей, әкімдерді сайлау қорытындылары туралы хабар аудандық «Jana omir -Новая жизнь» газеті мен Жуалы ауданы әкімінің сайтына жарияланады;
Жуалы аудандық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімде сайланған әкімдерді тіркейді, (сайланған әкімдерден Конституцияға және Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес әкім мәртебесімен сыйыспайтын міндеттерді доғаратыны туралы жазбаша өтініш алғаннан кейін жеті күн мерзім ішінде, яғни 2024 жылдың 20 шілдесінен кешіктірмей) тиісті куәліктер береді.
Әңгімеңізге рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»