Basty bet

Ел бірлігі – ең асыл қасиет!

Аудан прокурорының бекіткен Жуалы ауданы бойынша 2023 жылы басты бағыттар ретінде айқындалған жүйелі бұзушылықтар тізіліміне енгізілген іс-шаралар жоспарын орындау, ұлтаралық қатынасты нығайту және ұлт өкілдері арасындағы ұсақ тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мақсатындағы жиындар өткен аптада өткізілді.

Б.Момышұлы және Нұрлыкент ауылдарында өткізілген кездесулерге негізінен этномәдени орталықтардың жетекшілері мен мүшелері, ауыл қариялары және тұрғындар шақырылды.
Этнос өкілдерімен болған алғашқы жиын Б.Момышұлы ауылында ұйымдастырылды. Жиынға аудан прокуратурасының прокуроры Замир Қыстаубай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов қатысты.
Кездесу жиынын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп ашты.
-Құрметті жерлестер!
Бүгін біз Сіздермен Жуалы ауданы бойынша 2023 жылы басты бағыттар ретінде айқындалған жүйелі бұзушылықтар тізіліміне енгізілген іс-шаралар жоспарын орындау, ұлтаралық қатынасты нығайту, ұлт өкілдері арасындағы ұсақ тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мақсатында кездесіп отырмыз.
Бүгінде біздің қасиетті Жуалы жерінде 11 этнос, бес этномәдени бірлестіктің өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүруде. Негізінен алғанда, көпұлттылық – біздің басымдығымыз, бірлік – сарқылмас байлығымыз. Сондықтан бірлігіміз ажырамасын, достығымыздың беки түсуіне тілектеспін,- деді Анар Садыққызы.
Келесі кезекте Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұлов ауылдағы этносаралық ахуалды және олардың тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, Бауыржан Момышұлы ауылында халық саны – 14 739 адамды құраса, оның этникалық құрамында 12 781 қазақ азаматы, 1 138 орыс, 285 шешен, 72 әзербайжан, 133 өзбек, 92 неміс, 122 украин және 116 азамат өзге ұлттарды құрайды.
Этнос өкілдерінен тұрақтылық пен татулықты, өзара сыйластықты, мемлекеттік тілге деген ерекше құрметтерін көруге болады. Аудан орталығында барлығы төрт этномәдени бірлестік бар. Бірлестік жетекшілері қоғамдық іс-шараларға қатысып, белсенділіктерін танытуда. Мәселен, «Мехрибан» әзірбайжан ұлттық орталығының төрайымы Эсмира Мамедова, «Войнах» шешен ұлттық орталығының төрағасы Лечи Оздамиров, «Бахор» өзбек ұлттық орталығының төрайымы Зувайда Мажитова, «Славян» орыс этномәдени бірлестігінің төрайымы Ирина Протасова тек ауылдық емес, аудан деңгейінде де этносаралық жұмыстарды жүзеге асыруда.
Жиында сөз сөйлеген аудан прокуратурасының прокуроры Замир Қыстаубай жиналғандарға құқықтық тұрғыдан түсіндірме берді. Замир Ниязбекұлы Қазақстан Республикасы азаматтарының Ата Заңда көрсетілген құқықтары мен бостандықтары және міндеттері туралы да кеңінен айтып берді.
Кездесуде сөз алған «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев этноаралық қарым-қатынасты нығайту өте өзекті мәселе екенін айта келіп, жалпы елімізде тұратын қандай да этностың өкілдерімен достықты сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясына және басқа да құндылықтарына құрметпен қараудың қажеттігін баса айтып, қиын-қыстау кезеңде қаншама ұлтты жатсынбай, бауырына басқан қазақ халқының қонақжайлығын, өзге ұлттарға ұқсамайтын тағы басқа асыл қасиеттеріне кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте сөз сөйлеген «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени орталығының жетекшісі Эсмира Мамедова және өзбек ұлттық орталығының белсенді мүшесі, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Шәкіржан Мамаджанов жалпы ұлттар арасындағы сыйластықтың артып келе жатқанын айтып, қасиетті қазақ жерінде тұрмыс кешудің өзі бақыт екенін қуанышпен жеткізді. Бір айта кетерлігі, өзбек ұлтының өкілдері Мамаджановтар әулетінің Жуалы ауданын құтты қоныс еткендеріне биыл 110 жыл толып отыр. Жиынды Анар Ахметова қорытындылады. Кездесу соңында аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов ізгі тілегін білдіріп, жиналғандарға бата берді.

***
Этнос өкілдерімен ұйымдастырылған кездесу жиыны келесі кезекте Нұрлыкент ауылында жалғасын тапты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
Келесі кезекте ауылдық округтің әкімі Нұрсұлтан Рақымбек тақырыпқа байланысты баяндама жасады. Оның айтуынша, округ тұрғындарының 80 пайызын шет мемлекеттерден осында көшіп келген қандастар құрайды. Қазақтар 4 397 адамды құраса, орыстардың саны – 202, украин үшеу, неміс – 10, өзбек – 10 адам, қырғыздар – 17 адам және қарақалпақтар – 11 адамды құрайды. Қандастардың дені негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады.
Жиында аудан прокуратурасының прокуроры Замир Қыстаубай жиналғандарға құқықтық тұрғыдан түсіндірме берді.
Сонымен бірге «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ және «Отандастар» қорының директоры Шора Ысқақов және өзбек этносының қадірлі ақсақалы Шәкіржан Мамаджанов, әзірбайжан және неміс ұлттық орталықтарының жетекшілері – Эсмира Мамедова және Надежда Галахова сөз сөйлеп, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып, жиын қатысушыларымен ой бөлісті.
Баршамыз үшін тыныштықтан асқан байлық та, бақыт та жоқ. Президент бастаған Әділетті Қазақстан құрудағы ең басты құндылығымыз – бейбітшілік пен біртұтастық. Елімізді қуатты ететін де дәл осы қасиеттер.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close