Basty bet

БАТЫР БАБАЛАР ЕРЛІГІНЕ МЫҢ ТАҒЗЫМ!

Құрметті ардагерлер және тыл еңбеккерлері!
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын!
9 мамыр – майдангерлер мен тылда қажырлылықпен еңбек еткендердің жанқияр ерлігі мен еңселі елдік рухының және қайсарлығының жемісі.
Биыл біз Ұлы Жеңіс мерекесін 80-ші рет қарсы алып отырмыз. Бұл Жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабалардың ерлігі мен ерен еңбегінің арқасында келгені анық. Қасиетті де қастерлі Отаны үшін жанын беріп, өмірін қиған азаматтарды жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің басты парызымыз. Сұрапыл соғыс жылдары майданға елімізден 1,5 млн-ға жуық адам шақыртылып, 600 000-нан астам қазақстандық қаза тапты. Қазақ жерінен 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50 жеке полк құрылды.
Батыр бабалардың ізін жалғаған жерлестеріміз ерліктің үлгісін әлемге паш етті. 528 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанып, 110 000 адам «Даңқ» орденінің иегері атануы – осының айқын дәлелі. Олардың ішінде, Кеңес Одағының 2 дүркін батырлары, ұшқыштар – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Сергей Луганский және Иван Павловтар бар. Сондай-ақ, жауынгер-жазушылар, Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, батыр-аруларымыз Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың ерлігі бір төбе.
Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы осындай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Майданға бір миллион екі жүз мыңнан астам азаматымыз аттанды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл еңбеккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша, халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті паш етеді. Сондай-ақ, бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым – осы» деп атап өтті.
Елдік пен ерлік сыналған сол бір сын сағаттарда жуалылық жауынгерлер де ерен ерліктің үлгісін көрсетті. 1 500 жуалылық жауынгер соғыста көрсеткен ерліктері мен батырлығы үшін КСРО Үкіметінің наградаларына ие болды. Солардың ішінде, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий, Федор Кердань Кеңес Одағының Батыры, ал Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.
Ардақты жуалылықтар!
Баршаңызды Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық, сәттілік пен табыс тілеймін!

Ізгі тілекпен,
Жалғас МҰРТАЗА,
аудан әкімі

Таңдаулы материалдар

Close