Basty bet
Түлектер туған жерде бас қосты
Түлектердің араға көп жылдар өткеннен кейінгі сағынышты кездесуін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Еліміздің әр қиырында еңбек етіп, туған ауылдарына аса бір қымбат сезіммен асыға оралатын түлектер өз кезегінде туған ауылға және өздері оқыған мектебіне деген перзенттік парыздарын да ұмытқан емес. Әрине, мұндай игі дәстүрдің өз жалғасын тапқаны көңілге қуаныш ұялтумен қатар, ынтымақ пен бірлікті, толайым тірлікті ту еткен ауылдықтар үшін де үлкен мереке.
Дәл осындай басқосу, түлектердің тағылымды кездесуі бұдан 55 жыл бұрын бұрынғы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы (қазіргі №2 Мыңбұлақ орта мектебі) орта мектепті бітірген түлектердің басқосуы сәуір айының соңғы күндерінің бірінде ұйымдастырылды. Айта кететін болсақ, түлектердің мұндай тағылымды кездесулері әр жылдары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Осыдан 55 жыл бұрын дәл осы алтын ұя мектепті үш бірдей класта барлығы 90 оқушы бітірген екен. Олар алтын ұядағы қызықты сәттерді бастарынан бірге кешірген қарлығаштар болатын.
Иә, мектепті әртүрлі үлгеріммен бітірген сол кездегі түлектер ең алдымен елге, туған Отанға адал қызмет етуді басты мақсат тұтып, бірі мектепте алған орта білімдерін ары қарай жетілдіруді мақсат тұтса, енді бірі туған жерде қалып, ауылды көтеруге, өндірісті өркендетуге өздерінің мол үлестерін қоса білгені анық. Бір сөзбен айтқанда, осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын мектептен түлеп ұшқан азаматтардың барлығы бүгінде 70 жастан асқан қазыналы қарияға, дүниеге ұрпақ әкеліп, оны саналы етіп тәрбиелеп өсірген кемеңгер ақ жаулықты анаға айналған.
«Елу жылда – ел жаңа» деген. Осыдан 55 жыл бұрын мектепті бітірген арманшыл түлектердің барлығы бұл күнде еңбектің майданында шыңдалған зейнеткерлер босла, дәм-тұзы таусылғандарының біразы дүниеден озды. Тірі жүргендері ұл-қыздарын өсіріп, оларды құтты орындарына қондырып, немерелерін өсіріп, бағып, енді бірі шөбере сүйген қазыналы қариялар деуге болады.
1967 жылы Қайрат ауылындағы «Октябрьдың 40 жылдығы» атындағы орта мектеп түлектерінің 55 жылдық кездесуі жас ұрпақ үшін өнегелі шаралармен атап өтілді. Түлектер ең алдымен мектепте бас қосып, өздері оқыған алтын ұя, киелі шаңыраққа тәу етіп, бір сәт марқұм болған ұстаздарының ерен еңбектерін тебіреніспен еске алды. Кейіннен аудан орталығындағы «Құлантау» мейрамханасында марқұм болған ұстаздарының және сыныптастарының рухтарына бағыштап Құран оқытылды.
-Көзді ашып-жұмғанша мектепті бітіргенімізге де биыл 55 жыл өте шыққан екен. Біз мектепті барлығы 90 ұл-қыз бітіргенбіз. Бүгінде оның 30-ға жуығы өмірден өтіп кетті. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын дейміз.
Ендігі кезекте мектепте бірге оқыған азаматтардың бірқатарын атап өтсем деймін. Оның ішінде өзім аудан көлемінде біраз жыл еңбек етіп, кейіннен еліміз өз алдына егемендік алған алғашқы жылдардан бастап кәсіпкерлік саласына біржолата бет бұрып, әлі күнге базар кәсіпкерлігінде еңбек етіп келемін. Мектепте бірге оқыған құрдасымның бірі – Серғазы Әлтаев. Серғазының мамандығы мұғалім. Ол ұзақ жылдар өзінің туып-өскен ауылы Ақбастаудағы Б.Майлин атындағы орта мектепте директорлық қызметті абыроймен атқарды. Одан кейін әр салада өнімді жұмыс істеп, ұрпақтарына өнегелі ана бола білген Айымкүл Мүбарақованы, Қанткүл Байғұтованы, Сәуле Жабағиеваны және Ошан Манашевтың есімдерін құрметпен атап өткім келеді. Аталған азаматтар сауда-саттық саласында, осындағы Ш.Үлеков атындағы тоқыма фабрикасында экономист, тігін өндірісі және марқұм Ошан досымыз 30 жылдан астам уақыт аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінде тракторшы-механизатор болып өнімді еңбек еткен. Сонымен бірге сыныптастардан – Әлия, Науан, Оспан, Затыбек, Бақыт, Нұрлан, Күлзипа, Алтыншаш, Нұрмахан, Фатима, Ұлмекен, Оразкүл, Асылбек, Сәуле, Дариға, Ырзагүл және Дүйсекүл есімді бірге оқыған түлектердің орны мен үшін ерекше.
Бірге оқып, үлкен өмірге алғаш рет бірге қадам басқан менің құрдастарым мен сыныптастарым еңбекте озат болып, ел құрметіне бөленген абыройлы азаматтар деп сеніммен айта аламын. Себебі, бізді ауыл тәрбиеледі. Біз қабырғамыз қатпастан еңбекке араластық. Біздің буын Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын жылдарда өмірге келгендер. Біз барға қанағат етіп, жоққа сабырмен қараған ұрпақтың өкіліміз. Біз үлкендерді тыңдап өскен, ата мен ананы сыйлап өскенбіз. Қазір міне, қариялық жастамыз. Жастарға айтарымыз, олар тәрбиелі, өнегелі, білім мен мен еңбекті сүйіп өссе, жақсыдан өнеге алса екен деймін. Біздің болашағымыз да осы жас ұрпақ. Біз оларға үлкен сенім артамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса деген аталық тілегіміз бар,- дейді сыныптастардың атынан ізгі тілек білдірген Мұсатай Апбас.
Өмірде түрлі кездесулер болып жатады. Ал бұдан 55 жыл бұрын мектепті бітірген түлектердің бұл жолғы сағынышты кездесуінің жөні бөлек, мағынасы ерек. Амандық болса, алдағы уақытта да кездесуге жазсын, деп тілейік!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»