Basty bet
Диқандардың адал еңбегі далада қалмасын!
биыл өңірде қырыққабат молынан өндірілуде, бірақ баға тым төмен
Әлемнің әміршісі – еңбек. Бұл ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Бұрынғы ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына өмірлік ұлағат ретінде ең бастысы – еңбекті мұра етіп қалдырғаны анық. Өйткені, адал еңбек пен маңдай тердің игілігі әрине, өз алдына маңызды дүние. Еңбек жасамай, ешқандай жетістікке жету мүмкін емес.
Атақты күрішші, диқандардың атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың еңбек салты туралы айтқан мына бір даналық сөзі осындайда еріксіз ойға оралады. «Диқан кетпеніне, қойшы таяғына, жазушы қаламына ие болсын» деген қанатты сөзді жас ұрпаққа өсиет етіп қалдырған да дәл осы Ыбекең болатын. Әркім өз орнында отырып, өз жұмысын жақсы білсе, қоғамның дамуы ешуақытта тежелмейтіні анық.
Ерте көктемнен бастап қара күзге дейін бел жазбай, еңбек ететін қауым ол – диқан қауымы. Ауданымызға қарасты Нұрлыкент ауылында бау-бақша баптайтын диқандардың қарасы мол. Солардың бірі – Ахметовтар әулеті. Ахметовтардың ортаншы ұлы Расул Ахметов 2005 жылдан бері диқаншылықпен тұрақты айналысып келеді. Биыл да ол баптаған қырыққабат алқабы жайқалып тұр. Алқапқа мамыр айының орта тұсында орналастырған «Ринда» сұрыпты қырыққабат дақылы тамыз айының басында пісіп те үлгерді.
Расул диқанның қырыққабат алқабы Диқан ауылының төменгі бөлігінде орналасқан екен. Апта ортасында алқаптың басына арнайы барып, диқан Р.Ахметовпен жиын-терім науқанының барысы туралы әңгімелескен едік.
Расулды алқап басынан кездестірдік. Егістіктің бір шетінде шағын жүк көлігіне («Газель») жаңа үзілген қырыққабатты тиеп жатқан жұмысшы жігіттерді алыстан байқап, солай қарай бет алған бізді диқан жігіттің өзі қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып, келген шаруамызды жеткізгеннен кейін Расул бізге бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, проблемаларымен де бөлісті.
Сегіз гектарды алып жатқан алқаптағы қырыққабат дақылының бір шетінің ғана өнімі алынған. Қалғаны сол күйі тұр. Сауданың мұраты – ұту болғанымен, биыл қырыққабат өніміне лайықты баға болмай тұрғанын айтады диқан қауымы.
-Қай дақыл болсын, жақсы күтім жасалса, одан мол өнім алуға болады. Қырыққабаттың әр гектарынан 60-70 тоннаға дейін өнім алынады. Ал шағын жүк көлігіне шамамен төрт тоннаға дейін өнім артылса, қазір осыншама өнімнің құны небәрі 70 мың теңгеге бағаланып отыр. Биылғы баға қырыққабаттың әр келісі 20-25 теңгенің көлемінде ғана. Әрине, еккен өніміміз тым төмен бағаланып отыр. Былтырлары баға жақсы болды. Бағаның жоғары болғаны – диқан қауымының табан ақысы мен маңдай терінің ақталғаны емес пе?.
Өкінішке орай, биыл олай болмай тұр. Жалпылама есептегенде, қырыққабат алқабының бір гектарын егіп, сатуға дайын болғанға дейінгі аралықтағы қарау, егілген сәттен бастап оны күтіп-баптау жұмыстарына (оның ішінде, минералды тыңайтқыш бар) бір миллион теңгедей қаражат жұмсалады. Өнімге лайықты жоғары баға болмаса, есіл еңбегіміз еш кеткелі тұр. Бізді қинап отырған негізгі мәселе осы. Диқан қауымының жанайқайына жергілікті билік қашан құлақ асар екен?! Дайын өнімді бір орталыққа тиімді бағамен өткізу туралы біраз жылдан бері айтып келе жатырмыз. Бұл мемлекетке де, шаруаға дай пайдалы болар еді. Бұл мәселені нұрлыкенттік диқандар қаншама жылдан бері көтеріп келеді.
Біздің өтінішіміз – ауданнан дайын өнімді лайықты бағада қабылдайтын орталық немесе қойма ашу қажет. Өнімді өткізетін отандық нарықпен қоса, шетелдік нарықты қарастыру керек. Айта берсе, мұның төңірегінде түйін көп. Осы мәселені тездетіп қолға алмасақ, елде қалыптасып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мен баға саясаты сияқты өзекті мәселелерді түбегейлі шеше алмаймыз,- дейді диқан Расул Ахметов.
Осы тұста айта кететін тағы бір мәселе бар. Расулдың өз иелігінде егістік жер жоқтың қасы. Еңбексүйгіш азамат және оның туыстары бірнеше жылдан бері Диқан ауылының шаруа азаматы Қанат Жұмановпен бірлесіп жұмыс жасауда. Қырыққабат дақылын да бірнеше жылдан бері шаруаның егістік жеріне егеді. Жерді игеретін әрі өңдейтін де Қанаттың техникалары. Сегіз гектар алқапқа егілген қырыққабаттың төрт гектары жер иесіне тиесілі. Жер шаруанікі болғанымен, еңбек – диқанға тиесілі.
Жалпы еңбекқор диқан қауымының көбісі осылай ептеп-септеп күн көруде. Жер шаруанікі болғаннан кейін өнімнен түсетін пайданың да бір бөлігі де соның құзырында. Дегенмен, еңбек еткен жанды қара жердің де құр тастамайтынын диқан қауымы жақсы білсе керек. Жылда үйреніп қалған кәсібін тастағысы келмейді. Өйтпеске амалы тағы жоқ. Өйткені, ауданда одан басқа тірліктің де, табыстың да көзі жоқ. Отбасын асырау, тағысын тағы… Өмір осылай жалғаса береді. Еңбек лайықты бағаланса, шаруа да, диқан да бір «шала байып» қалар еді-ау. Бұл – біздің назарымызға ілініп отырған бір ғана мысал. Диқаншылықпен айналысуға ниеті болса да, егістік жері жоқ қаншама шаруаның барын кім білсін?!
Хош. Сонымен, диқаншылықты кәсіп еткен Расулдың жалпы көлемі сегіз гектар қырыққабат алқабының төрт гектарына ертерек өнім беретін «Ринда» тұқымы егілсе, қалған төрт гектары «Бухарест» тұқымына тиесілі. Орта есеппен алғанда, бір гектарға егілген қырыққабаттан 60 тонна өнім алынады десек, сегіз гектардан алынатын өнімнің көлемін өзіңіз есептей беріңіз. Ал, әзірге төрт гектарға егілген «Ринда» сұрыпты қырыққабаттың әзірше бір гектарының да өнімі толық өткерілген жоқ. Егер де пісіп тұрған дайын өнім жақын арада сатылмаса, оның бүлініп кетуі де ғажап емес. Бүлінген өнімнің жайы белгілі. Тек малға ғана азық болады. Өйткені, піскен асты да, піскен өнімді де көп сақтауға болмайды. Өнімді өткеру ісіне және елдегі баға саясатына ешкімнің бас қатырмайтыны диқан қауымын ғана емес, ауданның жанашыр азаматы ретінде бізді де қатты қынжылтады…
Жалпы бау-бақша өнімдерін молынан өндіру ісінде Нұрлыкент ауылында шоғырланған диқандардың үлесі мол. Орта есеппен алғанда, ауыл тұрғындарының 70-80 проценті дәл осы диқаншылықты кәсіп етіп, содан нәпақа тауып, отбасын асырап отыр.
Дайын өнімді өткеру туралы нұрлыкенттік байырғы диқан Мұзаффар Өтеновпен сөйлескенімізде, биыл олар да бірқатар проблемаға тап болып отырғанын айтады. Ағайынды Өтеновтар биыл да 10 гектардан аса алқапқа қырыққабаттың үш сұрыптысын егіп, баптады. Бұл шаруашылықта бапталған «Ринда» тұқымы шілде айының ортасында-ақ пісіп-жетіліп, сатылымға дайын болды. Олар алғашқыда қырыққабаттың бірнеше тоннасын Түркістан облысының базарларына төмен бағада өткергенімен, кейіннен 50-60 тоннаға жуық өнім уақтылы сатылмай, алқапта шіріп қала берді. Шамамен осыдан бір ай бұрын дайын болған өнім көп уақытқа шыдамаса керек.
-Биыл ауа райы бау-бақша егуге өте қолайлы болды. Мамыр мен маусым айларында жауын-шашын мол түсіп, өнімнің тез жетілуіне жақсы әсер етті. Ағын судың келуі де жақсы. Алқапқа күнделікті жасап жатқан күтіп-баптау жұмыстары өз алдына. Бір сөзбен айтқанда, биыл өнім жылдағыдан қарағанда өте жоғары. Табиғат-Анаға ешқандай өкпеміз жоқ.
Өнім жақсы болғанымен, биыл оның өткеру бағасы тым төмен болып отыр. Былтырлары қырыққабаттың әрбір келісін алғашқыда 70-80 теңгеден саудаласақ, ал биыл небәрі 20-25 теңгеден болуда. Бұл – өте төмен баға. Пайда таппақ түгілі, шығынымызды да ақтай алмаймыз мұндай бағамен. Бөлшек саудамен аудан базарларында қырыққабаттың әр келісі 100 теңгеден сатылуда. Ал есіл еңбектің өтеуін кім ойлайды. Жаз бойы жерге төккен теріміз бен еткен еңбегіміз жерде қалады деп кім ойлаған,- дейді қатты кейіген шаруа азамат.
Тілші түйіні: Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі өте мәселесі өзекті болып отырғаны жасырын емес. Бұл бір ғана біздің елге қатысты емес, бұл әлем елдерін толғандырып отырған мәселе. Кейінгі жылдардың бедерінде азық-түліктің бағасы шарықтау шегіне жетті. Күн санап шарықтаған инфляцияны төмендетіп, соның салдарынан шарықтаған бағаны ауыздықтауға ел Үкіметі де ешқандай нақты іс-шара қабылдап отырған жоқ. Бұл – айдан анық нәрсе. Қазір тапқан табысың мен базардағы бас бермей, аспандаған бағаны салыстыруға мүлдем келмейді.
Нарықтың қатал заңын ескерсек, жыл өткен сайын бағаның өсу деректері әсіресе, азық-түлік сатылымында үдегеннің үстіне үдей түспек. Енді, қайтпек керек? Қамсыз отыра берейін десек, қай мәселеде де қапы қалатынымыз анық. Сондықтан, мұндай стратегиялық маңызды мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын ұғынатын және оны мемлекет деңгейінде қолға алатын уақыт жетті.
Толғауы тоқсан тіршілікте біздің назарымызға іліккен әрі шұғыл шешімін табуға тиісті толғақты мәселенің бірі осы еді… Себебі, жуалылық диқандардың жаз бойғы жасаған адал еңбегі далада қалса, не болады?! Біздің көтерген мәселемізге ақыл қосам, ұсыныс білдірем деген ағайынға алғыстан басқа айтарымыз жоқ!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»