Basty bet

Қылқалам құдіреті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ.
Әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды. Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды, өзекті мәселесі – туған жерге деген махаббат.

Расында, өзінің туған жерінің, туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Міне, патриотизм дегеніміз туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады.
Осы ретте бүгін біз ертайлық сурет өнерінің шебері, қолөнерші, туған жерінің гүлденуі жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаз Расылхан Жаманқұлов туралы әңгімелейтін боламыз.
Расылхан Жаманқұлов 1985 жылы ауданға қарасты Ертай ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы №18 Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептің түлегі. Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша тамамдаған.
Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң, Тараз қаласындағы №50 Ә.Жолдасбеков атындағы орта мектепте мамандығы бойынша бір жылдай жұмыс істейді. Содан 2010 жылы туған жеріне қайта оралып, №18 М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Дәл осы жылы Арайлым Кипралиевамен отау құрады.
Бүгінде Расылхан Жаманқұловтың көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып жүргеніне 12 жылдай уақыт болды. «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» демекші, Расылханға суретшілік пен қолөнершілік қасиет нағашы жұртынан дарыған көрінеді. Одан бөлек, атасы Жаманқұл да өз заманында өнерге жақын жан болған.
Расылхан Жаманқұловтың суреттері көрер көзге ерекше көркем көрінеді. Алайда көркем туындыны тудыру оңай емес, өте күрделі жұмыс. Бірақ, соған қарамастан басты кейіпкеріміз салған суретінен айрықша ләззат алады. Қиялына ерік берген сайын жаны рахаттанып, демалып қалады. Суретшінің айтуынша, әрбір жұмысы өзінің ерекшелігіне сай түрлі деңгейде күрделі.
– Сурет салуға шабытым мектеп қабырғасында жүргенде ашылды. Оқушы кезімнен бастап сурет салуға әуес болдым. Телефон, интернет болмады. Сол кездері кітаптағы суреттерді сызу арқылы суретке деген сезімім оянды. Кейін табиғатты, жан-жануарларды және айналамдағы дүниелерді сыза бастадым. Көбінде пейзаж жанрында сурет саламын. Алғашқы портрет туындым даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының суреті.
Бір туындыны салып бітіруге шамамен бір аптадай уақыт кетеді. Кейбір үлкен суреттер бір айға жуық уақыт алуы мүмкін. Кейбір туындыны күн демей, түн демей салған кездерім де болды.
Әркім өзінің қалауы бойынша мамандық таңдаған дұрыс деп ойлаймын. Мен суретші боламын деп мақсат қойдым. Бұл менің таңдаған жолым, – дейді Расылхан Ділдәбекұлы.
Сурет салумен қатар қолөнермен айналысқанды да жақсы көретін Расылхан жан-жануарлардың, жылқы малының, қыран құстардың мүсіндерін ағаштан ойып жасағанды ұнатады. Сонымен қатар, қамшы, ер тұқым секілді ат әбзелдерін де жасайды. Ендігі мақсаты – болашақта Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелігіне қабылдану. Ол өмірде институтта сабақ берген, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Болат Құсайынов, Айжан Ыбыраева және аудандағы №1 Балалар өнер мектебінің суретшісі Қанат Мұратаевтан үлгі алады.
Еңбегіне қарай марапаттары да жетерлік. Ол аудандық, облыстық бірнеше көрмелер мен байқауларда топ жарып жүр. Оның ішінде 2010 жылы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған аудандық «Батырдың өшпес бейнесі» атты қылқалам шеберлерінің байқауында көрсеткен үздік өнері үшін I орын алған. Сонымен қатар, 2020 жылы Б.Момышұлының 110 жылдығына орай ұйымдастырылған «Батырлар – ұлт мақтанышы» аудандық қолөнер шеберлерінің байқауында II орынды қанжығасына салған.
Шәкірттері де байқаулардан құр алақан қайтқан емес. Аудандық, облыстық суретшілер және қолөнершілер байқауларында бірінші, екінші дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Қазіргі таңда Расылхан Жаманқұлов жары Арайлыммен бірге үш ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Дулат 5-сынып, екінші қызы Қарақат 3-сынып, Нұртілеу 1-сыныпта оқиды. Ал, кенже ұлы Ерқанат бір жарым жаста.
Иә, Расылхан Жаманқұлов сынды суретшілік пен қолөнершілікті жанына серік еткен жандарды көпке үлгі ету – парызымыз деп білеміз.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close