Basty bet

«Жас ұрпақты патриоттық тәрбиемен сусындату керек»

Шақпақата ауылындағы №4 балалар өнер мектебінде Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын насихаттау мақсатында ауыл мұғалімдерімен кездесу өткізді.

Кездесуге аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Думан Ормахан және №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің мұғалімдері қатысты.
Жиынды аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен сөз алған Бейқұт Жамангөзов Жолдаудың 10 негізгі басым бағыттарына шолу жасады. Сонымен қатар, қаңтар айында орын алған «Қасіретті қаңтар» оқиғасының ел экономикасына едәуір кері әсерін тигізгенін, соның салдарынан ғимараттар бүлініп, қарапайым тұрғындар да зардап шеккенін күйінішпен жеткізді.
Одан бөлек, бұл оқиғаға қатысқандардың басым көпшілігі жастар екендігін айтып, ұстаздар қауымы жас ұрпақты патриоттық тәрбиемен сусындату керектігін баса айтты. Сондай-ақ, білім мен тәрбие беруде ұстаздардың жауапкершілігі жоғары екендігін тілге тиек етіп, ұрпақ тәрбиесіне атүсті қарамауға шақырды.
Жиын барысында Бейқұт Тілепалдыұлы техникалық білім беру, орта білім және мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ісіне де кеңінен тоқталды.
Ал жиынға қатысып отырған мұғалімдер бірауыздан Жолдауды қолдайтындықтарын айтып, мемлекеттің дамуы жолында аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close