Basty bet

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында заң қатаңдатылды

Президент тұрмыстағы зорлыққа қарсы заңға 15 сәуір күні қол қойды. Заң 15 маусымда күшіне енді. Енді қазақстандықтар қызу талқылаған заңдағы әйел құқығына қатысты өзгерістерге тоқталсақ.
Құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралады. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көрші, туыстарының сөзіне сүйеніп, тергеу жүргізе алады. Әрі тараптарға екінші рет татуласуға мүмкіндік берілмейді. Осылайша, денсаулыққа жеңіл зардап келтіргендер бұрын 55 мың теңге айыппұл төлеп немесе 15 тәулікке қамалса, енді 738 мың теңге айыпппұл төлейді немесе 50 тәулікке қамалады.
Жеңіл дене жарақатын алған жағдай үшін де жаза қатаңдатылды. Айыппұл мөлшері 36 мың теңгеден 295 мың теңгеге өсті. Ал қамауға алу мерзімі 10 тәуліктен 25 тәулікке ұзарды. Жәбірленушіні ұдайы ұрып-соғып, психологиялық қысым көрсеткендерге 369 мың теңге айыппұл немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады, шектеу жазасы қолданылады.
Бұл норма бұған дейін де болған. Дегенмен, аса қатігездік танытқан жағдайлар қосымша дәлелденсе, агрессор 4 жылдан 7 жылға дейін сотталады. Егер жәбірленуші 21 күн ауруханада жатса, орташа ауыр жазаға тартылады. Яғни, бұрын 369 мың теңге айыппұл төлеп немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылды.
Енді мұндай жағдайда 2 жылға дейін сотталады. Үйдегі балаларды да дәл осылай қорласа, 3 жылға қамалады. Ал жәбірленушіге жеңіл, орташа не ауыр зиян келгенін сот-медициналық сараптама анықтайды. Бұдан бөлек, заң жобасында жанжал шығарған адамды тәртіпке салу тетіктері қамтылған. Ол бір айға отбасынан оқшауланады, жағдай ушықса 3 айдан 1 жылға дейін әйелі мен бала-шағасын көруге тыйым салынады. Бұл заң нормаларының бір бөлігі 15 маусымнан, қалғаны келесі жылдан бастап күшіне енеді.
Елімізде құқық бұзушылықтың алдын алу, сол арқылы қылмыстың жолын кесу бағытында көптеген реформалар жүзеге асырылып жатыр.
Ата Заңымыз Қазақстанның әрбір азаматына оның құқығы мен бостандығы заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғалуына кепілдік береді. Біздің мемлекетте адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, барлық адам ар-намысы мен абыройын қорғай алады.
Заң мен соттың алдында жұрттың барлығы тең, ешкімге артықшылық берілмейді. Азаматтар өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Заңмен көзделген жағдайда құқықтық көмек ақысыз көрсетіледі.
Мемлекетімізде отбасы институтының беделін арттыру, нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жасалуда, соған қарамастан, отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар қатарының азаймауы ащы да болса шындық. Қоғамда отбасы құндылығының әлсіреп, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің белең алуы кімді де болса алаңдатары анық.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте алдын алу шараларының маңыздылығына назар аудартқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек», деген болатын. Өйткені, статистикалық мәліметтер зорлық-зомбылыққа көбінесе әйелдер мен балалардың ұшырайтынын растайды.
Зорлық-зомбылық тек тұрмыстық сипатта болмайды, оның психологиялық, экономикалық жағы да бар. Сондықтан, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алуда отбасы институтына ерекше мән берілуі керек.
Отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған заңның қабылдануын қауіпсіз және әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадам деуге толық негіз бар.
Бала санасына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қасірет әкелетінін ұғындырудың маңызы зор. Ажырасудың белең алуы, ата-ананың баласынан безуі, балалар арасындағы қылмыстың өршуі сияқты мәселелердің бәрі отбасы тәрбиесіндегі олқылықтан орын алатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осы себепті, отбасында ең алдымен баланың ұлттық танымын қалыптастыруға басымдық берген жөн.
Бұл өз кезегінде оның ұлтжанды азамат болып өсуіне ықпал етеді. Конституциямен нақтыланғандай, отбасы, ана мен әке және бала барлық уақытта мемлекеттің қорғауында болады. «Отан отбасынан басталады» немесе «Отбасы – шағын мемлекет» ұғымдары бекерден бекер пайда болмаған.
Әрбір отбасы – мемлекеттің негізгі құраушы күші, яғни, түпқазығы. Сондықтан, әр шаңырақта зорлықтан қажыған ананың немесе мұндай зұлымдықты көрген баланың шырылы емес, сыңғырлаған күлкісі естілсін десек, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте тек құзырлы органдар ғана емес, қоғам мүшелері жауапкершілік танытуы тиіс!

Байжан Жамалбекұлы,
аудандық
соттың судьясы

Таңдаулы материалдар

Close