Basty bet
«ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ҚЫРҒЫН БОЛСА ДА, АЖАЛЫ ЖЕТКЕН ӨЛЕДІ…»
(Ағам Сағила Дүрәліұлының айтқан әңгімелерінен естелік)
Менің ағам Сағила Дүрәліұлы 1910 жылы Жуалы ауданына қарасты бұрынғы Бақатей селсоветінің Қуаныш ауылында дүниеге келген. Орташа сауаты бар. Жеті жылдық трактордың оқуын орысша бітіріп, алғашында «Бурное» ауылында, кейіннен соғысқа дейін «Казанка» МТС-інде трактордан сабақ берген. 1941 жылдың қараша айында соғысқа аттанып, 1945 жылы қараша айында дені сау, өзі дін аман елге оралды.
Ағамның естеліктерінен…
«1944 жылы қазан айында Совет армиясы Польшаның астанасы Варшаваны жаулап алған кезде мынадай оқиға болды. Варшавада мемлекеттік банктың үстіне бомба түскенде жердің бетіне поляктың ақшасы жауды. Мен сол жерде полкымнан айрылып қалдым. Сұрайын десем, советтің бір солдаты жоқ. Бір кезде маған қарсы екі қазақ солдаты келе жатыр екен. Үшеуміз үш қапқа поляктың ақшасын толтырып алдық.
Мен мұның алдында пленге түсіп, немістердің жүрмей тұрған ХТЗ деген тракторын оталдырып, солардың қоластында жұмыс істегем. Содан немісше түсініп, сәл-пәл сөйлесемін. Алты ай бойы немістерге жұмыс істедім. Қарын тоқ, уақытында моншаға апарады. Ешкім ұрыспайды, ұрмайды. Содан бір күні мен оларға мынадай ұсыныс жасадым: «Совет армиясы алға озып кетті, біз енді оларды іздеп таба алмаймыз. Одан да бір балшыны іздеп тауып, мына ақшаны беріп бал аштырайық. Алдағысын көре жатармыз» дедім.
Сонымен ақшаны қолтыққа қыстырып алып әркімнен сұрастыра бастадым. Бір орта жастағы поляк мені түсініп, бізге жол сілтеді. Пәлен жерде орман бар, орманның ішінде үй бар, сол үйде поляк әйелі тұрады. Сол бал ашады деді. «Сұрай-сұрай Меккені табады» дегендей, түс кезінде жаңағы үйге де жеттік. Әлгі поляктың айтқаны 60 жастың шамасындағы әйел екен. Мен переводчикпін. «Қария мына үш қап ақшаны ал да бізге бал ашып бер» дедім. Содан келіскеннен кейін әлгі балгер әйел картаны тастап жіберіп ашып алды да, маған қарап: «сен ешуақытта бал аштырма» деді маған. Екінші солдат ақтөбелік еді, соған ашты. Сонда балшының айтқаны: «осы жерде қанша отырсаң сонша отырасың. Ал орныңнан тұрып, анау есікті ашсаң, өлесің» дегені. Ақтөбелік солдат оттапсың дегені ашуланып. Үшінші солдат семейлік еді. Картаны ашып қойып оған айтқаны: «соғыс қанша жыл болса да саған өлім жоқ. Бірақ, еліңе қайтпайсың, шет мемлекетке өтіп кетесің. Өмірің ұзақ болады, өте бай-дәулетті боласың. Ұл-қыздарың болады» деді. Сол кезде әлгі ақтөбелік солдат наганын жұлып алып, балшыға оқталды. Ол: «Мына Сағилаға ашасың, айтпасаң атып тастаймын» деп тап берді. Екеуміз бал ашыңыз деп әлгіге жалындық кеп. Сондағы маған түскен балдың түрі мынау. –Біріншіден – саған әкең дұға жасап отыр. Екіншіден – соғыс 10 жыл болса да саған оқ дарымайды. Сен қорлықты соғыста көрмейсің, соғыс бітіп, Совет Одағы жеңеді. Сен қорлықты өз Отаныңа барғанда көресің. Соған шыда. 10 балаң болады. Бәрін өсіресің, үйлендіресің, сонымен жасың ұлғайып, қартайып қаза боласың,- деді. Сонымен, балшының жұмысы бітті.
Ақтөбелік солдат орнынан тұрғаны сол екен, сырттан ысқырған снарядтың даусын естідік. Ысқырып келеді. Есікті ашып, босағадан аттағаны сол еді, әлгі солдатты снаряд қақ бөліп, ол сол жерде жан тапсырды. Оны екеулеп орманның ішіне жерледік. Сол кезде тағы бір снаряд түскен екен. Мені топырақ басып қалыпты. Есімді жисам еш жерім ауырмайды. Топырақтың астынан шығып, жолдасымды іздедім, ол жоқ. Жалғыз қалдым. Күндіз тығылып жатамын. Түнімен шығысқа қарай жүремін. Қанша жүргенім есімде жоқ. Бір күні мені немістер ұстап алды да үлкен өзен Эльбаның бір жағы екінші жағы тормен қоршалған. 10 гектар жер бар екен. Адамдарда есеп жоқ. Үлкен қазанға картошканы топырағымен қайнатып бір мәрте тамақ береді екен. Пленде жатырмыз. Жаз айы. Қарасам айналада жылқы көп, небір семіз жылқылар жайылып жүр. Сол жерде іздеп жүріп қазақ, өзбектерді тауып алып, бізге арқан, пышақ, қазан және тұз керек деп бұйрық бердім. Жабылып жүріп бәрін таптық. Бір дәу қазанатты (жылқыны) құлатып, оны сойып етін астық. Қайыр сұрағандар өте көп. Сондағы орыстар малдың аяғы мен жілігін сұрайды. Оларға сұрағанын береміз. Есімізді жиғаннан кейін қашудың жолын іздей бастадық. Бір күні аралап жүріп бір воротаны көрдім. Немістер Совет солдаттарын сүйреп әкеліп мылтықтың ұшындағы істік темірмен шаншып өлтіріп арбаға салып жатқанын көрдім…
Бір күні қатты ауырдым. Оң жақ көзім ауырып, басым гүп болып ісіп кеткен. Сәл жүріп воротаға барып қалсам керек, екі неміс ұстап алып сүйреп алып келді. Періп жібергенде жаңағы бастағы ісік жарылып, үстімнің бәрі қан-жоса болды. Мені сүйреп алып келіп арбаға лақтырып жіберді. Үстіме біраз адамды салып, шұқырға лақтырды. Сол кезде өлгендердің үстінде өлген кейіпте жатырмын. Сәлден соң күн батты. Ақырын тұрсам дін аманмын. Басымның ауырғаны басылып, көзім ашылып қалыпты. Жүріп отырып түннің бір мезгілінде бір үйдің есігін қақтым. Неміс шал мен кемпір екен. Мені үйіне кіргізіп, моншасын жағып, суға түсірді. Киім киіп, тамақ ішкен соң есімді жидым. Бұл кезде немісше түсінемін әрі сөйлеймін ( – отыр, кох – қолыңды көтер деген сөз) деп айтып отыратын еді.
Сонымен сол немістің үйінде күндіз погребте жатамын, түнде таң атқанша сөйлесеміз. Бір күні 1945 жылғы 9 май болды. Шал: «Совет жеңді» деп айтты. «Гитлер гапут!» деп қуанып, мені сыртқа шығарды. Қарасам, қуанған ел «Жеңіс, Жеңіс!» деп батысқа қарай жүгіріп барады. Дереу киініп, үй иесімен қоштасып, мен де ел жүгірген жаққа жүгірдім. Қарасам, бір немістің офицері өліп жатыр, қолында алтын сағат. Сағатты жұлып алып, тымағымның маңдайшасына салып қойдым.
Бір қарасам алдымнан бір солдат велосипедпен келе жатыр. Келді де тоқтай қалды. «Жеңіс құтты болсын!» дейді әлгі қазақ. Жаңағы солдаттың айтқаны сізде алтын сағат бар соны маған байлаңыз деді. Тілге келмей тымақтың маңдайшасынан сағатты суырып алып, қолына тақтым. Жаңағы жігіт қалтасынан алып маған екі түрлі мата берді.
– Аға, Советтің шинелін тауып киіңіз де сол шинелдің сол жақ қолыңыздың жеңіне тығып қойыңыз. Сол белгі сізді көп нәрседен құтқарады,- деді де асығыс жүріп кетті.
Бұл оқиғаның бәрі Эльба өзенінің жағасында болған оқиға» еді. Ағамның соғыста көрген қорлықтарының бір парасы міне осындай. Мені оны өз аузынан естіп, жазып отырмын.
Мен 1996 жылы Германияға барып Целле деген қалада оқығаным бар. Сонда осы Эльба өзенінен ары-бері өттім. Мен Неміс академиясының академигімін. Сертификатым бар. Ағам кейде: «осы Эльба өзенінің қалай ағып жатқанын білмейсің» дейтін. Соны мен де неміс жеріне барған сапарымда өз көзіммен көрдім…
«Содан бізді топ-топқа, полкқа бөліп Татарстанның Қазан қаласынан бір-ақ шықтық. Апара салып сен пленге өз еркіңмен өткенсің деп подвалға тастап жіберді. Іші қараңғы, өліп жатқан адам көп. Бір күні мені подвалдан шығарып тергеуге алды. Тік тұрып жеті күн тергеудің астында қалдым. Адам тамаққа шыдағанымен, ұйқыға шыдамайды екен. Екі саным гүп болып ісіп кеткен. Ұйықтап бара жатқанда дубинкамен ұрғанда ұйқым шайдай ашылады. Тергеу де аяқталды. Қатардағы солдатпын. Күнделікті тәртіп. Күнде түрлі қауесет естиміз. Дембілге шыққан солдаттар деген. Бір күні командиріміз Қазан қаласын аралаймыз деп 10 солдатты дембілге алып шықты.
Алдымыздағы өзен көпірінің үстінде төрт қыз бізге қарап күліп тұр. Біреуі маған: -Сіз қазақсыз ба?- деді. Орысшалап иә, қазақпын деймін мен. -Сіз мұсылмансыз ғой, иә?. –Иә, мұсылманмын. -Онда Сіздерді қонаққа шақырамыз деді. Мен жалма-жан командирге айттым. Ол кісі де келісе кетті. Сонымен қонаққа кеттік. Бір үлкен тамға кіргізді. Қыздар қазір келеміз деп кетіп қалды. Бөлмеде отыратын орындық жоқ. Сәлден кейін сыртқа шығайын деп есікті ашсам, есік жабық. Дереу командирге наганыңды дайында деп айқай салдым. Үлкен терезе екен, жүгіріп барып аяғыммен бір теуіп сыртқа бір-ақ түстім. Барлығымыз сыртқа шықтық. Командир екі солдатты штабқа жіберді. Қалғанымыз сол арада тұрдық. Командирге бір рет атыңыз деп айттым. Қала бойынша тревога. Қаладан ешкім шықпайды, ешкім кірмейді. Қаруланған бір рота солдат келді. Мен бір лом темірді алдым да есікті талқандап ішіне кірсек, төрде есік бар екен, оны да талқандап ішке кірдік. Баспалдақпен подвалға түстік. Іші жап-жарық, бұрыш бұрышта үйілген адамның басы, бірнеше ағаш бөшкеде тұздалған адамның еті. Кейіннен білдік, адамның етін қамырдың ішіне салып пирожки етіп сатады екен.
Сонымен соғыс бітіп елге келдік. 1946 жылы тағы да тергеу басталды. Аудандық прокурор, қолында небір солдаттардың суреті бар, мен бәрін танимын. Бірақ танымаймын деген бір жауапта тұрдым. Үш ай өтті. төртінші ай тергеу, сол баяғы сұрақ, сол жауап. Әбден мезі болдым. Қалай пистолетін алам, алып оны өлтіріп, артынан өзімді өлтірсем деп ойлап отырғанмын. Тергеуші прокурор орыс дәу жігіт белінен наганын шешіп столдың үстіне қойды да, өзі сигаретін тұтатып сыртқа шығып кетті. Іштей Құдай берді деп отырмын. Сөйтсем, ол далаға шығып есіктің жапсарынан мені қарап отыр екен. Мен көп ойланбастан пистолетін үстінен сап етіп ұстағаным сол еді, ол келді де қолымның үстінен басып қалды. Қолымнан пистолетті жұлып алды да атына мініп шапты да кетті. Содан біржолата құтылдым» деуші еді ағам жарықтық…
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өледі» деген. Ағам Сағила Орынкүл жеңешем екеуі отбасында 6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, бәріне орта және жоғары білім әперді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Жеңешем ақылды, үнемі көңілді жүретін кісі еді. Бақатейде тұрған бір әулет, екі атаның балалары, атап айтқанда, Байгелді, Жылгелдіден тараған 15 үй бармыз. Ауыл ақсақалдары бір істі бастайтын кезде ең алдымен өздерінше ақылдасып алады да, кейіннен келіні Орынкүлді шақырады.
Одан: -Балам бұл қалай болады? деп ақыл-кеңес сұрайды. Жеңешем болса бір күліп алады да, содан соң оларға не істеу керектігін тәптіштеп айтып беретін. Жеңешемнің айтқаны болатын. Ол кезде біз жас бала едік…
Бұрынғы Бақатей ауылында тұрған бір әулетте 15 үй болса, осы 15 үйден 17 адам соғысқа аттанған. Атап айтсақ, Сәбденбектің екі ұлы Әлмерек, Төле. Бұлар Бурно- Октябрдегі Каучукпромсовхоз техникумын бітірген. Қуаныш колхозынан соғысқа кеткендердің қатарында – Сағила, Әбдіман, Әбдуалы, Лесбек, Өскенбай және Рақымбай Шатаев (летчик болған). Бораш майданға өз еркімен аттанған.
Қазір менің жасым ұлғайып 86-ға қарады. Соғыс жылдарында туып, соғыстан кейінгі ел өмірінде болған қиыншылықтарды біркісідей көргендердің бірімін. Ағам айтқан естеліктердің ойымда қалғандарын жазып отырмын. Соғыста Отан күзетінде қайтыс болғандардың әруағы риза, алды жарық болсын. Артында қалған ұрпақтарына өмір берсін деп тілейік. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Аманжол қажы ДҮРӘЛІҰЛЫ,
еңбек ардагері, ауданның
Құрметті азаматы.
Қайрат ауылы