Basty bet

Тұрғындардың тұрмыс тіршілігін жақсарту – межелі міндет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы жаңа Жолдауы елдің жаңаша даму бағытын айқындаған маңызды құжат болғаны анық.
Президенттің жаңа Жолдауында Үкіметке бірқатар маңызды тапсырмалар беріліп, ендігі кезекте аймақ әкімдерінің жұмысы өңірлерге инвестиция тартумен бағаланатыны белгілі болды. Бұл өте орынды міндет. Инвестицияны ел игілігі ретінде бағалайтын болсақ, өңірлердің жаңаша дамуы инвестиция тартумен тікелей байланысты.
Өзім басқарып отырған ауданға қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінде де Президент тапсырмасымен және жыл сайынғы халыққа арнайтын Жолдауларынан туындайтын межелі міндеттерді іске асыру бағытында атқарылған жұмыстар бар. 2024 жылдың қорытындысы және 2025 жылдың 9 айында тұрғындардың игілігіне бағытталған жұмыстарға тоқталсам, осынау есепті мерзімнің аралығында ауыл тұрғындарының тұрмыстық тіршілігін жақсартып, ауыл-аймақтың дамуы бағытында біршама жұмыстың атқарылғанын атап айтуға болады.
Ауыл – алтын бесік. Осындағы тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстарға ел қазынасынан қыруар қаржы бөлініп, жұмыс атқарылғанын баса айтқым келеді. 2024 жылы ауылдық округтің орталығы Көлбастау ауылының – Ә.Рысбеков, Б.Момышұлы, Д.Қонаев, Д.Ковешников және Ә.Байтоқов көшелеріне және Б.Майлин көшесі, Б.Момышұлы мен Ә.Байтоқов көшелерінің арасындағы қиылысқа көше жарығымен қоса, жарықтандыру жұмыстары, ал 2025 жылы Көлбастау ауылының – Б.Майлин көшесіне және Талапты ауылының Қазыбек би көшесіне көше жарығы мен жарықтандыру жұмыстары толықтай жүргізілді. Көлбастау ауылындағы Ә.Рысбеков көшесінен Ә.Байтоқов көшесіне өтетін жаяу жүргіншілер көпіріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ә.Байтоқов көшесі бойындағы Талапты ауылына баратын аудандық маңызы бар жолдан өтетін көпірге жаяу жүргіншілер жолы орнатылды.
Былтыр «Қуатты өңірлер» бағдарламасының аясында округтегі Талапты ауылында заманауи медициналық құралдармен жабдықталған бес келушіге арналған медициналық пункттің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл жобаның сметалық құны – 180,6 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, аталған ауылда кіші футбол және балалар ойнайтын алаңша орнатылып, «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында Қазыбек би, Көлбастау көшелеріне және Б.Момышұлы бірінші тұйығына, сонымен қатар, Көлбастау ауылының Д.Қонаев көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауылдық жерде күнделікті ауыл шаруашылығымен, оның ішінде, мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын тұрғындар үшін жайылым жерлердің мәселесі өте маңызды орын алады. Бұл бағытта ауылдық округтегі жайылым жерлердің шекарасын кеңейту мақсатында «Мыңбұлақ» жер қорынан шамамен 1 852 гектарды құрайтын жер телімі берілді.
Санитарлық тазалық жұмыстарына да баса көңіл бөлініп, биыл Көлбастау ауылының шығыс беткейінде орналасқан қоқыс тастау орнына тазалау және қоқыстарды көму жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, сәуір айынан бастап Көлбастау ауылынан ауызсу жинайтын мұнараның және жаңа ауызсу жүйесінің құрылысы басталды. Бұл істі мердігер мекеме «Интелект-Азия» ЖШС өз міндетіне алған. Сонымен қоса, округтің орталығы Көлбастау ауылында құны 200 млн теңгеден асатын 149 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілу үстінде. Мұның барлығы тұрғындардың игілігіне бағытталған жұмыстар. Тұрғындардың тұрмысын арттыру – маңызды міндет болып қала береді.
Жәнібек МЫРЗАЛИЕВ,
Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close