Basty bet

Адам мінезінің ең абзалы – кешірімділік

Кешірімділік – Алла тағаланың сипаттарының бірі. Алла тағала өзі ғана кешірімшіл болмай құлдарын да кешірімшіл болуға шақырады.
Құранда: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф сүресі, 199) деп айтылса, басқа бір аятта: «Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (қатты ашуланған кезде де) ашуларын жеңе білгендер, сондай-ақ басқаларға кешірімді болғандар» (Әли Имран сүресі, 134) деп айтылып, кешірім жасаған адамның үлкен сауапқа ие болатынын және ақыретте де илаһи кешірімге қол жеткізетінін айтады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде, бір пайғамбардың басынан өткен оқиғасын әңгімелейді. Әлгі пайғамбарды қауымы ұрып-соғып, қан-жоса қылса да, жүзіндегі жарақаттан аққан қанды сүртіп тұрып: «Уа, Алла тағалам, қауымымды кешіре гөр! Өйткені олар ақиқатты білмейді» – деп жалбарынған еді» деп айтты.
Тағы бір хадисінде «Сендерге Алла тағала онымен дәрежені көтеретін амалды айтайын ба?» дегенде сахабалар: «Әрине, айтыңыз» дейді. Сонда Алланың елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) «Өзіңе зұлымдық қылғанды кешіру» деген.
Тағы бір мына аятта Алла тағала: «Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Алла сендерді жарылқайды. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі» (Жүсіп сүресі, 92) дейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед те (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) кешірімділіктің ең кемел үлгісін көрсеткен жан еді. Алла тағала сүйікті елшісіне, оны ренжітіп, көңілін қалдырғандарға кеңпейілдік танытуды бұйырып: «Ендеше сен (ел жұрттың қатесін, қиянатын) көркем түрде кешір. Шынында Раббың-Жаратушы бәрін білуші» (Хижр сүресі, 85-86-аят) деп айтқан.
Көркем түрде кешіру деп қандай да бір адамның қателігін кешірумен бірге, оның артынан ашу, тәкаппарлық, артық сөз айту, жек көру сынды істерден ада болуды айтады.
Кешірудің әрине, адамға оңай емес екені, сол себепті де адамның жанына ауыр келетіні әмбеге аян. Өйткені, адамның нәпсісі мен шайтан пендені, кешірім жағынан сүріндіруге тырысады.
Ендеше оларды жеңіп, сынақтан сүрінбей сырғып өту үшін мыналарға қырағы назар салған жөн: кешіре білудің ең үлкен ерлік екенін ұмытпау, кешіре білу қасиеті иесін Илаһи кешірімге жетелейтінін білу, кешірмеуден Аллаға сыйыну және кешіре білу үшін дұға ету, пенде қатеден кенде еместігін еске алып адамдардың кейде Құдайға да қарсы шығатынын еске алып жасаған қателіктерін үлкейтпеу, кешірудің адамның беделін көтеретінін есепке алу және кешірудің әуел баста адамның нәпсісіне ауыр келсе де нәтижесі жақсы болатынын байқай білу.
Әр адам қателеседі. Сол қателіктерінің кешірілуін үміт еткен адам, өзгенің де қателігіне кешіріммен қарай білуі тиіс. Хасан Басридің: «Мүміннің мінезінің ең абзалы – кешірімділік» деп айтқанындай, осындай пайдасы мен сауабы мол амалдың өз бойында көрініс табуы үшін әрбір мүмін адам тырысуы қажет.

Алмас НҰРБЕКОВ,
аудандық орталық мешіт бас имамының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close