Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайды қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек.
Бүгінде дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі адам жанының арашасы болып, ақ халатты абзал жан атана алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандықты игеру жеткіліксіз. Білікті дәрігер болуға адам өміріне жауапкершілік, ерекше құлшыныс пен күнделікті ізденіс, біліктілікті арттырып отыру маңызды. Медицина маманына үлкен жүректілік те аса қажет.
Осы ретте бүгін біз жас дәрігер Вохид Махамадшиков туралы әңгімелейтін боламыз. Ол Күреңбел ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді. Бұл ауылға дәрігер болып келгеніне екі жылдай уақыт болған.
Вохид Махамадшиков 1995 жылы Түркістан облысының орталығы Шымкент қаласындағы Қаратау шағын ауданында дүниеге келген. Аудан орталығындағы №108 орта мектептен түлеген ол жастайынан дәрігер болуды армандайды. Сол арманның жетегінде орта мектепті бітіріп, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Жалпы медицина» мамандығы бойынша грант негізінде жоғары білім алады. Ал одан кейін білімін жетілдіріп, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша интернатурадан өтеді.
Қазіргі таңда жас маман, дәрігер ауданымызға қарасты Күреңбел ауылында қызмет етуде. Амбулаторияның жалпы тәжірибелік бөлімінде дәрігер қызметін атқарып, басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың дертіне шипа жасап, тынбай еңбек етіп келеді.
Айта кету керек, Вохидтың жары Акила Махамадшикова да осы амбулаторияда дәрігер болып жұмысын белсенді атқаруда. Біз барған күні шақыртумен науқастардың үйіне кеткен екен.
– Дәрігер негізінен науқастың талдамаларын алып, оған дұрыс диагноз қойып, оны толық емдеумен айналысады. Біз алдымызға келген әрбір науқастың жағдайын күнделікті бақылап, қажетті емдік шараларды қолданамыз. Алайда, денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние екенін естен шығармағанымыз абзал. Ол адам өміріндегі ең бағалы дүние болғандықтан, әр адам баласы өз денсаулығына көңіл бөліп, оны орынсыз ысырап етпеу керек, үнемі денсаулықтың қорын көбейтіп отырған жөн.
Акила екеуміз бір университетте оқып бітіргенбіз. Грант негізінде оқығандықтан бес жыл мерзімге осы ауылға келіп, жұмыс істеуді жөн көрдік. Жұмысымыз өзімізге ұнайды, – дейді Вохид Кудиратұлы.
Вохидтың айтуынша, ол жастайынан анасына еліктеп, дәрігер болуды армандайды. Әсіресе, анасының ақ халат киіп, науқас адамдардың денсаулығына аса жауапкершілікпен қарап, дертінен айықтыруға көмектесуі бала Вохидтың дәрігерлік мамандыққа деген қызығушылығын одан сайын арттыра түседі.
Оның сөзіне сүйенсек, алғашқы еңбек жолын Жуалы жерінде бастауға себеп болған әріптес досы Сұлтанмұрат Шерметов екен. Сұлтанмұрат қазіргі таңда Қошқарата ауылдық дәрігерлік амбулаториясында бас дәрігер болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, Жуалы жерінің әсем табиғаты мен ауа райының ерекшелігі де қызықтырып, көп ойланбастан Вохид Жуалы жеріне қызмет етуге келген. Айтса айтқандай-ақ, бүгінде жары екеуі де күн демей, түн демей ауыл тұрғындарының денсаулығына жауап береді.
Бірақ дәрігер қаралушыларына ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмаудың жолын іздеу керектігін айтады. Себебі, адам денінің сау болуы – басты байлық.
Медицина саласында жас жігерімен еңбек етіп жүрген Вохид және Акила секілді жастар аудан медицинасының дамуына үлес қосады деген сенімдеміз.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»