Basty bet

Тәтті ірімшікті «Ақмолдан» ғана табасың

Ірімшік өндірісі ауданымызда жақсы жолға қойылған. Әсіресе облыс және республика тұрғындарының «Бурное» ірімшігіне деген ықыласы бөлек. Осы өнімді «Ақмол – 2025» ЖШС де талай жылдан бері табысты өндіріп келеді. Бұл кәсіпорын бұрынғы «Мешелова З.Е» жеке кәсіпкерлігі орнында қайта құрылымдалып, жұмыс істеп келе жатқан өндіріс ошағы.

Бұл өндіріс ошағы тәулігіне 25 тонна сүт өңдеп, өнім өндіруге қауқарлы. Зауыттың жалпы жобалық құны 180 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражаттың 55 миллион теңгесіне кәсіпкер зауытқа қажетті жаңа құрал-жабдықтарды сатып алып орнатқан. Қалған қаражат ғимаратты салуға, басқа да шығындарын жабуға жұмысалыпты.
Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Кәсіпкер өз мақсатына жету үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалына қайырылып, төмен пайызбен несие рәсімдеген. Екінші денгейлі банктен алған несиесінің өсім пайызының жартысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жабылған.
Осы кәсіпті бастаған марқұм Орынбасар Мешеловтың ісін бүгінде ұлы Әкежан басқаруда. Оның айтуынша, әкесі 2016 жылы бұрынғы жеке отбасылық кәсіптің өндіріс қуатын арттыру үшін аудан орталығынан жер телімін аукцион арқылы алып, жаңа ғимарат тұрғызып, осы зауытты ашқан екен.
– Зауыттағы жаңа қондырғылар түгелдей Болгария мемлекетінен жеткізілген. Сүт өңдеу цехы іске қосылған кезде «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жабдықтарды сатып алуға кеткен қаржының 30 пайызы субсидия ретінде өзімізге қайтарылады. Бұл мемлекеттің кәсіпкерлерге деген үлкен қолдауы болды. Өндіріс ошағы сағатына 3 тонна, тәулігіне 25 тонна сүт өңдейді. Алғашқы жылы ірімшіктің бірнеше түрін ғана өндіріп келсек, кейіннен әкеміздің еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында сүт өнімдерінің өзге түрлерін де өндіре бастадық. Қазіргі таңда сүт өнімдерінің 15 түрі, ірімшіктің 12 түрі шығарылады. Одан бөлек, 72 пайыздық сары май, 30-40 пайыздық қаймақ өндіріледі, – дейді Әкежан Орынбасарұлы.
Бұдан бөлек, кәсіпкер Түркия мемлекетінен сүт пастерлеу қондырғыларын әкеліп өндіріске қосқан. Ірімшік дайындалатын жаңа жабдықтар да алынған. «Алдағы уақытта әкеміздің аманаты – зауыттың екінші цехын іске қосқалы жатырмыз», – дейді кәсіпкер.
Отбасылық кәсіптің тұтқасын ұстаған Әкежан өз әулетімен қатар 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Зауытқа бес ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 12 шаруа қожалық, төрт жеке кәсіпкер және бір ЖШС өз шаруашылықтарында сауылған, тұрғындардан жиналған сиыр сүтін күнделікті ертеңгісін және кешкісін әкеліп өткізуде. Қыс және көктем айларында, сиыр сүтінің молайған тұсында зауыт толық қуатында жұмыс істейді.
Кәсіпкер біраз өнімін экспортқа шығарып та табыс табуда. Өнімнің басым бөлігі Ресей федерациясының аумағына жіберіледі. Сонымен қатар республикамыздың барлық облыстарына сүт өнімдері таратылып келеді.
– Қазіргі таңда зауыттың жұмысы жолға қойылған. Сүт және ірімшікке деген сұраныс жоғары. Біздің алдыға қойып отырған мақсатымыз –әкеміз негізін қалаған отбасылық кәсіпті жандандыру. Халықты сапалы сүт өнімдерімен, даңқы жер жарған Жуалының ірімшігімен қамтамасыз ету. Өндіріс қуатын еселеп арттыру, – дейді кәсіпкер.

Марат Құлибаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close