Basty bet
Жас маман – мемлекеттік қызметші
Болашақтың кілті, елдің ертеңі – білімді жастар. Қазіргі уақытта жастардың сапалы білім алуы, дұрыс мамандықты таңдауы және қоғамнан өзінің орнын табуы ең өзекті деген мәселелердің қатарында екені белгілі. Сол себепті қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға қолдау көптеп жасалуда.
Қайсар Әділбек – еңбек жолын мемлекеттік қызмет саласында бастаған жас мамандардың бірі.
Қайсар Саматұлы Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылында дүниеге келген. 2006 жылы ауылдағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің табалдырығын аттап, оны 2018 жылы бітірген. 2018-2022 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқып, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын игерген.
– Иә, бұл мамандықты таңдау өз қалауым болды. Таңдаудағы басты себеп, өзімді осы салада сынап көргім келді. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде мемлекеттік қызметкер болсам деген бала арманым болған еді. Сол арманым бүгінде іс жүзінде орындалғанына өте қуаныштымын, – дейді жас маман.
Бүгінгі күні жас мамандарға, әсіресе, ауылдық жерде жұмыс жасайтын жастарға мемлекет тарапынан көптеген мүмкіншіліктер жасалуда. Солардың бірі – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы. Жас мемлекеттік қызметкер Қайсар Әділбек аталған бағдарламаның қатысушысы.
Жас маман универсистетті аяқтаған соң Жуалы ауданы әкімдігінің қаржы бөліміне «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа орналасып, осында алғашқы еңбек жолын бастаған. Сонымен қатар аталған бөлімде штаттан тыс қызметкер болған. Қазіргі таңда аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімшесінің бас маманы қызметін атқаруда.
– Мемлекеттік «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы мен үшін үлкен қолдау болды. Мемлекеттік қызметте тәжірибе жинауға септігін тигізген аға мамандарға айтар алғысым шексіз. Ал алдағы мақсаттарым мен жоспарларым жайында айта кететін болсам, өмір жолындағы биік белестерді бағындырсам деген арман-тілегім бар. Мемлекеттік қызмет – бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін өте жауапты жұмыс. Мемлекет пен халық тарапынан жүктелген жауапкершілікті абыроймен алып жүру – менің мақсатым,- дейді жас маман Қайсар Әділбек.
Рас, адам талаптанса алынбайтын асу болмайды. Сол себепті де кейіпкеріміздің болашақта өз мамандығының майталманы боларына кәміл сенеміз!
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»