Basty bet
Электр тауарларын қолжетімді бағамен ұсынуда
Елімізде жеке кәсібін ашып, бизнес ашуға қызығушылық танытып жүрген жандардың қатары көп. Кейбіреулер жеке кәсіппен айналысқысы келгенімен, оны қалай ашудың жолдарын білмейді. Бизнес жолы оңай емес. «Алғашқы кезде бизнесті сен асырайсың, содан кейін бизнес өзін-өзі асырайды, сосын бизнес сені асырайды» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Біз бүгін жеке кәсіп ашып, аудан тұрғындарына сапалы тауар ұсынып отырған кейіпкеріміз Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Анар Абылай туралы айтқымыз келіп отыр. Ол отбасымен өткен жылы Көктөбе ауылынан Бауыржан Момышұлы ауылына көшіп келді. Бұрыннан өзінің кішігірім кәсібін ашқысы келіп жүрген Анар Абылай қоныс аударған үйіндегі азық-түлік дүкені болған ғимаратты қайтадан жөндеп, ішін тазалап, артық заттарды алып әрлейді. Содан жолдасымен ақылдасып азық-түлік дүкенін ашсақ деп ойлайды, бірақ ауылда азық-түлік дүкені көп болғандықтан, ойлана келе электр тауарларын сататын дүкен ашады. Бұл дүкенді ашудағы мақсат – аудан тұрғындарына сапалы электр тауарларды, күнделікті қолданыстағы заттарды төмен және қолжетімді бағамен ұсыну.
Электр тауарлары дүкенінің ішіне кірсең жанына керек заттың барлығы бар. Не іздесең, барлығын табасың. Дүкеннің іші мұнтаздай таза. Дүкенге кірген мезетте сатушы сізге өз тауарларын таныстырып, сұрағаныңызды лезде тауып береді.
-Мен көптен бері өзімнің кішігірім кәсібімді ашқым келіп жүрген. Жолдасыма азық-түлік дүкенін немесе киім сататын дүкен ашайықшы деп айтатынмын. Содан ойласа келіп, өзіміздің осындай кішкентай кәсібімізді бастадық. Бұл да болса біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені қай нәрсе болса да кішкентайдан басталады.
Электр тауарларын біз Тараз қаласынан өзіміз барып әкелеміз. Арасында өзіміз керек заттарға сұраныс береміз, олар бізге тауарды өздері жеткізіп беріп отырады. Біздегі бағалар басқа дүкендерге қарағанда төмен. Мұны тұтынушыларымыз да айтады. Басқа дүкеннен біз мына затты осынша бағаға алатын едік, сіздерде арзан екен деп бізді қуантып кетеді. Біз негізінен тауардың сапасына да мән береміз,- дейді кәсіпкер Анар Абылай.
Кәсіпкер Анар Абылай екі баланың анасы, бір үйдің ибалы да инабатты келіні, жолдасының сенімді серігі. Қазіргі таңда өз кәсібін ашып, дөңгелетіп жатқан жастарды көрсең қызыға қарайсың. Өйткені қазір заман талабы солай, көп жастар жеке кәсіпке бет бұруда. Бірақ кәсіп ашқаннан кейін оның да өз қиындығы болады. Соған шыдай білу керек.
Анар Абылай қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Дүкендегі тауарлардың барлығы мемлекеттік стандартқа сай, қауіпсіздік шаралары сақталған. Аудандағы электр жарығын тарату мекемесінің өзі жарық есептегішті аудан тұрғындарына осы дүкеннен алуды ұсынады екен. Кәсіпкердің айтуынша, дүкенде қатып қалған баға жоқ. Біздің дүкенге келген аудан тұрғындарына заттардың бағасын түсіріп береміз деп ағынан жарылды жеке кәсіпкер.
Жеке кәсіпкер болашақта осы дөңгелетіп отырған кәсібін кеңейтіп, тағы да екі-үш адамды жұмыспен қамтығысы келетінін де әңгіме арасында айта кетті. Аудан тұрғындарына сапалы тауарды қолжетімді бағада ұсына білген кәсіпкерлер тұтынушылардың ризашылығына бөленуде.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»