Basty bet
Менің атым…
Менің атым…
(Ей, тәкаппар, дүние,
Маған да бір қарашы.
Танимысың, сен мені?
Мен – қазақтың баласы!).
Қасым Аманжолов.
Сол бір жылы ақ қары мол қаңтарда,
Алай-дүлей боран соғып ақ таңда.
Сол ақ боран басылыпты сәскеде,
Мен іңгәлап дүние есігін ашқанда…
Көрші-қолаң қуанышқа жиылып,
Тәуба айтысып, бір Аллаға сыйынып.
…Борандатып дүниеге келді ұл,
Депті лайық, бір есімді қояйық.
Ат қоюға кеңескенде балаға,
Бір әжеміз сөз алыпты ортада.
«Бүгін қасиетті күн жұма» деп,
Бала есімі болсын депті Жұмабек.
Екі күн өтіп, үшінші күн болғанда,
Үйге кепті жолдасымен қария.
«Балаға ат қойдыңдар ма» деп сұрап,
«Бауы берік болсын!» айтып Анама.
Дастарханнан түйір нан ап қолына,
Ойлы жүзбен баяу сөйлеп қария.
Бай да болсын, бек те болсын ер жетсін,
Бәрі-бәрі депті Алланың қолында!!!
Қиын күндер тұрмайды біл, орнында,
Денсаулық пен ғұмыр сұра ұлыңа.
Тәрбиелі, көргенді ұл боп ер жетсін,
Ақ ниет пен рәтін тек көрсетсін…
«Құлақ салсаң, қарағым менің сөзіме,
Жұма күні келер талай нәресте».
Қолын жайып берген екен батасын,
«Рәтбек» деген есім бер деп сәбиге.
Дастарханда айтылған сөз себеп боп,
Ұмыт бопты алғашқы есім – Жұмабек.
Қарияның ақ батасы қабыл боп,
Содан бері атым менің – РӘТБЕК!!!
Табиғаттың көркі – гүл!
(Біздің кездің дәстүрі бөлек еді…)
Наурыз айы келгенде жарты әлемге,
Көктем күн сәуле шашар жер бетіне.
Қыз-келіншек нұр жиып жүздеріне,
Жадырап наурыз айдың сегізінде.
Гүл күткен нәзік жанның көзінде нұр,
Гүлдер көп кең далада нешеме өмір.
Тым ерте мезгілінен үзілер құр,
Жайқалған жазығы жоқ бейшара гүл.
Халық едік ежелден қыз сыйлаған,
Сақина, білезік пен сырға таққан.
Кітап пенен қаламсап сыйға беріп,
Төсінен даламыздың гүл жұлмаған.
Ұяңдық тән қасиет қыз балаға,
Көшеге қыз шықпаған бейуақытта.
Мектепте мереке күн қыздарға біз.
Ұсындық тілек жазып «открытка».
Хақымыз жоқ жастарды тым шектеуге,
Не дейміз, өссе еліктеп өзге елге?
Нәзік деп, қараймыз біз қыз бен гүлге,
Гүл үзу болмаған соң біздің кезде.
Содан шығар
Гүл сыйлап көргенім жоқ әлі күнге,
Соңғы кез еліктегіш болдық неге?
Сыйлыққа лайық деп, гүл ізетке,
Санамыз түзелмесе ғажап емес.
Гүл құшақтап…
баруымыз бек бейітке,
Жаңа ғасыр ата жолын өзгертті.
Мирас болған салтымыз бен дәстүрді.
Дәлелі сол бізге дейін болмаған.
Қарттар менен жетімдердің үйлері.
Шарананы туып тастап далаға,
Ет өліп, бұл жайға да көз үйренді.
Намыссыз, жігерсіздік танытса…
Әр отбасы өз ұлын мақтан қылар,
Өскенде азамат боп, ел қорғаса.
Жігіттің ар-намысы сонда сынар,
Тізерлеп қыз алдында гүл ұсынса.
Ез боларын кім ойлар, өз баласын,
Көзіңмен көрген кезде таң қаласың.
Кім үшін, не үшін тағады екен,
Құлағының түбіне сән сырғасын.
Озығы осы дей ме бұл ғасырдың,
Әр түссе бояп жүр-ау қара шашын.
Күйе жаққан ұлтына «Қызтекелер»,
Сәнді боп, домалатпас өрге тасын.
Жігіттің болғаны жөн, ер мінезді,
Бір сөзді азаматты жігіт деген.
Намыссыз, жігерсіздік танытса ұл,
Біздің қазақ ондайды «мігіт» деген.
Таңғы шапақ
Бүгін неге, ояндым ертерек мен,
Не сұрамақ, ала таң мына менен?
Таза ауа, ғажап көрініс керемет қой,
Алыстан естілгендей таныс әуен.
Мезгілдің төресіндей көркем көктем,
Салқынға тітіркеніп тұрды денем.
Қараймын көкжиекке үмітпенен,
Көрініп қалардай-ақ күткен бейнем…
Сағыныш осы ма әлде ой тербеген,
Әлі де төңірекке қарай берем,
Тербеді жан дүниемді бір хош иіс,
Қырдағы жусан, жуа иісі мекен.
Көктем бұл тау мен дала жота әсем,
Ағады арнасына сыймай өзен.
Көркіне табиғаттың жан сүйсініп,
Санамда өрілді кеп жаңа өлең.
Жалғыздықтан қорықпа…
Уақыт жетіп, бұл фәниден өткенде,
Есебің бар, бақилыққа жеткенде.
Тәубаға кел, күн ұзарып батқанда,
Шүкір дегін, таңның жүзін көргенде.
Тәкәппар боп жүргенімен біреулер,
Олардың да бастарында бар қайғы.
Жалғыз көрсең, мынау жалғыз демегін,
Жалғыздықты ешкім сұрап алмайды.
Танымасты сыйламас деп ойлама,
Ғұмыр қысқа, өте шығар жалғанда.
Парыз саған сәлем беру қашанда,
Туыс-бауыр, көршілерге әр жанға.
Жалғыздыққа көндіге бер өзің де,
Мансап, байлық артта қалар дүние.
Бауыр, туыс, елің-жұртың бәрі де,
Қалар артта шығарып сап көріңе…
Келіп, кетер пендеміз біз жалғанға,
Бұл фәниден кетейін деп тарықпа.
Ата-баба кеткен сүрлеу, қайту жоқ,
Сондықтан да жалғыздықтан қорықпа.
Ой-санам өшірмеді… есіміңді…
Куә ғой өткен күнге өскен орта табиғат,
Қызығы мол сағынышты жастық шақ.
Ойда шуақ, бойда қуат албырт шақ,
Бейкүнә пәк, сол алғашқы махабат.
Қиял жүйрік, шыңға самғап өткенге,
Санамда тұр аққұба қыз әлі де.
Сүйгенімді білмеді ғой қыз бірақ,
«Ұнатам» деп, айта алмадым кезінде.
Жүрегімде тербелгенде махаббат,
Төңірегім кеткендей-ақ, жадырап.
Кездескенде тіл қата алмай мүдіргем,
Бір тылсым күш тұрғандай-ақ бақылап
Айтар сөзді жеткізе алмай жалтақтап.
Күн мен ай да сәулелерін қоспаған.
Мақпал түндер ләззат сырын ашпаған
Тұмарлы ойды куә еткенмен талай жан
Ғашықтар жоқ мен білетін қосылған
Сақтап жүрмін күнтізбелік кестені,
Бұл күндері соның бәрі ескірді.
Бірақ жүрек есіміңді жүр сақтап,
Махаббаттың құдіретін мойындап,
Есімде әлі кездескенде тосыннан,
Жан баураған күлімдеген көздерің.
Батылдықпен ұстап едім қолыңнан,
Салқын екен саусағың мен білегің.
Басылып қалғандай-ақ көңіл ынтық.
Алып-ұшқан көңілім жүдеңкіреп.
«Қолым салқын болса да жүрек ыстық»,
Деп маған тіл қатып ең күлімсіреп.
Жылдар, жылдар…
Артта қап содан бері,
Санама сақтап келдім нұр бейнеңді,
Қанша қыз таласса да жүрегіме,
Ой-санам өшірмеді… есіміңді…
Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін
Өткен заман қариялар есінде,
Құлып пен кілт болмайтын есікте.
…Қақпадан адам түгіл, ит өтпейді.
Тоқшылық адамзатты өзгертті ме?
Жасырғандай өзгеден әлденені,
Бекітеміз есік пен терезені.
Анадан бірге туған аға-іні,
Бірін-бірі сағынып іздемейді.
Есепке алғандай бір бергендерін,
Күнде көріп жүретін іргеңізде.
Бәрі бар жеткілікті дегендейін,
Шақырмасаң келмейді көршіңізде.
Тәкәппар болдық па әлде тоқшылыққа,
(Жоқ кезде ас болған ед быламық та).
Бір кезде алтынан да қымбат болған,
Жерге түсіп жатпасын бір үзім нан.
Қадірімді алма деп, бұл жалғанда,
Адамдар «Шүкір» деген әр таңына.
Тойғанда тоба қылған дәм-асына,
Бас ием, сол заманның адамына!
Бұл күнде бәрі де бар дүкендерде,
Газ жанып, су ағып тұр әрбір үйде.
Бірақ.. есіктен аттамайды екі кісі,
Төрт кісі отырмайды төрімізде.
Тоқшылық не дегізбес жас, кәріге,
Танымасақ бергізбес сәлемді де.
Кенжелеп кетпесін тек мейір, ниет,
Ұрпаққа қалдырайық ізгі өсиет.
Жас келді жаға жақын, жиектемін,
Алланың әр күніне шүкір деймін.
Бейбіт күннің қадірін жастар білсін,
Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін…
Боларын айтып кеткен Ванга әулие
Неше түрлі апаттың кесірінен,
Тіршілік жойылуда жер бетінен.
Көйлек көк, тамақ тоқ боп жүргесін.
Алшақтап кетпейік тек мейірімнен.
Таң атып, күн батуда баяғыдай,
Жаяулап жол жүрмейміз бұрынғыдай.
Мінгенде туыс-бауыр, көрші көлігіне,
Теңгеге телмірттірген заманым-ай…
Торлатпасын жер мен көпті түн-түнек,
Бейбіт күнді шарпымасын қасірет.
Арайланған таңымызға шүкір деп,
Жүрейік біз,
Жер бетіне тыныштықты тілеп тек.
Өрт, зілзала, су тасқын жер бетінде,
Қасірет келер көптеп көліктен де.
Апаттың неше түрі болатынын,
Ескертіп айтып кеткен Ванга әулие.
Ар-намысты сақтайтын
Әйел ана – ардақты жан қоғамда,
Ана – ұлық, ана биік қашанда.
Ұлтты өсіріп сақтайтын да аналар,
Ұрпақтарын жалғастырар ғасырға.
Халықпыз біз қыз өсірген құрметтеп,
Үйіміз бен еліміздің көркі деп.
Кей ерке қыз осы екен деп еркіндік,
Белін ашып, көрсетіп жүр кіндігін…
Шашын қиып, қолдан жасап кірпікті.
Бетке өзгертіп, ісіндіріп ерінді.
Түрлі түске бояп шаш пен тырнақты,
Аналардың әдеп жолын ұмытты.
Әуелден-ақ қыздар нәзік, әдемі,
Сұлулық сол, Жаратқанның бергені.
Еліктегіш, аңғал, аңқау қыздардың,
Сау бетіне ине салып не еткені…
Бәлкім әлде әуес көріп қызықтың,
Еліктіңдер модасына өзге ұлттың.
Сендерсіңдер сақтайтын да, жалғайтын,
Салт-дәстүрін, ар-намысын қазақтың!
Рәтбек ҚАСЫМБЕКТЕГІ,
ардагер ұстаз,
«Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері.
Нұрлыкент ауылы