Basty bet

«Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жұмысқа орналасты

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасына сәйкес ақылы қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары іске асырылуда.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша қатысу мерзімі – 18 ай болуы тиіс. Қатысушылар: жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар (әлеуметтік және экономикалық сипаттағы белгілі бір жағдайларға байланысты оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастар). Еңбекақы мөлшері – 30 АЕК (2023 жылы-103500 теңгені) құрайды.
Осы орайда аталған алғашқы жұмыс орны жобасы аясында Аружан Нүриева Тараз қаласында дүниеге келген. Аружанның балалық шағы және мектептегі өмірі облыстың орталығы Тараза қаласымен тікелей байланысты. Ол осындағы №10 орта мектепте білім алып, оқуын 9 сыныптан аяқтайды. Аружанның арманы аспаз болу еді. Бірақ белгілі себептерге байланысты аталған мамандықты алуға ешқандай мүмкіндігі болмаған. 2020 жылдың маусым айында Ақбастау ауылының Нұржігіт есімді жігітіне тұрмысқа шығады. Келін болып түскен отбасында да оқуына мүмкіндік болмады. Көп ұзамай сәбилі болды, одан кейін екінші перзенті дүниеге келді.
-Тұрмысқа шықпай тұрып Тараз қаласында әртүрлі сауда орындарында сатушы болып істеп, біршама тәжірибе жинақтадым. Кейіннен Жуалы ауданына келін болып түстім. Қолымда дипломым болмаса да жұмыс істеймін деген ниетпен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барып, ондағы мамандардан кеңес алғаннан кейін ресми түрде жұмыссыз жас ретінде тіркелдім. Орталық мамандары ұлттық жобаның аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасының бар екендігін және онда жұмыссыз жастардың өз шеберліктерін, жұмысқа деген ұқыптылығын көрсетуге мүмкіндіктер жасалғанын түсіндірді. Мен осы жобаның аясында жұмыс істеп, өзімнің қарым-қабілетімді көрсете аламын деген шешім қабылдадым. Екі айдан бері Б.Момышұлы ауылында орналасқан кәсіпкерлікте тез дайындалатын фаст-фуд өнімдерін ауыл тұрғындарына сатумен айналысып келемін,- дейді Аружан.
Еңбекқор жас келіншек аталған жобаның аясында «Аязбеков» жеке кәсіпкерлігінде еңбек етіп жүр. Аружанның күнделікті жұмыс режимінің ұзақтығы таңертеңгі 10:00-ден түнгі сағат 22:00-ге дейін жалғасады. Ол «Алғашқы жұмыс орны» жобасының аясында жұмыс істеп жатқандықтан ай сайынғы еңбекақысы мемлекет тарапынан төленеді. Аружан ата-енесімен бір шаңырақта тұратындықтан балаларын бағып-қағуға сол кісілер қарайласуда. Жас келін отағасына және отбасына жәрдемдесу мақсатында жұмыс істеп табыс тауып отыр. Жолдасы Нұржігітте біраз жылдан бері аталған кәсіпкерлікте еңбек етуде.
– «Ұлттық жобаның» аясында мамандығы жоқ немесе оқуға мүмкіндігі болмаған жастарға алғашқы жұмыс орны жобасының аясында жұмыс ұсынғанына алғыс білдіремін,- дейді еңбекқор жас.
Қазіргі таңда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыз NEET санатындағы жастардың қатарын көбейтпей еңбек етіп, отбасы бюджетін көтеруге атсалысып жүрген талапты жастардың барлығы қуантады. «Еңбектің наны тәтті» демекші, адам өміріне адал еңбектің тигізер пайдасы қашанда зор болмақ.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close