Basty bet

«Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні –осы!»

атқарушы билік тұрғындардың ұсыныс-тілегіне уақтылы көңіл бөлуі қажет!

Халық пен билік – бірінен бірі ажырағысыз егіз ұғымдар. Сондықтан, мемлекеттілігіміздің түпкі мәні – халық пен билік арасындағы байланысты барынша нығайтып, саяси жағынан болсын, экономикалық және рухани-мәдени даму тұрғысынан болсын, жан-жақты дамыған, мықты мемлекет құру болса, бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен және ықпалымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының түпкі мән-мағынасы осынау міндеттермен тікелей сабақтасып жатқаны анық.
Бұл турасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы» деп ерекше екпін бере отырып атап өтуі де жайдан жай емес.
Қосымша айта кететін болсақ, бұл туралы Президенттің бұрнағы жылғы Жолдауында: «Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет» деген құнды пікірдің де айтылғанын еске саламыз.
Сонымен, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларына арқау болған негізгі басым бағыттардың бірі екенін білдік. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салумен бірге, қалың елдің тарапынан да қызу қолдау тауып отыр.
Иә, біздің айтайын дегеніміз, билік, мұның ішінде, жергілікті атқарушы органның басшылары мен оның өкілдері бұқараға барынша жақын болуы керек. Билік өкілдері алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін уақтылы әрі сапалы шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді міне, осындай ұғынықты тілмен екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз сөз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде де жүзеге асырылуда. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.
Президент ерекше салмақ салып атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылуында отандық бұқаралық ақпарат құралдарының да атқаратын рөлі зор деп айтуға болады. Алысқа бармай-ақ, жергілікті басылымды мысал ретінде алайық. 90 жылдан бері Жуалы жұртшылығының «көзі мен құлағы» болып келе жатқан «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы жергілікті тұрғындарды әбден сарапталған сауатты дүниелермен қамтамасыз ету үстінде. Мұның ішінде, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, қасиетті өңірдің негізгі өзегі болып отырған – ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары, білім мен мәдениет, онымен бірге, өңірде қолға алынып жатқан жарқын жобалар мен ұлттық рухани-мәдени негіздерге бағытталған іс-шаралар, тағысын тағы. Осының барлығын іздеген оқырман аудандық газеттің бұрынғы тігінділерінен және жаңа нөмірлерінен табуға болады.
Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынов өсиет етіп қалдырғандай, жалпы газеттің халық өмірі мен тұрмысындағы рөлі өте зор деп білеміз.
Ендігі кезекте Ахаңның ұлт басылымдарының рөлі туралы толғанысына тоқталайық: «Əуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды… Екіншіден, газет – жұртқа қызмет ететін нəрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшіншіден, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Төртіншіден, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады», дейді ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы.
Газет міндеті – өңір жұртшылығының келешегі. Бұл ретте өңірлік газеттің негізгі өзегі – жұртшылықтың тыныс-тіршілігі, ауданның дамуы мен алға қарыштап қадам басуы бағытымен тікелей байланысып, тамырласып жатса керек. Сондықтан, өңір азаматтарының аудандық газетпен тұрақты байланыс орнатуы – осынау қасиетті өңірдің дамуына, мұнда өмір сүріп жатқан жергілікті тұрғындар мен жас ұрпақтың болашағына, сайып келгенде, тұтас мемлекеттің бүгіні мен болашағына бей-жай қарамайтын жанашыр адамның ғана ойлайтын ісі болса керек…
Мұндай азаматтар арамызда аса көп деп айта алмасақ керек. Жалпы біз осы мақалаға негізгі арқау етіп алып отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылуы турасында Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Мейрамбек Сәулебековтың де айтары бар.
-Меніңше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының түпкі мәні өте тереңде жатыр. Бұл туралы Президенттің Жолдауларынан жақсы хабардармын. Бір сөзбен айтқанда, қазір саяси реформалар арқылы елді алға бастырудың құқықтық тетіктері жасалу үстінде. Жолдауда одан бөлек, мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері кеңінен сөз етілген. Жылдың бас құжатының тағы бір көңіл қуантарлық тұсы, ол – Президенттің қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының маңызды екеніне екпін беріп, азаматтарды ашық диалогқа шақыруы.
Әрине қалың елдің жүрегіне жол табу да оңай жұмыс емес. Ол үшін билік пен халық арасында ашық диалогқа құрылған алтын көпір болуы керек. Осы жағына көбірек көңіл бөліп жүрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көп уақытын қалың бұқарамен кездесуге, олармен ашық-жарқын пікір алмасуға, елдің жағдайымен жақыннан танысуға арнап жүргенін отандық телеарналар мен БАҚ беттерінен барлығымыз көріп отырмыз.
Осыған сәйкес, Президенттің тиісті пәрменімен жергілікті атқарушы орган басшыларының халыққа жақын болып, олармен жиі ой-пікір алмасып, мәселелеріне жете қанығуы жөнінде шаралар қолға алынып, атқарылу үстінде. Бірнеше жылдан бері аудан және ауылдық округтің әкімдері жыл сайын өз аумақтарына қарасты тұрғындармен белгіленген кестеге сәйкес, кездесулер өткізіп, оны оң шешуге барынша күш салып жатқанына да куәміз.
Барлығы дұрыс-ақ делік. Жұмыс болған жерде міндетті түрде кемшіліктің де қатар жүретіні бар. Бұл туралы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінде сыни мақалалардың жарық көретінін де жақсы білеміз. Дегенмен, жергілікті басылымның бетінде жарық көрген сыни мақалалардың кейбіріне дер кезінде жауаптың берілмеуі немесе жергілікті атқарушы органның тарапынан оған тиісті деңгейде назар аударылмауы да көпшілікті ойландырарлық дүние. Бұл ретте биыл жыл басынан бері ауданның орталығы – Б.Момышұлы ауылының сәулеттік келбеті туралы, ондағы қараусыз қалған ғимараттар ауылдың сиқын кетіріп тұрғаны, онымен қоса, орталық базардың жай-күйі, онда қалдықтардың уақтылы шығарылмауы, қыста қардың уақтылы күрелмеуі туралы бірнеше мәрте сыни мақала жарық көрді. Міне, осы маңызды мәселелердің бір де біреуіне де толыққанды жауап берілген жоқ.
Менің баса айтайын дегенім – кейінгі жылдары халық сайлаған әкімдердің жауапкершілігі мен жұмысқа деген ынтасы жайында. Олардың тарапынан атқарылған жұмыстар тұрғындардың көз алдында ашық болуы қажет деп білемін. Бір сөзбен айтқанда, халық сайлаған әкім – халықтың мұң-мұқтажы мен тұрғындардың мүддесі үшін қызмет етіп, көпшіліктің көңілінен шыға білуі тиіс,- дейді еңбек ардагері.
Мейрамбек Сәулебеков өз сөзінде, қазір «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыру ісінде халық пен билік арасындағы көпір ретінде аудандық газет өңірдегі бірқатар мәселелерді көтеріп, бұл жөнінде орынды сыни мақалалар да жариялап келе жатқанын айтады. Мән беріп қараған адамға мұның да терең мәні бар сияқты. Себебі, қазір жаңа заманның талап-тілегіне сәйкес, тұрғындардың да атқарушы билік органдарына деген көзқарасы өзгерген. Халық нақты жұмыстың нәтижесін талап етеді. Бұрынғыдай, «құрғақ уәде мен көпірме сөздің» уақыты әлдеқашан өтіп кетті…
-Қарапайым тұрғынды бір мәселе толғандырса, ол көбіне жергілікті басылымға қайырылады. Өйткені, тұрғындардың мұң-мұқтажы көбіне көп аудандық газетте жарияланады. Ең маңыздысы – тұрғындардың газетке деген оң көзқарасы мен сенімі қалыптасқанын баса айтқым келеді. Газет тілшілері және журналистер жергілікті жердегі шешілмеген мәселелерді де уақтылы көтеріп, уақыт өте келе оның да оң шешімі табылуда.
Қазақ көсемсөзінің көш басында тұрған қылыш тілді қаламгер, жерлесіміз Шерхан Мұртаза жазып қалдырғандай, «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын». Сондықтан тілшілер тарапынан болсын, қоғам мүшелері тарапынан болсын, көтерілген қайсыбір мәселеге де дер кезінде назар аударылса игі…
Қазір адамдардың санасын интернет, смартфон «билеген» заман. Тиісінше, әлеуметтік желілерде сәт сайын «желдей есіп» жататын негізсіз ақпараттарға сене беруге болмайды. Сарапталған ресми мәліметке ғана сену қажет. Жаңа заманның талабына сәйкес, әлеуметтік желілер де керек шығар?! Бірақ олар тұрғындарға газет сияқты шынайы ақпаратты бере алмайтыны анық. Шынайы ақпарат болмағаннан кейін халық арасында адасу, шатасу болуы әбден мүмкін ғой?! Интернет – глобалдық дүние. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Дегенмен, ең керектісін ғана сараптап, сүзіп алу – қиынның қиыны.
Қазір әлем елдері «Ақпараттық соғысты» басынан өткеру үстінде. Кімдікі – шындық, кімнің пікірі – жаңсақ? Біліп болмайтын күрделі кезеңге тап болғандаймыз. Бірақ осындай кезеңде шынайы әрі сарапталған ақпаратты таратуға күш салып отырған жергілікті газет тілшілеріне саяси сауаттылықтың ауадай қажет екенін баса айтқым келеді. Мен бұл ретте халықтың құқықтық әрі саяси сауаттылығын арттыруды айтып отырмын. Халық сауаттырақ болса, қоғам да сауатты әрі әділетті бола түсетіні анық. Қорыта келгенде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының ауқымы кең, мағынасы терең,- дейді бізбен бүкпесіз ой бөліскен тұрақты оқырманымыз М.Сәулебеков.
Жалпы, азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышарттары міне, осындай батыл іс-әрекеттерден бастау алса керек. Кез келген адамға теңдік танытып, кеңдік көрсету ең алдымен адам санасының деңгейін білдірсе керек. Жүректерге жол табу, кісінің көңілінен шығу – қазаққа тән қасиет десек, біздің халық бұдан бұрын да осынау қасиеттерімен көп нәрсені оңтайлы шешіп отырғанын тарихтан жақсы білеміз.
Ендеше Президент Жолдауы жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, ондағы айтылған әрбір сөздің астарына үңіліп, мағынасына мән беретін болсақ, оған қоса, оның ойдағыдай орындалуына бәріміз бірдей атсалыссақ, біз үшін маңызды құжатта айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болудың да ауылы алыс емес сияқты. Президент атап өткен «Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы!» болса керек…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close